50-ге жуық отандық агрокәсіпорын «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында қаржылық сауықтыру шарасынан өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл 50-ге жуық отандық агрокәсіпорын «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында қаржылық сауықтыру шарасынан өтеді. Бұл туралы «ҚазАгро» Холдингінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жақында «Қазагромаркетинг» АҚ Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссияның екінші отырысы өткен болатын.

Отырыс барысында Комиссия бірқатар қаржы институттары, оның ішінде «ҚазАгро» холдингісі құрамындағы еншілес компаниялар мен екінші деңгейлі банктер ұсынған 55 өтінімді қарап шықты.

Аталған қаржылық қолдау құралын Солтүстік Қазақстан облысынан - 12, Ақмола облысынан - 6, Қостанай облысынан - 7, Ақтөбе облысынан - 4, Алматы облысынан - 5, Шығыс қазақстан облысынан - 9, Батыс Қазақстан облысынан - 1, Қарағанды облысы - 5, Павлодар облысы - 1, Оңтүстік Қазақстан облысынан - 2, Астана қаласы - 1 және Алматы қаласынан 2 ауылшаруашылық кәсіпорны пайдалануға ниет білдірді.

Комиссия отырысының қорытындылары бойынша 46 өтінім қанағаттандырылды, олардың ортақ қарызы 15,5 млрд. теңгені құрайды. Қаржылық сауықтыру шарасына АӨК субъектілері 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін алынған несиелерімен қатыса алады.

Естеріңізге сала кетейік, қаржылық сауықтыру шарасы осымен екінші жыл жүзеге асырылып отыр. Былтыр сомасы 17,7 млрд. теңгені құрайтын 27 өтінім қанағаттандырылған болатын. Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі комиссияның биылғы бірінші отырысында ортақ қарызы 56,7 млрд. теңгені құрайтын 28 өтінімді қанағаттандыру туралы шешім қабылданды.

«Мемлекеттік қолдаудың бұл бағыты аясында АӨК субъектілері бизнесті дамыту мен арнайы техника мен жабдықтарды сатып алу мақсатында алған теңгедей несиелердің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7%-ға, шетелдік валютада алынғандары бойынша 5%-ға төмендетіледі. Қаржылық сауықтыру аясында сонымен қатар қарыздарды қайтару мерзімі 9 жылға дейін ұзартылып, айыппұлдар мен өсімпұлдар шегеріліп тасталады.

Мемлекеттік қолдаудың бұл түрін пайдалану үшін кәсіпкер несие алған қаржы институтына өтініш беруі тиіс. Қаржы институттары ретінде екінші деңгейлі банктер, банктік қызмет атқаруға лицензиясы бар несие ұйымдары мен АӨК саласындағы несиелік серіктестіктер қарастырылады», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар