5G технология интернет тарифіне қалай әсер етеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов 5G-интернеттің пайда болуы тариф құнына қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«5G-дің қосылуы тікелей тарифті өсірмейді. Тек желіні пайдаланудың жаңа жолы ұсынылады. Оның трафик көлемі әлдеқайда үлкен, жылдамдық көрсеткіші әлдеқайда жоғары болады. Яғни, интернет қолданушылар жылдамдық немесе трафик көлемі бойынша қазіргі тарифтерге көңілі толмаса, жаңа деңгейдегі тарифке өту мүмкіндігі туындайды. Бұл қалыпты практика бүкіл әлемде бар», - деді ол «Қазақтелеком» компаниясының 2022 жылғы жұмысы талқыланған қоғамдық кеңес отырысында.

Нұрлан Мейірмановтың айтуынша, алдағы 5 жылда облыстық деңгейдегі қалалардың бәрінде 5G интернет пайда болады.

«Жоспарда әр қалада неше базалық станса болу керектігі де көрсетілген. Мынадай шарт қойылып отыр. Биыл біздегі операторлардың әрқайсысы 390 базалық стансадан салып шығады. Жалпы саны шамамен 800-дей болады. Жыл сайын 780 базалы станса салынып отыруы керек. Осының арқасында 5 жылдың ішінде 7 мыңдай базалық станса 5G интернет тарата алады. 2027 жылға қарай бүкіл қалалар бесінші буындағы ұялы байланыс желісімен қамтамасыз етіледі деп үміттенемін», - деді ұлттық компанияның Инновациялар жөніндегі бас директоры.


Соңғы жаңалықтар