6 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

None
None
АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 6 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

6 шілде, Жұма

Қазақстанның астанасы - Астана күні. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-ында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы мамырдың 6-ында Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап шілденің 6-ы елорда күні ретінде атап өтіледі.

Комор Аралдары Федеративтік Ислам Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік жарияланған күні (1975). Комор - Үнді мұхитының Мозамбик бұғазындағы аралдар тобында орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 4 округке бөлінеді. Астанасы - Морони қаласы. Ресми тілі - француз және араб тілдері. Ақша бірлігі - комор франкі. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы бір палаталы парламент.

Малави Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1964). Малави - Оңтүстік Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Танзаниямен, батысында Замбиямен, оңтүстігі мен шығысында Мозамбикпен шектеседі. Астанасы - Лилонгве қаласы. Ресми тілі - ағылшын және ньянджа тілдері. Ақша бірлігі - квача. Конституциясы бойынша мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық жиналыс.

Ян Густы еске алу күні (Чехия). 590 жыл бұрын (1415) Констанцыдағы шіркеу соборының шешімімен чех реформаторы Ян Гус инквизиция отына өртелді. Прага университетінің ректоры болған, ол өз елін немістердің баса-көктеп билеуіне, католик дінінің ықпалының артуына қарсы шыққан еді.

Бүкіләлемдік сүйісу (өбісу) күні. Аталмыш күнді алғаш ағылшындар ойлап шығарған. Кейінірек ол Біріккен Ұлттар Ұйымымен бекітілген. Дәрігерлердің пікірінше сүйісудің адам баласы үшін пайдалы жақтары өте мол. Медициналық сараптамалардың қортындысына қарағанда өбісу сәтінде адамның қан айналымы жақсарып, өмір сүруінің ұзаруына әсер етеді екен.

РФ Әскери-теңіз флотының күні. Шілде айының бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Орал, Целиноград, Шымкент облыстарының және Целиноград қалаларының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» қаулысы қабылданды.

18 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президенттің ел астанасын Алматыдан Астанаға көшіру жөніндегі ұсынысын мақұлдау жөнінде қаулы қабылдады.

17 жыл бұрын (1995) Өзбекстанда Абай күндері басталды.

15 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев атымен аталған жұлдыз Швейцариядағы Халықаралық жұлдыздарды тіркеу жинағына тіркелді және АҚШ Астрономиялық жинағына енгізілді.

14 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияға қол қойылды.

 12 жыл бұрын (2000) Қазақстанның Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Тәжікстанның «Исмоили Самони» ордені тапсырылды.

12 жыл бұрын (2000) Астанада Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры ашылды.

11 жыл бұрын (2001) Астанада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті негізінде «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрылды.

8 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның инвестициялық қоры туралы» Заңға қол қойды.

6 жыл бұрын (2006) Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің қолдауымен Варшава қаласының мэриясы мен қалалық кеңесі Варшаваның орталығындағы көшелердің біріне «Қазақ» атауын беру туралы бірауыздан шешім қабылдады. Бұл көше корольдік жазғы резиденция мен Еуропаға танымал Виланов саябағы, сондай-ақ Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі қоныс тепкен Виланов ауданында орналасқан.

18 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен ақын М.Әлімбаевқа «Қазақстанның халық жазушысы», актер Д.Жолжақсыновқа және кинооператор Е.Тынышбаевқа «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атақтары берілді.

13 жыл бұрын (1999) жапондық «Хонда» компаниясы ең үнемді автомобиль жасап шығарғандығын жариялады.

7 жыл бұрын (2005) елорданың «Синема Сити» кинотеатрында қазақ кинопрокаты тарихындағы ең ірі жоба «Көшпенділер» фильмінің тұсаукесері болды.

XVIII ғасырдағы қазақ пен жоңғар арасындағы шайқасты өзек еткен фильмнің мәні мен мазмұны және оның ұлтымыз тарихындағы орны туралы айтып өтті. Түсірілімге 25 елден мамандар шақыртылды. Түсіру тобының құрамында 350 адам жұмыс істеді, оның 160 шетел азаматтары. Арнайы фильм үшін соғысқа жарамсыз 13 мың қару-жарақ, жоңғарлар мен қазақтарға 15 мың шатыр, ұлттық киімдер және тұрмыстық заттар дайындалды. Фильмнің режиссері - Талғат Теменов.

«Көшпенділерде» қазақ киноматография саласының аңызға айналған актерлерінен басқа, Голливуд жұлдыздары Марк Дакаскос, Джейсон Скотт Ли, Эрик Норрис түскен.

5 жыл бұрын (2007) Алматыдағы «Рабочий поселок» шағын ауданында 1700 орындық Райымбек батыр атындағы жаңа мешіттің іргетасын қалау рәсімі болып өтті. Ізгілікті бұл шараға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлімен қатар Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жалпы аумағы 16 гектар жерді алып жатыр.

3 жыл бұрын (2009) «Атамекен» мемориалды кешенінің аумағы Мемлекеттік рәміздер алаңы болып өзгертілді.

3 жыл бұрын (2009) Құмкөл даласында «Торғай Петролеум» мұнай компаниясының күшімен сұйытылған газ дайындайтын зауыт іске қосылды.

Зауыт жылына 68 мың тонна сұйытылған газ, конденсат, 105 млн. текше метр құрғақ газ өндіреді.

ЕСІМДЕР

72 жыл бұрын (1940) - мемлекет қайраткері. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Жоғары Әскери Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы, экономика ғылымдарымың докторы, профессор, көптеген ТМД, шетел университеттері мен институттарының академигі және құрметті профессоры, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, көптеген ТМД, шетел университеттері мен институттарының академигі және құрметті профессоры НАЗАРБАЕВ Нұрсұлтан Әбішұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Днепродзержинск техникалық училищесін, Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын, Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетіне қарасты Жоғары партия мектебін бiтiрген.

1960-1969 жылдары Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді. 1969-1973 жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарған. 1973-1977 жылдары - Қарағанды металлургия комбинаты партия комитетінің хатшысы. 1977-1979 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 2-хатшысы. 1979-1984 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы. 1984-1989 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы. 1989-1991 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бiрiншi хатшысы. 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң төрағасы болды. 1990 жылдың сәуірінен - Қазақстан Республикасының Президенті.

1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен (98,7%) жеңіске жетті.

1995 жылдың 29 сәуірінде жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды.

1999 жылдың 10 қаңтарында өткен жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесiнде Н. Назарбаев 79,78% дауыс алып, Қазақстан Республикасы Президентi болып қайта сайланды.

2005 жылдың 4 желтоқсанында сайлаушылардың 91,5 пайыз дауысын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланған.

2011 жылдың 3 сәуірінде сайлаушылардың 95,5 пайыз дауысын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта  сайланды.

1981-1986 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясының Тексеру комиссиясының мүшесі, 1986-1991 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, 1990-1991 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, 1990-1991 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Федерация кеңесінің мүшесі, 1991 жылы Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Қауіпсіздік кеңесі мен Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі. Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Жоғарғы Кеңесінің Х-ХІ шақырылымының депутаты, 1989-1991 жылдары - Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Халық депутаты болған. 1999 жылдың наурыз айынан «Отан» (Отчизна) партиясының төрағасы, 2006 жылдың желтоқсан айынан «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы.

Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларус ғылым академиясының құрметті мүшесі. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, сондай-ақ, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының достығы қорының құрметті төрағасы ретінде халқының этникалық құрамы сан алуан елде ұлтаралық келісім мен әлеуметтік байсалдылық ахуалды орнықтырып, ұлан-байтақ Еуразия кеңістігінде, күллі әлемде бейбітшілік пен татулықты сақтауға, халықаралық экономикалық, саяси-мәдени ынтымақтастық аясын кеңейтуге жеке үлесін қосып келеді.

Н.Назарбаев Қазақстанның тұңғыш Президенті ретінде елді демократиялық даму жолына бағыттап, экономиканы нарықтық қатынастар жолымен түбегейлі түрде реформалау, қоғамдық меншікті жекешелендіру, өндіру және өңдеу салаларына шетел инвестициясын тарту, рухани құндылықтарды сақтау, жаңғырту және байыту саясатын ұстанып келеді. Оның басшылығымен республикада мұнай, газ өндіру, өңдеу және тасымалдау, отын-энергетика кешені, металлургия, транспорт пен телекоммуникация, ғылым-білім, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында түбегейлі реформалар жүзеге асуда. Халықаралық құқықтық және демократиялық талаптарға сай Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы, тағы басқа аса ірі нормативті-құқықтық актілер қабылданып, Қазақстанда тұңғыш рет көппартиялық негізде сайланған қос палаталы парламент жұмыс істей бастады. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, оның қолдану аясы кеңи түсті. 1993 жылдың қарашасында Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге еңгізіліп, еркін сауда айналымына жіберілді. Қаржы-қаражат және банк жүйесінде халықаралық талаптарға сай оң өзгерістер жүзеге асырылып, ол өз кезегінде қаржы-қаражат жүйесіне тұрақтылық орнатты. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуы белгіленген «Қазақстан-2030» бағдарламасын жасауға басшылық етті. Ішкі саясатта жүйелі түрде ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық бағытын ұстанып келеді. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты мен геосаяси жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, елдің астанасын Астана қаласына көшіріп, оның заманауи талаптарға сай келбет табуына ұдайы қамқорлық жасауда. Сыртқы саясатта Қазақстанның территориялық тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне АҚШ, Ресей және Англия басшылары кепілдік берген Будапешт келісіміне қол қойды. Дүниежүзінің 100-ден астам елімен дипломатиялық байланыстар орнатып, сыртқы саяси қарым-қатынастарда еуразиялық интеграция идеясының авторы және жүзеге асырушысы болып келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің аса ірі мемлекет басшылары мойындаған қазақ мемлекетінің ең алғашқы басшысы, дүние жүзіне әйгілі саясаткерлердің бірі. Ол ел басқару ісінде халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесі мен әлемдік тәжірибені тал бойына тоғыстырған алымды да алғыр басшы. Ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысын терең білу, маңдай тіреген проблемалардың ең елеулісін тап басып тани алу, ел ішіндік және әлемдік ахуалдармен санаса отырып ұрымтал әрекеттерге бару, сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзеге асыру - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеті.

Нұрсұлтан Назарбаев - «Важнейшее условие интенсификации», «Стальной профиль Казахстана», «Экономика Казахстана: реальность и перспективы становления», «Без правых и левых», «Әділеттің ақ жолы», «Стратегия становления и развития Казахстана как суверенного государства», «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде дамуы мен қалыптасу стратегиясы», «Идейная консолидация общества - как условие прогресса Казахстана», «Ресурстарды сақтау және нарыққа өту стратегиясы: нарық және әлеуметтік - экономикалық даму.», «Слово об Абае», «Нарық және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы», «XXI ғасыр табалдырығында», «Еуразиялық кеңістік: интеграциялық потенциал мен оның жүзеге асырылуы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразиялық одақ: идеялар, практика, перспективалар. 1994-1997ж.», «Уроки истории и современность», «Казахстанско-российские отношения», «Казахстан 2030: Процветание, безопасность и улучшение благосостояния всех казахстанцев», «Слово о родном народе», «О времени, о судьбах, о себе», «Жаңа Астана - жаңа мемлекет - жаңа қоғам», «Тарих толқынында», «Президент и Парламент», «Мы строим новое государство. Труды и речи», «Туған елім, тірегім», « «Сындарлы он жыл», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде», «Қазақстандық жол» сияқты танымдық-талдамалық кітаптар мен тағы басқа  көптеген ғылыми еңбектердің авторы.

Теміртау, Алматы, Бухарест, Астана, Қарағанды, Дулута (АҚШ), Мадрид, Днепродзержинск, Тбилиси, София, Афина қалаларының және Атырау облысының құрметті азаматы.

1992 жылы Н.Назарбаевқа «ТМД-дағы аса маңызды республикалардың бірінде жаңа саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйені дамытып, нығайтуға сіңірген қомақты үлесі үшін» «Капри сыйлығы», 1998 жылы Түркия Республикасының 75 жылдығына орай «Түркі әлемі халықтарының арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы, 1999 жылы «Түркі әлеміне қызмет еткені үшін» сыйлығы, 1996 жылы прогресті дамытуға сіңірген еңбегі үшін Кранс-Монтана халықаралық форумының арнаулы жүлдесі, 1999 жылы «Алтын Атлант» сыйлығы мен халықаралық технология академиясының мүшелік дипломы және Ниобий медалі берілген.

Елбасы Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы - «Алтын қыран» орденімен, «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Ресейдің жоғары мемлекеттік наградасы - Қасиетті апостол Андрей Первозванный орденімен, Өзбекстанның «Буюк хизматлари учун» орденімен, Румын елінің аса мәртебелі наградасы - «Стяуа Ромынией» орденімен, Қырғызстанның «Манна алтын орденімен, Олмпиаданың алтын орденімен, Украинаның «Ярослава Мудрый», Италияның «Үлкен крест» орденімен, Ватикан елінің  жоғары наградасы Пия орденімен және Тәжікстан, Литва, Австралия, Греция, Хорватия, Словения, Польша елдерінің, тағы басқа көптеген ТМД және шетелдердің ордендерімен және медальдармен марапатталған.

79 жыл бұрын (1933) ғалым, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері, Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты БӘКЕНОВ Мұхтар Мұқашұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1956-1960 жылдары - Ақшатау кен басқармасының геологы, Майқайың кешендік геологиялық барлау экспедициясының геологы, аға геологы. 1960-1990 жылдары - Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) аспиранты, кіші ғылыми қызметкері, доценті, деканы, проректоры. 1990-1992 жылдары Қазақстанның Геология және жер қойнауын қорғау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1992 жылдан Қазақ ұлттық техникалық университетінде кафедра меңгерушісі болған. Қазіргі уақытта аталмыш университетте дәріс оқиды. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның сирек және асыл металл кендерін зерттеуге арналған. Бәкенов бұл кендерді формациялық-генетикалық топқа бөлудің жаңа ғылыми негізін және металлогендік аудандастырудың жаңа принциптерін ұсынды, кен-тас түзілуінің эндогендік аймақтылығының сұлбасын жасады, асыл металдардың геохимиялық орналасуының жаңа түрлерін тапты.

