600 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағының көмегімен баспана мәселесін шешті
2022 жылғы 24 мамыр 16:49

600 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағының көмегімен баспана мәселесін шешті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның 273 мыңнан астам азаматы зейнетақы қорындағы жинақты қолдана отырып баспана сатып алды. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20 мамырдағы мәліметке сәйкес, 273 396 адам зейнетақы қорындағы жинақты қолдана отырып тұрғын үй сатып алды. 169 158 адам зейнетақы жинағын «Отбасы банкіндегі» депозитіне аударды. Аталған азаматтар депозитті одан әрі толтыра отырып, алдағы уақытта баспанаға қол жеткізбек. Сонымен қатар 90 880 клиент ипотекалық займдарын толықтай немесе жекелей өтеді. Бұл санаттағы азаматтар да берешегін зейнетақы жинағының көмегімен өтеп отыр»,- деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Жоғарыда аталған мәліметтер тек «Отбасы банкіне» қатысты.

«Одан бөлек, 52 651 қазақстандық біздің банк арқылы басқа банктердегі тұрғын үй ипотекасын мерзімінен бұрын немесе жекелей жапты. Біз барлық банкпен келісімге қол қойғанбыз. Осылайша 600 мыңнан астам азамат зейнетақы жинағын қолдана отырып баспана мәселесін шешті», - дейді ол.

Бұған дейін аталған ведомство басшысы 3 мың қазақстандыққа жалдамалы баспана үшін субсидия беру мақұлданғанын айтты.

Бүгінде елімізде 608 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаж.


Ұқсас жаңалықтар
Қанша қазақстандық зейнетақы жинағын баспана мен емге жұмсаған
2022 жылғы 8 тамыз 19:36

Қанша қазақстандық зейнетақы жинағын баспана мен емге жұмсаған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1,7 млн астам қазақстандық зейнетақы жинақтарын баспана алуға және емделуге жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі БЖЗҚ сайтына сілтеме жасап.

«1 тамыздағы жағдай бойынша, зейнетақы қаражаты есебінен тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 1 328 015 өтініш орындалды. Бұл мақсатта азаматтардың шоттарына жалпы соммасы 3,1 трлн теңгеден асатын қаржы аударылды. Әр азаматқа берілген зейнетақы қаражатының орташа соммасы – 2,4 млн теңге», - делніген БЖЗҚ хабарламасында.

Сонымен қатар, 380 мыңнан астам қазақстандық емделу үшін зейнетақы жинақтарын жұмсаған.

«БЖЗҚ емделу үшін берілген 388 824 азаматтың өтінішін қарап, оларға жалпы соммасы 302,5 млрд теңге аударды. Орта есеппен әр азамат 800 мың теңге алды», - деп мәлім етті Қордың баспасөз қызметінен.

Зейнетақы қорының мәліметінше, аударылған ақшаны пайдаланбаған тұрғындар да аз емес. Мәселен, «Отбасы банкіне» аударылған 31,3 млрд теңге белгіленген мерзім ішінде пайдаланылмай, кері қайтарылған.


Үкімет қолжетімді баспана құрылысының жаңа механизмін әзірлеп жатыр
2022 жылғы 1 тамыз 15:58

Үкімет қолжетімді баспана құрылысының жаңа механизмін әзірлеп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын әлеуметтік тұрғын үйлердің конкурстық процедуралары оңтайландырылмақ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы халықты қолжетімді баспанамен қамтып, әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін офтейк-келісімшарттар («кілтімен сатып алу») арқылы кредиттік баспана салып, оны мұқтаж азаматтарға 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бағасымен сатып әперу механизмін енгізуді тапсырған болатын. Аталған механизмді іске асыру үшін «Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының аясында Үкіметтің қорытындысы әзірленіп жатыр. Ол қорытынды Бюджет кодексіне техникалық тұрғыда күрделі емес нысандар салуға қойылатын шектеулерді алып тастайтын түзетулер енгізуді көздейді. Бұл түзетулер «кілтімен берілетін» нысандарды бір ұйымның жобалап, салуына мүмкіндік беретін бір конкурстың аясында офтейк-келісімшарт жасауға мүмкіндік береді», - деп жазылған вице-премьердің жауабында .

Оның пайымынша, осының арқасында тұрғын үй салушылардың қолжетімді баспана жобаларын іске асыруға қызығушылығы артпақ. Конкурс жарияланған кезде техникалық ерекшеліктерімен бірге қажетті пәтерлердің өлшемдері мен саны көрсетіледі. Сондай-ақ, жер телімі мен жобалық-сметалық құжаттаманың, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны бірге есептелген жалпы сомасы көрсетіледі.

Сонымен бірге, құрылыстың сапасы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Е-Құрылыс» жүйесі кезең-кезеңмен іске қосылады.

«Жалпы, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әлеуметтік кредиттік баспана құрылысын 1 шаршы метрге 290 мың теңге көлемінде, сондай-ақ жеке меншік құрылыс компанияларын ынталандыру кезінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын 1 шаршы метріне 310 мың теңгеге дейін қаржыландыру көзделген.

Бүгінгі мемлекеттік сатып алудың моделі инженерлік-комуникациялық инфрақұрылым нысандарын жобалау бойынша жеке баспана мен әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы бойынша жеке конкурс жүргізуді қажет ететінін айту керек. Бұл конкурс процедураларын ұзартып, нысандардың қолданысқа беру мерзімін кешіктіреді», - делінген жауапта.

Еске салсақ, Қазақстанда жаңа тұрғын үй саясаты іске асырыла бастады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT