600 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағының көмегімен баспана мәселесін шешті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның 273 мыңнан астам азаматы зейнетақы қорындағы жинақты қолдана отырып баспана сатып алды. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20 мамырдағы мәліметке сәйкес, 273 396 адам зейнетақы қорындағы жинақты қолдана отырып тұрғын үй сатып алды. 169 158 адам зейнетақы жинағын «Отбасы банкіндегі» депозитіне аударды. Аталған азаматтар депозитті одан әрі толтыра отырып, алдағы уақытта баспанаға қол жеткізбек. Сонымен қатар 90 880 клиент ипотекалық займдарын толықтай немесе жекелей өтеді. Бұл санаттағы азаматтар да берешегін зейнетақы жинағының көмегімен өтеп отыр»,- деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Жоғарыда аталған мәліметтер тек «Отбасы банкіне» қатысты.

«Одан бөлек, 52 651 қазақстандық біздің банк арқылы басқа банктердегі тұрғын үй ипотекасын мерзімінен бұрын немесе жекелей жапты. Біз барлық банкпен келісімге қол қойғанбыз. Осылайша 600 мыңнан астам азамат зейнетақы жинағын қолдана отырып баспана мәселесін шешті», - дейді ол.

Бұған дейін аталған ведомство басшысы 3 мың қазақстандыққа жалдамалы баспана үшін субсидия беру мақұлданғанын айтты.

Бүгінде елімізде 608 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаж.


Соңғы жаңалықтар