52 адам жанып кеткен трасса, құтқарушылардың жұмысы – облыстық ТЖД бастығының сұхбатында

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік құтқарушылар жыл басынан бері 660-тан астам адамның өмірін аман алып қалды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов ҚазАқпарат тілшісіне құтқарушылардың ауыртпалығы мол жұмысы, салада атқарылып жатқан істер жайлы айтып берді.

- Бауыржан Мәдіұлы, жыл аяқталып қалды, биыл атқарылған істерге тоқталып кетсеңіз.

- Құтқарушы болған соң алдымен, құтқарылған адамдар туралы айтамыз. Тоғыз айдың ішінде 663 адам құтқарылды. Бұл, Ақтөбе облысының өлшемімен алатын болсақ, кішігірім бір ауылдың тұрғындары деген сөз. Сонымен қатар 2 мыңнан астам адам төтенше оқиға аумағынан қауіпсіз жерге көшірілді. Ал 198 адамға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жедел көмек көрсету үшін 3 мыңнан астам шақыртуға барды. Оның ішінде, өрт, апаттық құтқару, жедел іздестіру жұмыстары мен жол-көлік оқиғалары бар. Біздің мақсат – уақытында жету, көмектесу. Өрт сөндірушілер, құтқарушылар кешігейік, бұл менің жұмысым емес деп ешқашан ойлаған емес, ойламайды да. Олардың жүрегі мейірімге толы, төтенше жағдайдың аумағына кіргенде өзін ұмытып, жапа шегушіні құтқаруға кіріседі. Арқасын тосып, арқалап шығатын құтқарушы жігіттер де бар. Мұндай мысалдар аз емес. Қазіргі қоғамдағы індетті де осы тұста айта кету керек. Әр адамда сурет, видеоға түсіретін телефон бар. Көмек қолы жетпей жатқан кезде, қысылтаяң шақта телефонына түсіре бастайды. Түсіріп тұрғанның орнына бір шелек су жеткізсе, сатыны қоюға көмектессе дейміз. Тәрбие, өмірге деген көзқарас өзгеруі тиіс. Өрт сөндіретін, апаттық құтқару көліктерінің габариті үлкен, сондықтан қала көшелерінде келе жатқанда автожүргізушілер жол бермейтін жағдайлар да кездеседі.

- 2018 жылы «Самара – Шымкент» тасжолында автобус өртеніп, 52 өзбек азаматы жанып кетті. Кейін сол Қалыбай ауылы маңында түрлі жол-көлік оқиғалары болды. Дәл сол аумаққа қандай да бір бекет салынып, құтқару жұмысы күшейтілді ме?

- Қалыбай, Құрылыс елді мекендерінде әкімдік ашқан өрт сөндіру бекеті бар. Онда күніне үш адамнан кезекшілікке түседі. Өздерінің арнайы техникасы бар. Жыл басында Ырғыз ауданындағы орта мектептің жылу қазандығынан өрт шыққан кезде Құрылыс ауылындағы өрт сөндіру бекеті дер кезінде жеткен. Олардың күшімен бүтіндей бір мектеп өрттен аман қалды. Демек, құрылған бекет өзіне артқан үмітті толығымен ақтады. Облыс әкімінің бекіткен жоспарына сәйкес, шалғай елді мекендерде және біздің (департаменттің - ред.) құтқару бөлімдерінен алыс орналасқан жерде 25 өрт сөндіру бекеті құрылуы тиіс. Қазіргі кезде оның 11-і жұмыс істеп тұр. 2020 жылы жұмыс аяқталуы тиіс. Сонда автожол ғана емес, 64 елді мекен, ондағы 40 мыңнан астам халық төтенше жағдайдан, өрттен қорғалады.

- Ақтөбе қаласындағы кейбір көпқабатты үйдің қасбеті жылдам тұтанатын құрылыс материалдарымен қапталған. Бірнеше рет өрт болып, ескерту де айтылды. Өрт сөндірушілер қаптаманы ауыстыру туралы өтініш айтқан еді. Орындалды ма?

- Тапсырма Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияда қаралып, қала әкімдігіне берілді. Қала әкімдігі осы аттас комиссияда қарады. Мәслихатқа бюджеттік ұсыным жолданды. Ол қомақты ақшаны қажет ететін жұмыс. Алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймыз.

- Қалада 25 қабатты тұрғын үй бар. Құтқарушылардың еншісінде оған қажетті саты бар ма?

