6 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
2018 жылғы 6 маусым 06:50

6 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 6 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

6 маусым, СӘРСЕНБІ

Қазақстанда Қаржы полициясының күні

1994 жылғы 6 маусымда Қазақстан Республикасы Үкiметiнің қаулысымен Қаржы министрлiгiнiң салық қызметi құрамында Салық милициясы басқармасы құрылды.

2011 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің № 164 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелердің тізіміне 6 маусым - Қаржы полициясының күні енгізілді.

Швецияның және Швеция Байрағының ұлттық күні

Швеция - Батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Скандинавия түбегінде оңтүстік, оңтүстік-батыстан солтүстік, солтүстік-шығысқа қарай 1600 шақырымға, шығыстан батысқа 400 шақырымға созыла орналасқан. Батысында Норвегиямен, солтүстік-шығысында Финляндиямен шектеседі. Оңтүстігі мен шығысы Балтық теңізі мен Ботния шығанағымен шайылады. Оңтүстік-батыс жағалауы Скагеррак, Каттегат, Эресунн бұғаздары арқылы Даниямен ұласады. Сонымен қатар Балтық теңізіндегі Готланд және Эланд аралдары да осы мемлекетке қарайды. Әкімшілік жағынан 24 ленге бөлінеді. Астанасы - Стокгольм қаласы. Мемлекеттік тілі - швед тілі. Ақша бірлігі - швед кронасы. Швецияның басқару формасы - Конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Король. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Заң шығарушы жоғары органы бір палаталы парламент - Риксдаг.

Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-інде орнатылды.

Пушкин күні

Ресей Федерациясы Президентінің 1997 жылғы мамырдың 27-дегі Жарлығымен ұлы ақынның туған күні салтанатына орай жыл сайын атап өтіледі. А.С.Пушкин шығармашылығын жоғары бағалайтын қазақстандықтар да жер-жерде ақын ескерткішінің алдына барып, рухына тағзым етіп, өлеңдер оқиды. А.С.Пушкин 1833 жылы Орынбор және Орал қалаларына келген. «Пугачев тарихына» қатысты мағлұматтар жинап, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» эпосын жазып алған. Оның шығармалары 19 ғасырдың 2-ші жартысында Абайдың аударуымен елімізде кеңінен таралды. Абай «Евгений Онегиннен» бірнеше үзінді-нұсқаларды таңдап алып, «Татьянаның хаты», «Ленскийдің сөзі» атты өлеңдер шығарды. Ақын І.Жансүгіров «Евгений Онегин» романын бірінші болып толық аударды.

Украинада журналистер күні

1994 жылы Украина президенті Леонид Кравчуктің жарлығымен бекітілді.

Боливияда ұстаздар күні

Бұл күні 1840 жылы 6 маусымда туған танымал боливиялық педагог, жазушы, журналист, заңгер, тарихшы, дипломат және саясаткер Модесто Омисте Тинахеростың құрметіне таңдалып алынған. Ол Боливияның білім беру және мәдениет салаларына елеулі үлес қосқан.

Орыс тілі күні

Бұл мереке халықаралық күнтізбеде 2010 жылы БҰҰ қоғаммен байланыс департаментінің ұйымның ресми алты тіліне арналған күнді тойлау ұсынысынан кейін пайда болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1845 жылы Атбасар қаласының негізі қаланды. Астана қаласынан солтүстік батысқа қарай 232 шақырым жерде, Жабай өзенінің (Есілдің бір саласы) оң жағалауында орналасқан. Қазан төңкерісіне дейін мұнда Атбасар жәрмеңкесі өткізіліп тұрды. 1928 жылы аудан орталығына айналды. Ақмола-Қарталы тас жолының салынуы (1940) қаланың одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасады.

1945 жылы Қарағандыда әлемде тұңғыш көмір комбайны сынақтан өтті. 1932 жылы кеңес өнертапқышы Алексей Иванович Бахтумский осы көмір комбайнының ең алғашқы үлгісін жасады.

1987 жылы Алматы облысының бұрынғы Кеген ауданында Ораз Жандосов тұрған және қызмет істеген үйде мұражай ұйымдастырылды.