53 жыл бұрын (1959) «Баян сұлу» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясы төралқасының мүшесі, экономика ғылымының кандидаты БАЙМҰРАТОВ Ерлан Оразгелдіұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және аспирантурасын бітірген. Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау үдерісін автоматтандыру және басқару жүйесін жетілдіру ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, ғалым хатшысы, Экономика ғылыми-зерттеу институтының сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1996-1997 жылдары - «Alem Bank Kazakhstan» басқармасы төрағасының міндетін атқарушы. 1997-2000 жылдары - «Алматы коммерциялық банкі» ашық акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы. 2000-2004 жылдары - «Қазақстан халық жинақ банкі» ашық акционерлік қоғамының басқарма төрағасының кеңесшісі, орынбасары, бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді.

42 жыл бұрын (1970) Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары МҰСТАФИН Берік Лұқманұлы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақстан-Ресей университетін бітірген.

«КокшетауГлавСнаб» ақпараттық-коммерциялық орталықтың инженері, «Сенім» емдеу-диагностикалық орталығында қаржы директоры, Көкшетау облысы әкімінің бірінші орынбасарының кеңесшісі, Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық корпуспен жұмыс істейтін департаментінің бас маманы, орталық аппаратының және шетелдегі мекемелердің қызметін қамтамасыз ететін департаменттің жетекші маманы, бөлім меңгерушісі, ТМД істері жөніндегі департаменте бөлім меңгерушісі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің басқару ісінің бастығы, «Торговый дом «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның әкімшілік департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдан.

«Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

106 жыл бұрын (1906-1997) қоғам қайраткері, журналист, экономика ғылымының докторы, Қазақ КСР-інің, КСРО-ның еңбек сіңірген гидротехнигі САРЫҚҰЛОВ Дүйсенқұл Сарықұлұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында туған. Мәскеудің Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясының Гидроэлектрстанса және гидроқұрылыс факультетін бітірген. 1942-1950 жылдары Өзбек КСР-і Ет-сүт өнеркәсібі министрі, 1950-1953 жылдары - Ташкент облыстық Шайхантаур су электр стансасы құрылысының бастығы. 1955 жылы Қырғыз КСР-інің Қала және село құрылысы министрінің орынбасары, 1956-1958 жылдары Қазақ КСР-і Су шаруашылығы министрінің орынбасары, «Казголодностепстрой» тресінің бастығы. 1960-1963 жылдары - Қазақ КСР-і Су шаруашылығы министрі. 1965 жылдан «Казгипроводхоз» ғылыми-зерттеу институтының директоры. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі 5-шақырылымының депутаты болған.

100-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946) мемлекет және қоғам қайраткері, зоотехник-ғалым, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі КӨПБЕРГЕН Әбдіманап Бапанұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын Талас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының аға зоотехнигі болып бастаған. Сарысу ауданының «Түгіскен» асыл тұқымды мал зауытында ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі, бас зоотехник-селекционер, шаруашылық партия комитетінің хатшысы. 1986-1993 жылдары Сарысу аудандық «Сарысу» кеңшарының директоры, Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасы, осы ауданның әкімі. 1994-1995 жылдары - XIII шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауылшаруашылық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі. 1999 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аппаратында ауыл шаруашылығы хатшылығының сектор меңгерушісі, меңгерушінің орынбасары болған. 2010 жылдың қарашасынан зейнеткерлік демалыста.

«Аманатқа адалдық» кітабының, 500-ге жуық мақаланың авторы.

«Астана», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен, «КСРО-ның өнертапқышы» белгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946) «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі НҰРКЕНОВ Жаңбыршы Есетұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) бітірген. Қазақстан ЛКЖО Целиноград облыстық комитетінің хатшысы. 1974-1977 жылдары - Целиноград облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1977-1979 жылдары - Астрахан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы. 1979-1983 жылдары - Астрахан аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1983-1986 жылдары - Целиноград облыстық атқару комитетінің аға референті. 1986-1997 жылдары - ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау кешенді жұмысын пайдалану жөніндегі «Целиноградсельхозводопровод» өндірістік бірлестігі бастығының орынбасары, бірінші орынбасары. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитетінің Есіл бассейндік су шаруашылығы басқармасының бастығы. 1999-2000 жылдары - Астана қалалық «Су арнасы» тресінің бастығы. 2000-2010 жылдары - «Астана су арнасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас директоры. 2005 жылдың желтоқсанынан - «Астана» кәсіпқой футбол клубы» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді.

Халықтар достығы орденімен, медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар