5 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 5 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік топырақ күні

Бұл күн жыл сайын БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы қолдауымен аталып өтеді. 2013 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 68-сессиясында бекітілген.

Дүниежүзілік экономикалық және әлеуметтік даму үшін еріктілер күні

Экономикалық және әлеуметтік дамуға көмек көрсетуші еріктілердің халықаралық күні 1985 жылғы желтоқсанның 17-дегі БҰҰ Бас Ассамблеясы 40-сессиясының шешімі бойынша аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1917 жылы Орынборда екінші жалпықазақ съезі өтті. 5-13 желтоқсан аралығында өткен съездің нәтижесінде Алашорда үкіметі құрылды. Оның төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды. Осы съезде Алаш автономиясы жарияланды. Осы съез туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен жалпықырғыз сиезі Қырғыз өлкесін автономиялы деп жариялап, халық милициясын құрды. Онда 15 мүшеден тұратын, Бөкейханов (бүкіл қырғыз халқына танымал қоғам қайраткері) басшылығындағы Алашорда атты уақытша үкіметін сайлады. Уақытша үкіметтің уақытша орны ретінде Семей қаласы көрсетілді. Алашорда ағзалары Орынбор қаласындағы бірінші отырысында 1918 жылы 10 қаңтарда Семей қаласында жиналуды қаулы етті», - деп жазды.

1936 жылы СССР жаңа Конституциясы (бейресми атауы: «Сталин конституциясы», кейде – «жеңіске жеткен социализм конституциясы») қабылданды. Оны Кеңестің жалпыодақтық VIII төтенше съезі қабылдап, конституция 1977 жылға дейін (өзгерту және толықтыруларымен) күшінде болды. РСФСР құрамында автономия болып келген Қазақстан одақтық республикаға айналып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы (Қазақ ССР) деп аталды.

1973 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтында республиканың археологиялық материалдарын сақтау және ғылыми зерттеу нысаны ретінде елдің ең көне мұражайларының бірі – Археология музейі ашылды. 2010 жылы музей «Ғылым ордасы» ғылыми кешенінің құрамына кірген.

1994 жылы Будапешт қаласында әлемнің ядролық державалары – Ресей, АҚШ, Ұлыбритания басшылары Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы меморандумға және стратегиялық қарулы қақтығысты шектеу туралы келісім жөніндегі бекіту қағаздарын алмасу туралы құжатқа қол қойды.

2006 жылы екіжақты келісімнің қорытындысында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропалық комиссияның Президенті Жозе Мануэл Баррозу Еуропалық Одақ (ЕО) пен Қазақстанның энергетика саласындағы ынтымақтастығында түсіністік меморандумына қол қойды. Меморандум Қазақстанның Каспий өңіріндегі табиғи газ бен мұнайдың ірі өндірушісі ретінде және энергетикалық саланың ынтымақтастығын нығайтуда ЕО мен Қазақстанның екіжақты қызығушылығында маңызды рөлін анықтайды. Меморандум энергетикалық қауіпсіздікті және өнеркәсіп ынтымақтастығын нығайту секілді маңызды аспектілерді қамтиды.

2011 жылы Жамбыл облысында Қазақстандағы тұңғыш Қордай жел электр стансасының бірінші кезегі пайдалануға берілді.

2011 жылы Астана кардиохирургия орталығынан жасанды жүрек салынған алғашқы пациент шықты.

2011 жылы Қазақстанның пошта айналымына ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Атаулы, мерейтойлық күндер және мерекелер» сериясындағы ескерткіш көркемсурет маркасы айналымға шықты.

2014 жылы Семейде өрт сөндірушілер Валерий Белоножко мен Рахымғали Икеновке арналған Мемориалдық тақта ашылды. Олар қаладағы цемент зауытында болған өрт кезінде қаза тапқан. Өрт сөндіру кезінде танытқан ерлігі мен қайсарлығы үшін өрт сөндірушілер қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

2015 жылы Түркияның ғылыми-техникалық зерттеулер кеңесі (TÜBİTAK) ғалымдарды жоғары наградалармен марапаттады. Олардың арасында Қазақстан азаматы Марат Ахмет те бар, ол 1998 жылдан бері Түркияда ғылыми қызметпен айналысады. Ғылыми награданы математика ғылымдарының профессоры М. Ахметке Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі тапсырған. М. Ахмет бұл сыйлыққа математикадағы ғылыми ашылымдары, атап айтқанда дифференциалдық теңдеулер теориясы үшін ие болды. М. Ахметтің ғылыми зерттеулері Түркияда ғана емес, бірқатар еуропалық елдерде пайдаланылады. Оның еңбектері Түркияда, Еуропада және АҚШ-та ағылшын тілінде басылып шықты.

2016 жылы Астанада ҚР Ұлттық музейінде қазақтың айтыс өнері, киіз үй және күйінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуі туралы сертификаттары табысталды. Сертификатты табыстауға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

2017 жылыМексикада өткен суда жүзу спортынан мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы Әлем чемпионатында Наталья Звягинцева 50 метр қашықтыққа шалқалап жүзу бойынша бірінші орынды иеленді. Бұл – Қазақстан тарихындағы әлем чемпионатында алған тұңғыш алтын медаль.

2019 жылы Испанияның Льорет де Мар қаласында өткен «Theatrical Talents» халықаралық фестивалінде «Атырау жастар театры» бас жүлдені иеленді. Байқауда «Атырау жастар театры» Мұқанғали Томановтың «Затмение» антидрамасын сахналады. Қойылым қазақ тілінде көрсетілді.

2019 жылы Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) Қазақстанның Құстарды қорғау одағымен бірлесіп, 2020 жылдың нышаны болатын құсты – ителгіні таңдап алды.

Ителгі – жыртқыш сұңқар құстарының тобына жатады. Ол Қазақстанда сілемді таулар мен ормансыз ашық далалардан басқа жердің бәрінде кездеседі. Әсіресе, Маңғыстау мен Үстіртте, Сарыарқаның жатаған таулы өңірлерінде көп ұшырасады. Еліміздің солтүстігінде ұя салады, Алтай, Тянь-Шань тауларының етегінде қыстайды.


Соңғы жаңалықтар