57 бағдар бойынша жүретін 380 қалалық автобус GPS-трекерлермен жарақтандырылды

None
None
АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Елорда тұрғындарына қалалық автобустардың қозғалысын Интернет арқылы бақылап отыратын мүмкіндік туды. Барлық қалалық автобус бағдарларының қозғалыс бағыты көрініп отыратын Астананың электрондық онлайн картасын енді http://maps.astana.kz сайтынан бақылап отыруға болады.

Елорданың ресми сайтының жазуынша, өткен жылы Астананың автобус паркін GPS-мониторинг жабдығымен жарақтандыру жөнінде жоба жүзеге асырылған болатын. Жаңа құрылғы нәтижесінде аталған сайтта кез келген автобус бағдарын онлайн режимінде бақылау мүмкіндігі туды.

«Бүгінгі күні 57 бағдар бойынша жүретін 380 қалалық автобус GPS-трекерлермен жарақтандырылды. Сонымен қатар, электрондық картаға қоғамдық көліктің 1037 аялдамасы енгізілді», - деп хабарлайды бағдарлама авторлары.

Интернет-карта автобустардың қозғалысын онлайн бақылаумен қатар:

- ұйымдардың аты, мекен-жайы, телефоны, сондай-ақ қызмет түрлері бойынша іздеуге (тұрғын үй кешендерінің, мейрамханалардың, түнгі клубтардың, ХҚО-лардың, кинотеатрлардың және т.б. орналасқан жерлерін көруге болады);

- қала көлігі аялдамаларын, бағдарларын іздеуге, сондай-ақ бастапқы және соңғы нүктелерді көрсетіп, ыңғайлы бағдарды іздеуге;

- көрсетілген аумақтағы кез келген фрагментті басып шығаруға;

- картаға белгі түсіруге және беттерді сақтауға;

- жақын жердегі нысандарды іздеуге (мысалы, жақын жердегі банкоматты немесе сұлулық салонын іздеуге);

- карта бойынша арақашықтықты немесе ауданды өлшеуге;

- нысандарды сәйкестендіруге (карта бетінде нысанға басқанда таңдаған нысан туралы ақпаратты көруге болады. Мысалы, таңдаған үйде қандай ұйымдар мен компаниялар барын көруге немесе нақты аялдамаға басып, қандай автобустар тоқтайтынын білуге болады);

- көшелердің көрінісін және Астана қаласының көрікті жерлерін көруге;

- қаламызда өткізілетін іс-шаралар мен оқиғаларды көруге мынадай мүмкіндік береді:

Астана қаласының жоспар-кестесі үш тілде жазылған: қазақша, орысша және ағылшынша. Әзірлеушілердің айтуынша, картаның басқа қызметтерден артықшылығы жылдам, көрнекі және түсінікті ақпарат беруі. Ал ең бастысы - оның өзектілігі, өйткені қалада өзгерістер болып жатса, карта ай сайын жаңартылып отырады.

Соңғы жаңалықтар