50 жыл бұрын ұялы телефон алғаш рет пайдаланылды

None
Фото:britannica.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – 1973 жылдың 3 cәуірінде, 50 жыл бұрын ұялы телефоннан алғашқы қоңырау шалынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Моторола» компаниясының инженері Мартин Купер осы күні AT&T Bell Labs телефонын жасайтын бәсекелесі Джоэль Энгелге ұялы телефонымен алғаш рет қоңырау шалған. Ұялы байланысты қолдану идеясы 1946 жылы AT&T Bell Labs мамандарының ойына келген. Бұл компания көліктерге орнатылатын радиотелефондарды алғаш болып жасап шығарған. Бірақ алғашқы ұялы аппаратын Моторола жасады. Алғашқы Motorola DynaTAC ұялы телефонын шағын құрылғы деп айтуға келмейтін еді. Оның салмағв 1 келіден астам, ұзындығы 22 сантиметр болатын. Сыртқы түрі кірпішке ұқсайтын, деп бөлісті rarephones.ru сайты. Motorola DynaTAC 8 сағат, ал сөйлесіп жатқан кезде 1 сағат бойы жұмыс істей алатын. Оны қуаттауға 10 сағаттан астам уақыт қажет еді. Оның дисплейі мен басқа да қосымша функциялары болған жоқ. Телефонның стационарлық антенні шығып тұратын. Оның беткі панелінде 12 батырма бар еді: 10 сан мен қоңырауды қабылдайтын және өшіретін 2 түймесі болды. Байланыс үзіліп кетсе, қайта қоңырау шалу үшін сандарды теретін. Motorola ұялы телефонының құны да бас айналдырарлық еді. Ол 3500 доллар тұратын.

Қазіргі уақыттағы премиум кластағы гаджеттер үшін де өте қымбат. Ұялы байланыс технологисы 70-ші жылдары ғана сәтті болып, коммерциялық тұрғыдан сұранысқа ие бола бастады. Тек 1984 жылы АҚШ-тағы алғашқы Ameritech Mobile мобильді желісі іске қосылғаннан кейін бір жыл өткен соң, оператордың абоненттік базасы 12 мыңнан астам адамды құрады.

Статистикаға сәйкес, Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны 2022 жылы 25 млн-ды құрайды.


Авторы: Сара Қабиқызы
Соңғы жаңалықтар