60 жыл ұстаздық еткен Сандуғаш Долданқызы: Ешқашан оқушыға дауыс көтерген емеспін

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Сандуғаш Долданқызы оқушыларының жүрегінен ойып тұрып орын алған қадірлі ұстаз. 60 жылға жуық ғұмырын саналы ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанған. ҚазАқпарат тілшісі Ұстаздар күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының тумасын әңгімеге тартты.

- Сандуғаш Долданқызы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Әңгімемізді өзіңіз білім нәрімен сусындаған мектептен бастасақ.

- Ақжар ауылында жеті жылдық орта мектепті тәмамдадым. Сол кезде тоғыз жылдық мектеп болмаған. Одан кейін Қызылордадағы педагогикалық училищеге түстім. Небәрі 13 жастамын. Арман қуып оңтүстік өңірге келдім. Алдым «тұман», артым күмән болды. Орыс тілінен бейхабармын, жат өлкеде құшақ жайып күтіп отырған ешкімім жоқ. Десе де бойымдағы білімге сенімді едім. Қайда барарымды, қай тұста аялдарымды бір бет параққа түртіп алып, қажет мекен-жайларды жаздым. Қалтамда – 40 сом. Сол ақшаны ауылда жер үйлер салына бастағанда ер адамдармен қатарласа кірпіш құйып жүріп таптым.

Әуел баста жол-пұлымды төлей алмай қиналып кеттім. Ақыры училищедегі қызметкерлерге жағдайымды айтып, «бір жұмыс тапсырсаңыздар орындауға әзірмін» дедім. Сөйтіп олар маған жұмыс тауып берді. «Сен мына парталарды сырла» деп, жұмысыма қарай тиын-тебендерін төледі. Сол ақшаға көйлегімді, киім-кешегімді сатып алдым. Оқу жылы басталғанда жатақханадағы жататын жеріміз, тамағымыз тегін болды. Үш жылда білім ошағын қызыл дипломмен аяқтап, мектепке дейінгі білім беру мамандығын алып шықтым.

- Жарты ғасырдан асатын жұмыс өтіліңіз қалай басталды ?

- 1962 жылы 15 тамыз күні Ақжардағы аудандық оқу бөлімінен шақырту түсті. Сөйтіп оқу бөлімінің басшысы Алексей Кравцовпен жолықтым. Төбеден төніп түскен ұсынысты естігенде абдырап қалдым. Оның «Андреев бастауыш мектебіне директор болып барасың» дейтіні үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Осылайша, еңбек жолым бастауыш мектебінің тізгінін ұстаудан басталды. Балаларға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп те жүрдім.

30 жыл жөндеу көрмеген сол мектептің еденін қопартқызып, аудандық оқу бөлімінің қызметкерлеріне көмек беруге қолқа салдым. Әлі 18-ге де толмаған жаспын. Өзімнен едәуір ересек қызметкерлердің қыр-соңынан қалмай ақыры дегеніме жеттім. Жеті ай өткен соң аудандық комсомол комитетіне қызметке шақыртылдым. Ісімнің ілгерілей түсуі осы кезден басталды. Араға 11 ай салып лауазымым да жоғарылай түсті. Жоғарғы Кеңес өткізген жиындарға да жиі қатысатынмын. Содан кейін Ахметбұлақ ауылындағы мектепке оқу ісінің меңгерушісі қызметінде кірістім. Оған қоса маған Әйелдер кеңесін басқару жүктелген-тұғын.

- Ол жылдары ұстаз тапшылығы болған шығар ?

- Болғанда қандай. Бірде мені аудандық комитет шешімімен оқу бөліміне қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдеріне методикалық көмек беретін әдіскер етіп тағайындады. Осы жерде табан аудармай тоғыз жыл қызметте болдым. Еңбек демалысы кезінде Покровка ауылында тәрбиеші болып жүргенімде облыстық, аудандық атқару комитетінің өкілдері арнайы іздеп келіпті. Сөйтсем, маман жетпей жатқанда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Александр Протозанов «кадрды шұғыл тауып келіңдер!» деп қарамағындағыларға дүрсе қоя берген екен. Олар мені қоярда-қоймай көндіріп алып кетіп, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қазақ тілі мен әдебиет кабинетіне меңгеруші етіп бекітті. Алда – мұғалімдердің білімін көтеру, ұстаздар даярлау міндеті тұрды. Осылайша, аудандарды аралап, дамылсыз еңбек еттік.

- Ең мықты шәкіртім деп кімді айтар едіңіз ?

- Құдайға шүкір, оқушыларымның арасында республикаға танымал болғандар аз емес. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Түсіпхан Түсіпбеков пен белгілі айтыскер ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Абаш Кәкенов бар.

- Бірегей педагог, «Қазақтың Маресьеві» атанған Құмаш Нұрғалиевке «Халық мұғалімі» атағының берілуіне үлес қосқаныңызды естідік. Сол жайлы айтып берсеңіз.

- Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, екі аяқ, бір қолынан айырылған өжет жанға «Халық мұғалімі» атағын берерде тиісті жұмыстарды реттеуді облыстық партия комитеті маған жүктеді. Боран ауылындағы мектепке барарда «Сіз абай болыңыз, ол кісіге қарсы шығатын адамдар коллектив ішінен табылады. Сондықтан әр сөзіңізді аңдап айтқаныңыз жөн» деп кеңес айтқандар болды. Сөйтсем, Құмаш Нұрғалиевке сол атақты беруге бәзбіреулер кедергі болып, үстінен арыз жазған екен. Негізі мұны Александр Протозанов тексеруге тиіс-тін. Алайда ол тапсырма маған тапсырылды.

Барып келген сапарымнан соң менің артымнан ешқандай арыз жазылмауы тиіс. Сол кездегі Боран мектебінің директоры Құмаш Нұрғалиевке арыз жазғандар қандай да бір себептермен директорлық қызметтерінен алынып тасталған жандар болып шықты. Бір жақта Құмаш аға, бір жағынан облыстық партия комитеті… Екі оттың ортасына түспеу қамымен түні бойы бас қатырдым. Ақыр соңында арыз жазған төртеу жайлы анық-қанығын біліп, жиып алып мектеп залында бас қостым. Қағаз жүзінде қазақ тілін тексеруге барып, іс жүзінде арыз мәселесіне үңілу үшін атізін салдым. Біртіндеп сөз бастай келе мәселені төтесінен қойып қалдым. Ешкім тырп ете алмады, себебі сүйеніш болар шындықтың ауылы алыстап кеткен еді. Әрбірінің олқылығын жіпке тізе отырып, берген қағаздың сыртына «енді ешқайда қайталап хат жазбаймын» дегізіп, соңынан қолдарын қойдырдым. Міне, осыдан кейін Құмаш Нұрғалиевке «Халық мұғалімі» атағы берілді.

- Жақсы ұстаз болудың құпиясы неде ?

- 58 жыл ғұмырымды ұстаздыққа арнадым. Сабақ барысын қорыта алмаған оқушыға ешқашан зекіп көрген емеспін. Ондай әрекет баланың меселін қайтарып, жігерін құм қылады. Менің ойымша, мұғалім әрдайым сабырлы, салмақты болуы тиіс. Құдайға шүкір, еңбегім елеусіз қалмады. «Қазақстанның Құрметті азаматы», «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» және «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атандым.

33 жыл отасқан жарымның есімі – Мұрат Қадырбеков. Қызым Гауһардан қылығы тәтті Мұрат, Руслан, Әминә есімді немерелерімнің қызығын көріп жатырмын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар