50 проценттік үстемеақы: Мұғалімдер ұлттық біліктілік тестін тапсыра ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы айда мыңдаған мұғалімдер жалақыны 30 проценттік үстемеақымен алатын болды. Бас кезінде ол ақша республикалық бюджеттің есебінен жазда ғана беріледі деген. Алайда білім және ғылым министрлігі қосымша қаржыны әзірше әкімдерден қарызға ала тұрмақшы. Артынан республикалық бюджеттің есебінен өтеп береміз дейді. Осылайша, мектеп мұғалімдері қайта есептеуді күтпей, Жолдаудың жақсылығын бірден көретін болды. Енді, мектеп директорлары, оқу ісінің меңгеруішілері мен әдіскерлер ренжіп жатқан көрінеді. Себебі олардың жалақысы жайында ештеңе айтылмаған. Ұлттық біліктілік тесті әзірленгеннен кейін мұғалімдер өз жалақысын тағы 50 процентке өсіре алады. Дегенмен, ол тестті бәрі бірдей тапсыра алмайтын сыңайлы.

Сонымен, 30 проценттік үстемеақыны барлық мұғалімдер алатын болды. Бірақ олардың жалақысын біртіндеп көтеру жоспарланған. Алдымен 1, 2, 5 және 7-сынып мұғалімдерінің айлығы көтеріледі. Олардың барлығы республикалық бюджеттің нақтылауын күтпейді. Осы айдан бастап үстемеақысы бар жалақыны ала бастайды. Оны Астандағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектептің басшылығы да растады. Бүгінде әрбір мұғалімнің еңбек өтілі, сабақ жүктемесі және тағы басқа мәліметтер білім басқармасына жіберілді. «Қаңтардың жалақысы 30 проценттік үстемеақымен болады», - дейді мамандар.

Қыркүйекте 3, 6 және 8-сынып ұстаздары да жалақыны үстемеақымен алатын болады. Оған дейін білім және ғылым министрлігі республикалық бюджетті нақтылау шараларын өткізіп, әкімдерден алған қарыздарынан да құтылады. Сосын келесі жылы  қыркүйек айында 4, 9 және 10-сынып мұғалімдерінің жалақысы көбейсе, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің ақшасы артады деген жоспар бар. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, қалада жұмыс істеп жүрген мұғалімнің 15 жылдық еңбек өтілі және 1-санаттағы біліктілігі болса, онда оның үстемеақысы 24 мың теңгені құрайды. Дәл сондай ауыл мұғаліміне 25 860 мың теңге көлемінде қосымша ақы беріледі. Еңбек өтілі мен жүктемесі төмен болған сайын үстемеақының көлемі де азаяды. «Мәселен, үш жылдық өтілі бар, еш санаты жоқ мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 56 мың теңгені құрайды. Оған дәптер тексергені және кабинетке жетекшілік еткені үшін 22 мың теңге үстемеақы қосылады. Демек, қазіргі кезде олардың жалақысы 78 мың теңгенің шамасында. Ондайда білім берудің жаңартылған мазмұны үшін үстемеақы қала деңгейінде - 16 мың, ауыл деңгейінде 21 мың теңге болады. Бұл дегеніміз, үш жылдық өтілі бар, бірақ ешбір санаты жоқ мұғалімдердің жалақысы қалада 96 мың теңге, ал ауылда 115 мың теңге болады», - дейді Б.Асылова.

«Мұғалімдердің жалақысы көтеріледі» деген күннен бастап директор, оқу ісінің меңгерушісі мен әдіскер сияқты мектеп басшылығы арасында гу-гу әңгіме басталып кеткен көрінеді. Себебі олардың барлығы Жолдаудан тыс қалды. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Астанада өткен бір жиналыста ақталуға тырысты. «Негізі, алғашқы есеп-қисап кезінде барлығына көтереміз деген жоспар болған. Бірақ уақыт тығыз болды. Қаржы министрлігімен отырып, олай да, былай да есептедік. Сосын үкіметте алдымен мұғалімдерге көтеру керек деп шешті. Біз оған келістік. Енді, директорлар мен оқу ісінің меңгерушілерін қосуға тырысамыз», - деді Е.Сағадиев. Министрдің сөзіне қарағанда, республикалық бюджетте ақша табылмаса, жергілікті бюджеттерден іздеп көруге болады. Себебі республика бойынша директорлар мен оқу ісінің меңгерушілері көп емес, бар болғаны - 7 мыңдай адам. «Мен аталған мәселемен өзім айналысамын. Әдіскерлерді де қосамыз. Осы сұрақты ақырындап көтеріп, біртіндеп шешетін боламыз», - деп атап көрсетті Ерлан Кенжеғалиұлы.

ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген министрдің орынбасары Бибігүл Асылова аталған мәселені шешу жолдарын ұсынды. «Мектеп директорларының құзыреті кеңейіп жатқан жоқ. Біз мұғалімдердің жалақысын өсіреміз деп, мектеп басшылығының жалақысын жайдан-жай көтере алмаймыз ғой. Негізі, директорлар мен оқу ісі меңгерушілерінің қызмет бабы өзгерген жоқ, жаңа функциялар да қосылмады. Сол себепті жалақылары да сол қалпында қалды. Дегенмен, олар 9 сағатқа дейінгі оқу жүктемесін алып, сабақ бере алады. Егер ол сабақтар білімнің жаңартылған мазмұнына сәйкес келсе, онда 30 пайыздық үстеме ақыны беруге болады», - деді Б.Асылова. Вице-министрдің ойынша, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін бағалау бойынша жаңа талаптарды әзірлеу керек. KPI-дің нақты үлгісі болса, мектеп директорларының жалақысын да жұмысына қарай төлеуге болады.

Ағымдағы жылда мектеп мұғалімдерінің біліктілік деңгейін анықтауға арналған жаңа тест әзірленеді. Оны тапсырғандар өз жалақысын тағы 20-50 процентке өсіре алады. «Білім және ғылым министрлігі бірінші болып кәсіби стандарттарды әзірлеп шықты. Онда әрбір маманға қатысты нақты талаптар болады. Мәселен, қазір екі санат бар. Олар - категориясыз, I және II категория. Сосын жоғарғы категория бар. Сонда барлығы төрт категория. Енді, оған «мастер-педагог» деген категория қосылады. Міне, дәл осы «мастер-педагогқа» жеткен мұғалімнің жалақысы тағы 50 процентке көтеріледі. Демек, ол ең жоғары жалақы алады. Одан төмен категориялар бойынша үстемеақы 20-40 пайызды құрайтын болады», - деді вице-министр Бибігүл Асылова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде әрбір категория бойынша ұлттық біліктілік тесті әзірленіп жатыр. Жаңа жүйе ағымдағы жылдың ортасында дайын болады. Соған қарай мұғалімдерді аттестациялау ережелері де өзгереді. Тестпен бірге сұхбаттасу болады деген жоспар бар. Содан сүрінбей өткендерге нақты категория беріледі.

Алайда қазіргі тесттің өзін мұғалімдердің тең жартысы ғана тапсыра алады екен. Статистикаға сәйкес, былтыр өз еркімен категорияны көтеремін деген 14 мың мұғалімнің тек 50 проценті ғана сынақтан өтті. Ал ұлттық біліктілік тестін әзірлеу кезінде қазіргі талаптар күшейтілсе, категорияны алатын мұғалімдердің үлесі күрт төмендеп кетуі әбден мүмкін... 

Соңғы жаңалықтар