51-ші автобустың кондукторы күдікті жолаушыға қатысты операцияның мән-жайын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 51-ші бағдар автобусының кондукторы күдікті жолаушыға қатысты операцияның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салайық, жақында Астанадағы Министрліктер үйі алдында "жиһадшыны" ұстау операциясына біраз адам куә болған еді. Жол-патрульдік полициясының бірнеше көлігі 51-ші бағыттағы автобусты тоқтатып, барлық жолаушыларды тексеріп, сақалды адамды ұстады. Алайда "автобуста бронды кеудеше мен чемодан ұстаған бір жанкешті бар" деген шұғыл ақпарат  расталған жоқ. Осыған байланысты автобустың кондукторы "ҚазАқпарат" тілшісіне осы оқиғаның мән-жайын айтып берді.

"Ол адамның үстінде ешқандай бронды кеудеше болған жоқ. Мен өзім көрдім ғой. Толықтау келген үлкен кісі. Анау белі ауыратын кісілер киетін белдік бар емес пе? Соны киіп алған еді. Ал қолында чемодан емес, кәдімгідей ноутбук салатын сөмке болды. Іші толған қағаз. Сол адамды көрген бір жас жігіт полицияға звондап, автобуста террорист бар деп айтқан екен. Сонда әлгі жас жігіт өзі «Хан Шатыр» СОСО  жақтан мініп, жаңағы кісіден қорыққаннан кейін «Ана мен бала» орталығынан түсіп қалған. Аялдамада тұрып, автобустың бағыты мен нөмірін айтқан екен", - дейді кондуктор М.Әшірбай.

Оның айтуынша, автобусты Министрліктер үйі маңайында тоқтатқаннан кейін тәртіп сақшылары "жиһадшы" деген кісіні және сақалы бар тағы бір адамды ұстады. "Ұлты түрікке ұқсайды. Ол байғұс "Нұр Астана" мешіті жақтан мінген. Полиция оны да кешке дейін ұстап тергеді. Бізді Министрліктер үйінен ары қарай көпір жаққа алып кетті де, автобустың сыртқы, тіпті ішкі қаптамаларын шешіп, иттердің көмегімен толығымен тексерді. Сөйтіп, бізді де кешке дейін ұстады. Анау звондаған жас жігітті де алып келді. Әбден ығырымызды шығарды. Үлкен кісіге қарама-қарсы отырған екен. Содан белдігін бронижелет деп, ноутбуктың сөмкесін чемодан деп байбалам салған ғой", - деді автобустың кондукторы.

Сонымен қатар, кондуктор "ол адам жолда келе жатып, намаз оқыған" деген сыбыстың да шындыққа жанаспайтынын алға тартады. Себебі "террорист" деп ұсталған кісі бірден намаз оқымайтынын мәлімдеген. Айтпақшы, сол күні автобустың жүргізушісі мен кондукторы бір күндік нәпақасынан айырылыпты. Ал енді сол күнгі шығынды әлгі байбалам салып звондаған жігіттен өндіріп алайын десе, ол: "Мен сезіктендім, күдіктенгеннен кейін полицияға хабарладым", - деп ақталды. Тәртіп сақшылары да бұл мәселені ары қарай қазбалаған жоқ. Оған қоса, 51-ші маршрутты оларға қарайтын 4-ші автобус паркі бағыттан шығып кеткені үшін айыппұл салған. Ішкі істер органдарының тексерісін құлаққа да ілмеген екен. Өйткені, автобус жалға берілгеннен кейін, штаттан тыс жағдайлар ескерілмейтіні алға тартылыпты. 

Соңғы жаңалықтар