1992 жылы кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

2000 жылы Алматыдағы «Ер Төстік» ұл балалар хоры (жетекшісі Қымбат Нұралиева) Австрияның Линц қаласында өткен халықаралық «Хор олимпиадасы - 2000» байқауына қатысып, қола жүлдеге ие болды.

2001 жылғы маусымның 6-сы мен 14-і аралығында Астанада Мәскеудің мәдени күндері өтті.

2001 жылы Жамбыл облысының Жамбыл ауданы орталығында ақын Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнатылды.

2005 жылы ҚР Үкіметінің № 563 Қаулысымен «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық компаниясы» РМКК «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ болып өзгертілді.

2007 жылы Екібастұз орталық қалалық кітапханасының қызметкерлері қазақ және орыс тілдерінде «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» - «Почетный гражданин города Экибастуза» атты кітабын шығарды. Бұл қаланың құрылысына, кен өндірісіне, электр стансаларына еңбек сіңірген адамдар туралы кітап. «Құрметті азамат» атағы кәсіпорын ұйымдастырушыларына, дәрігерлерге, ұстаздарға, кен өндірушілерге берілген.

2009 жылы маусымның 6-9 аралығында Ашхабадта Қазақстан Республикасының Мәдени күндері өтті. Түрікменстанның Ұлттық мәдениет орталығында өткен салтанатты ашылу рәсіміне сол елдің мәдениет қайраткерлері, дипломатиялық корпустың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Түрiкменстанның концерттiк және театр залдарында өткен шаралардың бағдарламасына Қазақстанның өнер майталмандарының концертi, «Қазақстан - Еуразия жүрегінде» фотокөрмелерi, соңғы жылдары түсірілген көркем киноленталар көрсетілді.

2011 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қазақфильм» студиясы тарихи және мәдени ескерткіштер туралы 10 фильм түсірді.

2011 жылы ҚР мен Малайзия үкіметтері арасында дипломатиялық өкілдік ғимараттарын салу үшін жер учаскесін бөлу туралы келісімге қол қойылды.

2012 жылы қазақстандық зерттеушілер тобы «Шетелдегі қазақтардың өнері» жобасы аясында Өзбекстанда экспедиция өткізді.

2012 жылы Іле Алатауы тауларында балаларға арналған Қазақстандағы алғашқы «Балдырған» табиғи ойын-сауық тақырыптық саябағы ашылды.

2012 жылы Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің 12-ші отырысы өтті. Оған Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары қатысты.

2012 жылы Халықаралық банкнот қоғамдастығы (IBNS) байқауының қорытындысы бойынша «10 000 теңге» банкноты 2011 жылдың үздік банкноты атанды.

2012 жылы Бейжіңде қазақ-қытай іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды.

2013 жылы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов пен «Кангнам Северанс» клиникасы директорының орынбасары Ким Сонг Мун ынтымақтастық және медициналық-диагностикалық орталық ашу туралы меморандумға қол қойды.

2014 жылы Сырдария арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды.

2014 жылы қазақстандық делегация Парагвай астанасы Асунсьонда өткен Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас Ассамблеясының 44-ші отырысына қатысты.

2016 жылы Вена қаласында өткен Баллистикалық зымырандардың таратылуына қарсы халықаралық тәртіп кодексіне мүше мемлекеттердің тұрақты 15-ші кездесуінде (Гаага тәртіп кодексі ГТК атауымен белгілі) ГТК төрағалығы бір жыл мерзімге Қазақстанға ауысты.

2016 жылы Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы ашылды.

2016 жылы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «ЭКСПО-2017» - БҰҰ-ның орнықты даму бағдарламасының энергетика бойынша мақсатын жүзеге асыруға қосқан үлесі ретінде» көрмесі өтті.

2016 жылы Американың Мэриленд штатында қазақ тілінің сенбілік курсы ашылды. Бұл Қазақ-америкалық қауымдастығы мен АҚШ-та тұрып жатқан қазақ диаспорасының қолдауының арқасында жүзеге асты.

2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай тіліндегі таңдамалы еңбектер жинағы жарық көрді. Еңбектер жинағы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің қолдауымен дайындалған. Оны Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы (Бейжің қ.) қытай тіліне тәржімалап, баспадан шығару жұмыстарын жүзеге асырды. Жинаққа әлем жұртшылығы елеулі жаңалық ретінде қабылдаған және олардың үлкен қызығушылығын тудырған Елбасының Жолдаулары, мақалалары және сөйлеген сөздері енді.

2017 жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай, «Көрікті Қазақстан - Көркем Қытай» фотокөрмесі ашылды. Фотокөрменің атқарушы органы - «ҚазАқпарат» ХАА және «Жэньминь хуабао» журналы.

2017 жылы 16 жастағы қазақстандық оқушы Давид Кнышенко төтенше жағдай кезінде пайдалану үшін «Fast Helper» ұялы қосымшасын жасады. Оның жобасы «Ашық үкімет» порталы деректерін қолдану конкурсында үздік деп танылды.

ЕСІМДЕР

82 жыл бұрын (1936) кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘБУОВ Тұрсын дүниеге келді.

Алматы облысының Іле ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін (қазіргі Алматы сән және қолданбалы өнер колледжі), Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.

Оның туындыларына ұяң бояулар, шытырман иірімдер, айқын кескін-келбет тән. Кескіндемешінің ұлттық бояуға бай натюрморттары, Талғат Бигелдиновтің, Шәкәрім Құдайбердіұлының портреттері, «Балалық шақты еске алу», «Жүзім жинау» сияқты тақырыптық кескіндемелері көптеген көрмелерге қойылып, шет елдерге таныс болған. Тұрсын Әбуовтің еңбектері Қазақстан Мемлекеттік мұражайында, Президент сарайында, Ресей, Америка, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің мұражайларында сақтаулы.

2011 жылы 14-21 сәуір аралығында Атырау облыстық Шөмішбай Сариев атындағы өнер мұражайында Тұрсын Әбуовтің 75 жылдығына арналған тақырыптық дәріс апталығы болып өтті.

77 жыл бұрын (1941-1990) фантаст жазушы ӘЛІМБАЕВ Шоқан дүниеге келді.
Жамбыл облысының Асы стансасында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті). «Спорт» газетінің әдеби қызметкері, «Жазушы» баспасының редакторы, аға редакторы, «Қазақфильм» киностудиясының сценарийлік алқа мүшесі болған.

Ол фантастикалық әңгіме, повесть, роман жанрларында қалам тартқан. Бірнеше туындысы шетел тіліне аударылған. «Даналық альфасы» атты повесі, «Даналық формуласы» атты романы бар.

72 жыл бұрын (1946-1989) журналист, ақын, аудармашы МЫРЗАБЕКОВ Кеңшілік Ағытайұлы дүниеге келген.

Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1966-1989 жылдары Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), Алматы облыстық «Жетісу», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Жазушы» баспасында, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында қызметтер атқарды.

Ақынның алғашқы жинағы «Іңкәр дүние» деген атпен 1972 жылы баспадан шықты. Оның «Балалық шақ балладалары», «Қасиетті қас қағым», «Ауыл мен астана», «Дәуір - дастан», «Сәруар», «Бір мысқал», «Жолға салдым көшімді», «Менің мұңым - махаббат» секілді жыр жинақтары оқырман қауымға жақсы таныс. Ол Евгений Евтушенконың «Менің шешем және нейтрон бомбасы», «Фуку» атты поэмаларын қазақ тіліне аударды. 1996 жылы ақын жайында «Қайран, Кеңшілік!» атты естелік кітап жарыққа шықты.

67 жыл бұрын (1951) грек-рим күресі бойынша 1980 жылғы Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған тұңғыш қазақ, әлем чемпионы ҮШКЕМПІРОВ Жақсылық дүниеге келді.

Жамбыл облысы Байзақ ауданының, Тегістік ауылында туған. Мектепте қазақша күреспен айналысқан. Семей мал шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын бітірген. Халықаралық турнирлердің жеңімпазы. КСРО чемпионатының алтын (1975, Алматы), күміс (1974, Мәскеу, 1978 Запорожье) және қола жүлдегері (1973, Таллин). КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы (1975, Алматы). Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1980), Әлем чемпионы (1981, Осло, Норвегия) және кубогының иегері (1982). Олимпиада ойындарының жеңімпазы (1980, Мәскеу). 1974-1984 жылдары Қазақ КСР-і Мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы, 1984-1993 жылдары республикалық кәсіподақтардың Ерікті дене шынықтыру спорт одағы спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. 1993 жылдан «Жақсылық» спорт клубының директоры. Қазіргі таңда Алматыда тұрады, жылқы өсірумен айналысады. «Құрмет белгісі» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Алматы қаласында жыл сайын қазақ спортының мақтанышы Жақсылық Үшкемпіров жүлдесі үшін халықаралық жастар турнирі өтіп тұрады.

65 жыл бұрын (1953) жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектеп ғылым академиясының корреспондент-мүшесі ӘБДЕЗҰЛЫ Қансейіт дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін және аспирантурасы мен докторантурасын бітірген. Өзінің ұстаздық еңбек жолын осы университетте оқытушылық қызметтен бастап, кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің жоғары білім беру басқармасында бөлім бастығы, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында доцент, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің деканы қызметтерін атқарған. Қазақ әдебиетінің тарихына арналған бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Т.Әлімқұлов шығармашылығы жайында «Ел мен жер» атты тұңғыш зерттеу еңбегін жариялаған. Оның «Кейіпкер және тартыс», «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы», «Т.Әлімқұлов және 60-80 жылдардағы қазақ әдебиеті» атты кітаптары, «Әдебиет және өнер» атты зерттеуі, «Жазушы және заман шындығы» атты сын мақалалар жинағы жарық көрген.

60 жыл бұрын (1958) VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ҚАРАКЕН Құралай Әнуарқызы дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу медицина институтын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласының СЭС дәрігер-эпидемиологы, Ақтөбе қаласының СЭС тамақтану гигиенасы бойынша санитарлық дәрігер болып жұмыс істеді. 1987-1996 жылдары Ақтөбе қаласының СЭС тамақтану гигиенасы бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1996-1997 жылдары - Ақтөбе облысы СЭС тамақтану гигиенасы бөлімшесінің меңгерушісі. 1997-1998 жылдары - Ақтөбе қаласы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары. 1998-2001 жылдары - Ақтөбе қаласы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы. 2001-2002 жылдары - Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2002-2012 жылдары - Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры.

2016 жылдан Алтыншы сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен және «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» омырау белгілерімен марапатталған.

null 52 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы басшысының орынбасары ӘЗБЕРГЕНОВ Дулат Байдалыұлы дүниеге келді.

Ол бұрынғы Көкшетау облысында туған. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Алматы жоғарғы мектебін тәмамдаған. Алматы қалалық ішкі істер басқармасында, Қаржы министрлігінің Салық комитетінде, қаржы полициясында түрлі қызметтер атқарған.

2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2015-2016 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы болған.

Қазіргі қызметінде - 2016 жылдың қазанынан.

46 жыл бұрын (1972) Қостанай облысының әкімі МҰХАМБЕТОВ Архимед Бегежанұлы

дүниеге келді.

Самара мемлекеттік техникалық университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетін бітірген. Мамандығы бойынша - инженер-электрик, қаржы бакалавры.
Еңбек жолын Ақтөбе қаласының коммерциялық құрылымдарында бастаған. Ақтөбе облысының сыртқы-экономикалық байланыс және инвестициялар басқармасының бастығы, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік директоры, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының әкімі қызметтерін атқарды. 2011 жылғы 22 шілдеден 2015 жылға дейін Ақтөбе облысының әкімі болды. 2015 жылғы 11 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қостанай облысының әкімі болып тағайындалды.

46 жыл бұрын (1972) «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры - хатшылығының жетекшісі ПІРМЕТОВ Әлішер Хабибуллаұлы дүниеге келді.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Жамбыл технология институтын Экономика және басқару мамандығы бойынша, 2008 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1990 жылы «Ұстаз» МП инженер-программист болып бастады. 1992 - 1993 жылдары - «Информтехника» АҚ филиалының директоры. 1993 - 1997 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласының аудандық дайындау кеңсесінің экономисі, директоры. 1997-1998 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласының қалалық әкімшілігінің экономика бөлімінің меңгерушісі, 1998 - 2000 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласы әкімінің бірінші орынбасары. 2000 - 2003 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқарма бастығы. 2003-2006 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласының әкімі. 2006 - 2011 жылдары - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің әкімшілік-құқықтық департаментінің бастығы, аппарат бастығы, ішкі аудит департаментінің директоры - аппарат басшысы, әкімшілік департаментінің директоры. 2011 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы қаңтар айына дейін - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің жауапты хатшысы. 2012 жылғы қаңтардан 2013 жылғы наурыз айы аралығында - Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру агенттігінің жауапты хатшысы. 2013 жылғы наурыз айынан - «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Қаржы және әкімшілік мәселелері жөнінде Басқарма төрағасының орынбасары. 2013 жылғы сәуір айынан - «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Қаржы және бюджеттік жоспарлау бойынша басқарма төрағасының орынбасары. 2014 жылдың наурыз айынан бастап - «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Қаржы және бюджеттік жоспарлау бойынша басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 2015-2017 жылдары «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары - бас директоры болған.

Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың желтоқсанынан.

41 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі ВАГАПОВ Данияр Валерьевич дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келген. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

1999 жылғы сәуірден желтоқсанға дейін - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Заң қызметі департаментінің Заңнаманы құқықтық сараптау, кодтау және жүйелеу басқармасының жетекші маманы. 1999 жылдан 2000 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің Заң департаментінің Нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету басқармасының Заңнаманы талдау бөлімінің бас маманы. 2000 жылдан 2001 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментінің Құқықтық сараптама, заңнаманы жүйелеу және құқықтық жалпыға міндетті оқу басқармасының құқықтық сараптама бөлімінің бастығы. 2001 жылдан 2002 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөлімінің консультанты. 2002 жылдан 2003 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Кеңсесінің Заң бөлімінің азаматтық және шаруашылық заңнама секторының меңгерушісі. 2003 жылдан 2006 жылға дейін - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментінің директоры. 2006 жылдан 2007 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеген. 2007 жылдан 2008 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі өкілдігі басшысының орынбасары. 2008 жылдан - 2013 жылғы қыркүйекке дейін - «Нұр Отан» ХДП Заң басқармасының басшысы, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары. 2013 жылғы қыркүйектен бастап - Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы. 2014 жылғы тамыздан бастап - 2018 жылғы мамырға дейін - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы.

2018 жылғы мамырда Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

null 37 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі ӘЛІМҚҰЛОВ Еркеғали Амантайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2002 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «кеден ісі» бойынша, 2007 жылы Алматы экономикалық университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2003 жылы Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің жетекші маманы болып бастады. 2007-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетінің бөлім бастығы, Тауар нарықтарының мониторингі және талдау департаментінің басқарма басшысы, директордың орынбасары, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының бастығы, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) Төрағасының кеңесшісі, Төраға Хатшылығының меңгерушісі, Төрағаның орынбасары қызметтерін атқарды. 2013-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымында болды. 2016-2017 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы.

2017 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі.


150 жыл
бұрын (1868-1912) Антарктиданы зерттеуші ағылшын саяхатшысы СКОТТ Роберт Фолкон дүниеге келді.

Ол Корольдік әскери-теңіз флотында қызмет еткен. 1900 жылы тұңғыш ағылшын ұлттық Антарктидадағы экспедициясын басқарып, «Дискавери» әскери кемесімен Антарктидаға аттанған. 1901-1904 жылдар аралығында Виктория жерін, Росс тауының жағалауын, Росс қайраңдық мұздығын зерттеп, Эдуард VII түбегін ашқан. Скотт серіктестері Э.Уилсон мен Э.Шеклтонмен бірге құрлықтың түкпіріне қарай жүріп, 82º17' оңтүстік ендікке дейін жеткен. 1910 жылы маусымның 15-інде «Терра Нова» кемесімен Антарктидаға екінші экспедицияға шыққан. 1912 жылы қаңтардың 18-інде норвег поляр зерттеушісі Р.Амундсеннен 33 күннен кейін төрт серігімен бірге Оңтүстік полюске жеткен. Қайтар жолда серіктерімен бірге мерт болған. Скотт есімімен Эндерби Жеріндегі таулар, екі мұздық, Тынық мұхитының оңтүстігіндегі арал, Виктория Жеріндегі жаға, т.б. аталды.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT