53 көлік заңсыз тіркеуге қойылған – қылмыстық топқа кірген полицейлер қамалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шетелден әкелінген көліктерді Қазақстан Республикасында тіркеуге заңсыз қойып келген қылмыстық топ әшкереленді. Олардың ішінде Полиция департаментінің 2 қызметкері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Polisia.kz мәліметінше, Шымкент қаласындағы ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері қылмыстық схеманы арнайы операция барысында анықтады. Мәселен, таяу шет мемлекеттерден әкелінген көліктер кедендік төлемдер, утильалым және мемлекеттік баждар төленбестен Қазақстан Респбликасында тіркеуге қойылып келген.

«Қалалық Полиция департаменті Процессинг орталығының екі қызметкері сот санкциясымен қамауға алынды.

Шымкентте осы схема бойынша Қазақстанда есепке қойылған 53 автокөлік бойынша ғана мемлекетке 320 млн теңгеден астам залал келтірілді», - делінген хабарламада.

Мәлім етілгендей, қылмыстық топ құрамына Процессинг орталығының қызметкерлеріне жақын жүрген адамдар, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «көмекшілер», сондай-ақ жалған сенімхаттар жазып беріп отырған нотариустар кірген.

Қазіргі уақытта ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті осыған ұқсас фактілер бойынша 7 өңірде қылмыстық істер тергеп жатыр. Соңғы үш жылда 2 мыңнан астам көлік заңсыз есепке қойылған. Мемлекетке 10 млрд теңгеден астам шығын келтірілді.




Соңғы жаңалықтар