6 мыңға жуық алматылық ХҚО-ға биометриялық мәліметтерін енгізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Алматының Халыққа қызмет көрсету (ХҚО) орталығында 2 мыңнан астам адам өздерінің биометриялық мәліметтерін енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Цифрландыру процесінің ең маңызды түрі биометриялық мәліметтердің енгізілуі болып отыр. Қазір қағаз құжаттардың орнын биометриялық индентификация басып жатыр. Смартфонды саусақ ізімен ашу, селфи арқылы төлем жасау, дауыспен команда беру арқылы қаражат аудару бұрын мүмкін емес дүние болып келсе, бүгін оған таңғалудың қажеті жоқ.

2020 жылдың қаңтарынан бастап Алматының Бостандық ауданындағы ХҚО-ға 2200 адам биометриялық мәліметін енгізген. Енді олар мемлекеттік қызметті саусақ ізімен және бет-әлпетінің сканерлік суреті бойынша алатын болады.

Бостандық ауданындағы ХҚО ғимаратында арнайы аппарат пен планшет орнатылған. Жақында қаладағы барлық ХҚО-да бұл қызмет қолжетімді болады.

Жоба іске асырыла бастаған 2018 жылдан бері Алматының 6 мыңға жуық тұрғыны мемлекеттік қызметті биометриялық параметрлер арқылы алуға өтініш білдірген. Алайда, азаматтардың көпшілігі өздерінің жеке мәліметтерінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы бөлімшесінің PR-менеджері Жаңыл Әпетова биометриялық параметрлерді қолдану электрондық кілттер мен пароль қолданудан анағұрлым қауіпсіз болмақ.

«Себебі, бұл параметрлерді ұмытып қалу, қалдырып кету, жоғалту мүмкін емес. Бұл технологиялар күн санап қарыштап дамып жатыр. Бұрын бұл технологияны кинолардан қызықтайтынбыз. Көп ұзамай күнделікті қолданысқа енді», - деді Жаңыл Әпетова.


Соңғы жаңалықтар