5G енгізу тариф құнын көтеру есебінен жүзеге асырылуы мүмкін - Бәсекелестік агенттігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов елімізде тұңғыш рет өткен 5G үшін ашық аукционға қатысты монополиялық тәуекелдерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конкурс қорытындысы бізді толық қанағаттандырмайды. Бірінші кезекте монополияландыру тәуекелдерін көріп отырмыз. Сол сияқты нарықта жеке оператордың пайда болу мүмкіндігінен айрылдық. Екіншіден, жеке инвестициядан қағыламыз, өйткені бұдан әрі 5G бойынша инвестиция құюды мемлекеттік компания жүзеге асырмақ. Үшінші қауіп 5G-ді енгізу тариф құнын көтеру есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Осы орайда, бұған жол бермеу үшін біз жалпы жағдайды, оның ішінде операторлардың тариф бағасына қатысты әрекеттерін бақылауда ұстаймыз», - деді Рустам Ахметов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Сондай-ақ, спикер 5G енгізу бойынша құзырлы министрлікке агенттік атынан ұсыныстар жіберілгенін айтты.

«Елімізде радиожиілік спектрін тарату бойынша аукцион алғаш рет өтіп отыр. Бұл шектеулі мемлекеттік ресурсқа тең қолжетімділік деген сөз. Екіншіден, аталған байқаудың арқасында елімізде 5G енгізу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Одан бөлек, бюджет ірі көлемде, яғни 150 млрд теңгеге толықтырылды», - дейді ол.

Айта кетейік, 22 желтоқсанда Қазақстанда алғаш рет 5G үшін радиожиіліктерге ашық аукцион өтті.

Сондай-ақ, 5G жиілігіне арналған екінші ашық аукцион сомасы рекордқа жетті. Ол туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеген еді.

Фото: GETTY IMAGES



Соңғы жаңалықтар