- Төтенше жағдайлар қызметінде 16 қабатқа жететін саты бар. Негізі көпқабатты үйлердің балконында авариялық шығу жолы болуы тиіс. Олар үнемі ашық тұруы тиіс. 25 қабатты үйдің ең биігінде орналасқан пәтердің тұрғынына көмек көрсету үшін кем дегенде 90 метрлік саты керек. Бағасы 1 миллиард теңгеден асады. Алдағы уақытта лизингке алынуы мүмкін.

- Сауда және көпшілік жиналатын демалыс нысандарында қауіпсіздік талаптары сақталған ба?

- Облыс көлемінде сауда-саттық, адам көп шоғырланатын орындар есепте тұр. Олардың жалпы саны – 61. 2019 жылдың тоғыз айында 39 нысанда тексеріс жүргіздік. Олардың 34-інде кемшіліктер тіркелді. Төтенше жағдайлар қызметі кем дегенде 6 ай бұрын тексеру туралы хабарламаны Бас прокуратураның сайтында жариялайды. Бір ай бұрын хабарлама жіберіледі. Тексеру 15 күн ішінде жүргізіледі. Демек, алдын ала хабарланады, тексеру болатынын біледі. Көбінде электр сымдары, электр тетіктерінің, өртке қарсы дабылдардың істен шығуы тіркеледі. Эвакуация жолдары да проблемалы орын. Ол жерге түрлі заттарды үйіп қояды немесе мүлде жауып тастайды. Облыс бойынша тексерілген нысандардың 29-ы кемшіліктерді жойды. Ал өзгесінің әлі кемшілікті жоюға уақыты бар. Олар төтенше жағдайдың алдын алу, өртке қарсы жұмыстарды тексеруші үшін жасамауы тиіс. Жұмысшылардың, сатып алушылар мен келушілердің қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Кәсіпкер бизнесін ойласа бәрін жан-жақты, талапқа сай орындауы қажет.

- Білім ордаларының басшылары да төтенше жағдайға қарсы жұмыстың арнайы курстарына қатысады. Бұл міндетті ме? - Әрине міндетті, талап солай. Төтенше жағдайлар департаментінде облыстық азаматтық қорғаныс курсы бар. Онда облыстағы мекеменің мамандары, азаматтық құрылым командирлері, балабақша меңгерушілері, тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдері, директорлар белгіленген тәртіп бойынша 1, 3, 5 жылда бір рет курстан өтеді. Ал басқарма басшылары, орынбасарлары, әкімдер мен олардың орынбасарлары, ірі өндірістік мекеме басшылары Алматы қаласындағы республикалық оқыту курсына барады. Бұрын мектептерде қауіпсіз өмір салты дағдыларын үйрететін сабақ болды. 2005 жылдан бастап қосымша ретінде қалып, 2013 жылдан тоқтатылды. Мектеп оқушылары төтенше жағдайдың алдын алу, оқыс оқиға кезінде өз-өзін қалай ұстау қажеттігін біле бермейді. Осы мәселе 24-25 қазан күндері Ақтөбе қаласында өтетін «Халық және бизнес қауіпсіздігі» форумында талқыланатын болады. Бұл мәселені біз назардан тыс қалдырмауымыз керек деп санаймын.

- Күз келді, ТЖД-ның қысқа дайындығы қалай?

- Жыл сайын айналып келетін жұмыс нақтыланып жоспар облыс әкімінің шешімімен бекітілді. Онда барлық құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар берілген. Дайындық қызу жүру үстінде. Қараша айында «Қыс – 2019» оқу-жаттығуы өтеді. Ең алдымен, жылу, газ, электр тогы бақылауда болады. Дегенмен, авто, темір жолдар, оның ішінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолы басты назарға алынған. Көлік кептелісінің болмауын қамтамасыз етуіміз қажет. Себебі облыста қар құрсауында қалу қаупі басым 150-ден астам аумақ бар. Оқу-жаттығу барсында бәрін нақтылап, тапсырмалар жан-жақты беріледі. Республикалық жолдарды «ҚазАвтоЖол» компаниясы қараса, облыстық, аудандық жолдарға жергілікті әкімдік жауапты.

- Қар басу қаупі жоғары аумақтарда жолды тазартуды ұйымдастырып қана қоймай, қар тоқтатуды жоспарлау мүмкін бе?

- Облыс әкімінің қаулысымен жолдағы қар құрсауының, төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарының 2019-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Құзырлы мекемелермен бірлесіп, жол бойында өсіп тұрған ағаштардың саны, олардың қурап-қурамағаны, жиі орналасуы зерделенуде. Ол жерге ағаш егуге бола ма? Тастақ жер ме, құмақ па? Қар ұстайтын қондырғылардың жағдайы қалай? Бәрін тексеріп, тіркеу жұмыстарын жүргіземіз. Жұмыс кешенді атқарылады. Тіркеуден соң жұмыс орман шаруашылығына тапсырылады. Облыста 7 орман шаруашылығы бар. Тал егу жұмысы басталады, егер өспейтін жер болса арнайы қондырғылар орнатылады. 2023 жылдың соңына дейін нәтиже болады деп сенемін.

- Ақтөбе қаласында су тасқынының алдын алу үшін өзен арналарын кеңейту жұмысы жүрді. Қалада қауіп сейілді ме?

- 2016 жылы су тасқынына қарсы жоспар құрылған болатын. Ол жоспар 2017 жылы төрт министрліктің бекітуімен жол картасына ұласты. Облыста өзен ұлтанын тазалау, сағасын кеңейту, қорғаныш дамбыларды жөндеу, оларды салу, тағы сол сияқты 44 іc-шара кірсе, оның ішінде қаладағы 7 өзенде тиісті жұмыстар атқаруда бар. Бұл бір күнде немесе бір жылда бітетін жұмыс емес. Олар 2021 жылға дейін жоспарланған.

- Төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасы туралы айтып берсеңіз.

- Әрине, қажеттілік бар. Өрт сөндіруге арналған негізгі, арнайы және қосылқы техникаларды қосқанда барлық қажеттіліктің 40,2 пайызын ғана құрап отыр. 2018-2020 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, жыл сайын облыстық бюджеттен 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп келеді. Дәл осы мөлшерде республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған. Техника саны көбейіп келеді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 10 техника алынса, республикадан 11 техника жеткізіледі. Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің тапсырмасымен лизингке техника алу жолдары қарастырылып жатыр. Егер бағасы мен сапасы сай келсе, өрт сөндіру, авариялық құтқару техникасы лизингке алынады.

- Төтенше жағдайлар қызметінде тікұшақ бар ма?

- Тікұшақ төтенше жағдайлар комитетіне қарасты. Әуежайда санавиациялық кезекшілікте тұр. Тікұшақпен әуеден бақылау жұмысын көп жасамаймыз. Себебі пилотсыз ұшу құралы яғни, дронды пайдаланамыз. Тиімдісі – осы. Мәселен, көктемгі су тасқынына дайындық кезінде триколмен 11 рет су қоймаларын қарап шықтық. Бұл да – тиімді тәсіл. Жұмыстар жалғаса береді. Ал тікұшақ адам денсаулығы мен өміріне қауіп төнген кезде пайдаланылғаны ләзім.

- Салада кадр тапшылығы бар ма?

- Қазір 5 пайызы ғана жеткіліксіз. Бар болғаны 49 адам қажет. Оның 16-ы офицерлік мамандар. Келер жылы шетелден және Көкшетау техникалық институтынан жас мамандар келеді. Ал 20-дан астам көлік жүргізушінің орны бос. Көлік жүргізушіге сұраныс бар. Қазан айында конкурс жарияланатын болады. Жалақысы еңбек өтіліне байланысты 80 мың теңгеге дейін. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 65 пайызға дейін көтеріледі.

- Қызметкерлерді қалай ынталандырасыз?

- Тек үнемделген қаржы есебінен сыйақы беріледі. Ал қызметімен көзге түсіп, ерлік танытып жатқан құтқарушы, өрт сөндірушілерді өз құзыретімізбен көтермелеп, арнайы ведомстволық және мемлекеттік марапаттарға ұсынамыз.

- Жұмыста сағы сынып, шаршап өзге салаға ауысып кететіндер бола ма?

- Жұмыстан шыққан жас жігіттер әлі өз мамандығын тапқан жоқ деп ойлаймын. Келді, жұмыс істеп көрді, ұнамады. Демек өзге жұмысқа ізденіске шықты. Ондай болып тұрады. Құтқарушы болу үшін, ең алдымен адамның тәрбиесі мен жүрегінде мейірім болуы тиіс. Ең бастысы өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын, қауіпсіз өмір сүру үрдісін үйретуіміз керек. Бәрін бір төтенше жағдайлар қызметіне, мұғалімге немесе тәрбиешіге аудара салып, жауапкершіліктен қашуға болмайды. Үйде қарапайым ғана қауіпсіздік ережесін балаға күнделікті ескертіп отырған дұрыс.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар