500 түрлі кілем мен отандық кофе - БЖК арқасында өркендеген үздік жобалар қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша өңір-өңірлерде іске асырылған табысты жобаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сандар мен көрсеткіштерді қоя тұрып, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқасында жүзеге асырылған табысты жобалардан мысал келтіргім келеді. Қазақстан бойынша олардың саны өте көп. Атап айтқанда, «Бал Текстиль» ЖШС Түркістан облысында кілем шығарады. Компания заманға сай жабдықтарды сатып алу үшін 250 млн теңге қарыз алған болатын. Нәтижесінде, бүгінде кәсіпорын кілемнің 500-ден астам түрін шығарып, IKEA әлемдік танымал сауда маркасына алғашқы қазақстандық өнімді жеткізіп отырған кәсіпорын атанды», - деді Айдар Әріпханов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Сол секілді аталмыш бағдарламаның арқасында «Біләл» атты компания Түркістан облысында ұнтақталған кофе өндіріп отыр.

«Ол бізден өндірістің толық циклы үшін жабдықтар сатып алуға қолдау алды. Қарыз сомасы - 30 млн теңге. Бұл өндіруші отандық нарықтағы импорттық өнімдерді төмен бағамен алмастырып отыр. Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» секілді мұнай кәсібі және бұрғылау геологиялық барлау саласындағы ірі компаниялардың бірі қолдау тапты. Қарыз сомасы - 1,2 млрд теңге еді. Алматы облысында «Асыл құс Агро» компаниясы құс фабрикасын салуға және жабдықтар сатып алуға 1,3 млрд теңге несие алды. Нысанда 170 жұмыс орны ашылды. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады», - дейді ол.

Айта кетсек, Үкіметтің баспасөз орталығында өткен бүгінгі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылатынын хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар