600 мың мүшесі бар кәсіподақ ұйымы референдумға белсенді қатысады – кәсіподақ басшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы референдум алдындағы түсіндіру жұмыстарын қорытындылап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрамында 600 мыңға жуық мүшесі бар кәсіподақ ұйымы референдумға байланысты түсіндірме жұмыстарын қорытындылап жатыр. Бұл туралы ұйымның төрағасы Айгүл Мұқашева айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 5 маусым күні Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткізіледі. Мемлекет Басшысының Жаңа Қазақстанды құру идеясының Референдум өткізуден бастау алуы тарихи оқиға, маңызды сәт. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы құрамындағы ең ірі салалық ұйым – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Президент бастамасын жан-жақты қолдайды. Жүз жылға жуық даму тарихы бар біздің ұйым азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі ретінде еліміздің маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларына белсенді қатысады», - дейді кәсіподақ басшысы.

Айтуынша, бүкіл өңірлерде кәсіподақ мүшелері арасында референдумның мақсаты мен міндетін түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

«Ата заңымызға ұсынылып отырған өзгерістер халықтың көп жылғы талап-тілектерінен туындайтын тарихи шешімдер екені анық.

Бұл реформалар мемлекетті басқару ісінде кең мүмкіндіктерге, тұрмысымызды жақсартуға, өзіміздің өмірімізді жаңартуға жол ашады. Болашағымызды жаңа бетбұрысқа бастайтын маңызды шараға санаулы күн ғана қалды. Ел мүддесі үшін айрықша шешімдер қабылданатын кезеңге бей-жай қарамай, барша қазақстандықтар референдумға белсенді қатысады деп сенемін», - дейді Айгүл Мұқашева.

Айта кетейік, бүгін Президент референдумға орай бейнеүндеу жолдайды.


Соңғы жаңалықтар