«500 адам іздестірілуде»: Алматының Бас санитарлық дәрігері ақпаратқа түсінік берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова коронавирусты жұқтырғандармен байланыста болған «500 адамды Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция іздестіріп жатқаны» туралы ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«488 адам – бұлар санаттар бойынша медициналық бақылауға алынуы тиіс тұлғалар. Олардың барлығы коронавирусты жұқтырғандармен немесе күдік келтірілгендермен қарым-қатынаста болды дегенді білдірмейді. Аталған тұлғалар науқастармен байланыста болмаған және оқшаулауға жатпайды. Дегенмен де, оларды іздестіру және медициналық бақылауға алу шаралары жалғастырылуда», - деп түсіндірді Айзат Молдағасымова.

Айта кетейік, коронавирус анықталған елдерден биылғы 10 ақпаннан бері Қазақстанға келіп жатқан азаматтар медицина қызметкерлері тарапынан бақылауға және катаралды белгілер байқалған жағдайда қадағалауға алынады.

А. Молдағасымова сондай-ақ коронавирусты жұқтырғандармен байланыста болған тұлғалармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Коронавирус инфекциясы оң нәтиже берген Германия азаматымен барлығы 68 адам келген. Оларды инфекциялық стационарға оқшаулау бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді ол.

Осы уақытта Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 4 жағдайы тіркелді. Оның бірі Италияның Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға ұшып келген азаматтан анықталды. Үш адам Германиядан Алматыға әуе қатынасымен келген. Барлығы ауруханаға жатқызылды.


Соңғы жаңалықтар