Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51

5 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2013 жылғы 5 тамыз 06:50
Поделиться:

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 5 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

5 тамыз, ДҮЙСЕНБІ

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық бағдаршам күні. 1914 жылы болған оқиғаға байланысты 5 тамыз күні атап өтіледі. Осы күні Амеркианың Кливленд қаласында заманауи құрылғылардың алғашқы үлгілері пайда болды. Оның қызыл және жасыл шамдары болды, ал түстерін ауыстырған кезде дыбыс сигналын шығарып тұрды.

Не дегенмен, ең алғашқы бағдаршамды британдық Джей Найт 19-ғасырда-ақ ойлап тапқан болатын. Бұл аппарат 1868 жылы Лондон парламенті ғимаратының алдына орнатылды. Үш жылдан кейін бағдаршам өздігінен жарылып, полицейді жарақаттады. Бұдан кейін бағдаршам 50 жылға ұмытылды. Тек 1910 жылы екі түсі бар алғашқы автоматты бағдаршам құрылғысы  патенттелді.

Қазіргі қолданыстағы үш түсті бағдаршамдарды алғаш рет 1920 жылы Детройт пен Нью-Йорк қалаларының тұрғындары көрді. Уақыт өте келе құрылғылар Америка мен Еуропаның түрлі қалаларында кең қолданыла бастады.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

295 жыл бұрын (1718) бүгінде үлкен қалаға айналған Семей әскери бекінісінің іргесі қаланды. Қазір қалада жақсы сақталып қалған бірегей және тарихи ескерткіштер баршылық. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бас кездерінде салынған ғимараттар мен нысандардың құндылықтары ерекше. Олардың көбісі әлі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде бір және екі мұнаралы мешітті, бүгінде оқу мекемелері орналасқан ерлер мен қыздар гимназияларын, мұғалімдер семинариясын атауға болады. Ал көпес Сахноның бұрынғы қонақүйінде - бүгінде «Бинар» қонақүйі, ал губернатор үйінде - тарихи-өлкетану мұражайының залдары орналасқан.

16 жыл бұрын (1997) Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде Елбасы Н.Назарбаевтың қытай тілінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

14 жыл бұрын (1999) Қазақстан, Эквадор, Ирландия, Малайзия мен Тунис жаппай қарусыздану жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы конференциясының құрамына кірді.

89 жыл бұрын (1924) Түрік үкіметі көп әйел алушылыққа тыйым салды.

49 жыл бұрын (1964) Америка авиациясы Вьетнам Демократиялық Республикасын бомбалай бастады.

8 жыл бұрын (2005) Оралға «Татарстан-Қазақстан» бейбітшілік және достық автокеруені келді. Автокеруен Қазан қаласының 1000 жылдығына және Набережные Челны қаласының 75 жылдығына, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 10 жылдықтарына арналған.

Керуен құрамына 30 адам кірді, оның 20-ы мүгедек-спортшылар. Ұйымдастырушысы - «Еділ-Жайық» қайырымдылық қоры.

Автокеруенге қатысушылар Орал қаласының көз тартарлық жерлерімен танысып, шахматтан және дойбыдан жолдастық кездесулер, Достық үйінде ұлттық мәдениет орталықтар өкілдері қатысқан кездесулер өткізілді.

6 жыл бұрын (2007) Алматыда қазақ тілінде әлем ертегілері енгізілген алғашқы CD-дің тұсаукесер рәсімі өтті.

Барлық материалдарды Қазақ радиосының редакциясы тапсырған. Бұл үнтаспаның бір ерекшелігі, барлық материалдар қазақ тіліне аударылған. Ертегілер мемлекеттiк тiлдi үйренгісі келген адамдарға арналған бағалы оқу құралы болып табылады. Жалпы 6 үнтаспа шығарылған, әрқайсысының ұзақтығы - 100 минөт. Әр CD-ға 10-12 ертегі енген, соның ішінде «Мысық пен қоян», «Арыстан мен түлкі», «Ақылды адам» және т.б. ертегілер бар.

5 жыл бұрын (2008) Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Есіл» ауданы құрылды.

Ол Астана қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, Елорданың «Алматы», «Сарыарқа» және Ақмола облысының Целиноград аудандарымен шектеседі. Жалпы ауданы - 31,2 мың гектар жерді құрайды, тұрғындары - 180 мың адам. Ауданға кіретін тұрғын алаптары - Пригородный, Ильинка, Шұбар, Тельман, Қараөткел, Заречный.

Ауданда 137 сауда мекемелері жұмыс істейді және «Керуен», «Мега», «Сарыарқа» сияқты ірі сауда орталықтары бар.

17 жыл бұрын (1996) Ресей Федерациясының президенті Борис Ельцин «Президенттік биліктің ресми символдары және Ресей Федерациясының жаңадан тағайындалған қызметіне кірісу кезінде оларды қолдану туралы» Жарлыққа қол қойды.

430 жыл бұрын (1583) ағылшын теңіз саяхатшысы Х.Джилберт Ньюфаундленд аралын Британияның меншігі деп жариялап, онда алғашқы халықты қоныстандырды (Солтүстік Америкадағы алғашқы ағылшын колониясы).

224 жыл бұрын (1789) Францияда крепостнойлық құқық алынып тасталды.

155 жыл бұрын (1858) тұңғыш трансатлантикалық телеграф ашылды. Патшайым Виктория мен АҚШ президенті Джеймс Бьюкенен бір-бірімен сәлемдемемен алмасты.

152 жыл бұрын (1861) АҚШ әскерінде денеге жарақат сала отырып жазалауға тыйым салынды. 

129 жыл бұрын (1884) Нью-Йорктың Бедлоу аралында «Бостандық» статуясының алғашқы іргетасы қаланды.

123 жыл бұрын (1890) Британия Мадагаскарды Францияның меншігі деп санауға келісті.

97 жыл бұрын (1916) Американың сағыздары алғаш рет Францияның нарығына түсті.

73 жыл бұрын (1940) Латвия  КСРО-ның құрамына қабылданды.

12 жыл бұрын (2001) Американың саяхатшысы Стив Фоссетт әуе шарымен дүниежүзілік саяхатқа алтыншы рет аттанды.

  ЕСІМДЕР

91 жыл бұрын (1922) авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры БИГЕЛДИНОВ Талғат Жақыпбекұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Майбалық ауылында туған. Саратов және Орынбор әскери авиациялық училищесін бітірген.

Балалық және жастық шақтарын Бішкекте өткізді. 16 жасында аэроклубқа оқуға түсті. 1943 жылдың қаңтарында Бигелдинов Калинин майданына келді және алғашқы шайқастарда-ақ жеңімпаз болды.

1944 жылдың 26 қазанында оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл уақытқа дейін ол 200 әскери ұшулар жасады. Т.Бигелдинов Берлин үшін шайқасқа да қатысты.

1945 жылдың 27 маусымында оған екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. ол Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет иеленген 65 әскери ұшқыштың бірі болды.

Бигелдинов Отан соғысындағы өзінің әскери жолын құрметпен аяқтап, 1945 жылдың 24 маусымында Жеңіс шеруіне қатысты.

1950 жылы Бигелдинов Әскери-әуе академиясын аяқтады және 1956 жылдарға дейін КСРО Қорғаныс Күштерінің қатарында командир орынбасары және авиациялық полк штабы басшысы қызметтерінде жұмыс істеді.

1956 жылы авиацияның генерал-майоры Бигелдинов запасқа кетті.

1957-1970 жылдар аралығында - Азаматтық авиацияның қазақ территориалдық басқармасының аға инспекторы және бастықтың орынбасары. 1968 жылы Бигелдинов Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын сырттай бітіріп, ұзақ уақыт бойы ҚазКСР мемлекеттік құрылымы жүйесінде басшылық қызметтерде жұмыс істеді.

Т.Бигелднинов сондай-ақ Ленин орденімен, екі рет Қызыл Ту орденімен, Отан соғысының ІІ және ІІІ дәрежелі ордендерімен, Қызыл Жұлдыз, Александр Невский, ІІІ дәрежелі Даңқ, және өзге де отандық және шетелдік ордендермен және медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1953) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЛЕБАЕВА Жібек Рахымбердіқызы дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1975 жылдан Талдықорған (қазіргі Алматы облысы) драма театрында қызмет істеген. Қазір Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар және жастар театрының актрисасы. Осы театр сахнасында Ақтоқты, Ұлпан (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты», «Ұлпан»), Қарагөз (М.Әуезов «Қарагөз»), Елена Андреевна (А.Чехов «Дядя Ваня»), Катерина (У.Шекспир «Асауға тұсау»), Гүлдариға (Д.Исабеков «Алтын бесік») рөлдерін ойнаған.

89 жыл бұрын (1924) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері ТӘНЕКЕЕВ Сәйдәлім Нысанбайұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1947-1949 жылдары - Алматы облысы Ұйғыр аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім бастығы. 1952-1959 жылдары - Алматы облысы Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Іле аудандық атқару комитетінің төрағасы, Ұйғыр аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1960-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Республикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін атқарған. 1963-1986 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1988 жылдан Қазақстан мүгедектер қоғамының төрағасы қызметін атқарады.

Екі рет І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», төрт рет «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, Моңғолияның «Құрмет» орденімен, төрт рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Халықаралық кооператив альянсінің «Құрмет белгісі» грамотасымен, бірнеше медальмен марапатталған.

74 жыл бұрын (1939) күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЖЕЛДІБАЕВ Әбдімомын дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Жамбыл мәдени ағарту училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1964 жылдан Шу аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. 30 жылдан астам уақты «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етті.

Композитордың «Арман құс», «Абай арманы», «Жамбыл толғауы», «Тұран елі» сияқты 70-тен астам күйі мен әні бар. Оның «Ерке сылқым» күйі халыққа кеңінен таралған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

64 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі ТАЛҚАМБАЕВ Бақтыбек Омарұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу сәулет институтының сәулет факультетін, КСРО Суретшілер одағы жанындағы Е.А.Роземблюмнің дизайн орталық оқу-әдістемелік студиясын бітірген. Қылқалам шебері ұзақ жыл бойы қолданбалы өнердің сан түрлі саласында жемісті еңбек етіп келеді. Ол қазақ үйге қажетті есіктер, кебежелер, ыдыс-аяқтарды ағаштан ойды. Сәулетші ретінде Шымкент қаласындағы бірқатар ғимараттардың жобасын жасады. Оның көптеген өнер туындылары Жапония, АҚШ, Франция, Болгария, Норвегия және ТМД елдерінің жеке коллекционерлерінің қорында сақтаулы.

78 жыл бұрын (1935) Дағыстан мәдени орталығының төрағасы, Қазақ КСР еңбек сіңірген ұстазы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Қазақ КСР халықтық білім беру ісінің үздігі, КСРО ағарту ісінің үздігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Құрметті теміржолшы УВАЙСОВ Мусаннип Зиятдинулы дүниеге келді. Дағыстан Республикасында туған. Ақтөбе педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.

1957 жылдан Алматы қаласы мектептерінде бастауыш сыныптар мен математика пәнінің мұғалімі болған. 1964-1974 жылдары - №77 орта мектебі директорының орынбасары, №17 орта мектептің директоры. 1974-1983 жылдары - Алматы қаласы Ленин аудандық (қазіргі Жетісу) халықтық білім беру бөлімінің бастығы. 1983-1989 жылдары - Алматы темір жол оқу орындары бөлімінің бастығы. 1989-1991 жылдары - Алматы қаласы халықтық білім беру басқармасының бастығы. 1991-1996 жылдары Алматы темір жол оқу орындары бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 1996 жылы зейнеткерлікке шығып, сол жылдан Дағыстан мәдени орталығының төрағасы мен «Центр» ПИК басқарма төрағалары қызметін атқарады.

«Құрмет Белгісі», «Достық» ордендерімен, «Еңбек ардагері», «За доблестный труд», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан темір жолына 100 жыл» медальдарымен марапатталған.

72 жыл бұрын (1941) «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, 2005, 2006 және 2008 жылдарғы «Алтын Адам» атағының иегері, «Жүзжылдықтың меценаты» (Мәскеу, 2007) ЫСҚАҚОВ Сапар дүниеге келді.

С.Ысқақов мамандығы бойынша құрылысшы. Өзінің еңбек жолын Арқалықта шебер қызметінен бастады. 1991 жылы кәсіпкерлікпен айналыса бастады.

Қазақстандағы мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетуші бірден-бір меценат.

56 жыл бұрын (1957) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі ГОРЯИНОВ Александр Викторович дүниеге келді.

Ресей Федерациясы, Нижегород облысы, Арзамас қаласында дүниеге келген. 1978 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірді.Еңбек жолын 1978 жылы «Средазэнергостроймеханизация» басқармасында экономист болып бастады.Алматы қаласының Совет аудандық қаржы бөлімінде халық шаруашылығын қаржыландыру жөніндегі аға экономист; Қаржы министрлігіне қарасты Бақылау-тексеру басқармасының Көкшетау облысы бойынша аға бақылаушы-тексерушісі; ҚазССР Қаржы министрлігі Бақылау-тексеру басқармасының аға бақылаушы-тексерушісі, сонан кейін бас бақылаушы-тексерушісі; Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің басқарма бастығы; ҚР Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің басқарма бастығы болып жұмыс істеді. ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы-валюта бақылау комитеті Төрағасының бірінші орынбасары; ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитеті төрағасының орынбасары; ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бақылау-тексеру басқармасының бастығы; ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитеті Басқармасының бастығы; «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ішкі аудит басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.Есеп комитетінде Талдау, ұйымдастыру және кадр жұмысы басқармасының бастығы; Бақылау іс-шаралары департаментінің директоры; Аппарат басшысының орынбасары сияқты лауазымдарда болды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2006 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болып тағайындалды.

«Ерен еңбегі үшін» (2008) медалімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

56 жыл бұрын (1957) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі АРОНОВА Ирина Петровна дүниеге келді.
1957 жылы Калининград облысы Светлый қаласында туған. әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген. 1977-1984 жылдары - Қостанай облысы Наурызым аудандық мәдениет үйінің методисі болды.
1984-1985 жылдары - Қостанай облысы Наурызым аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы. 1985-1987 жылдары - Қостанай облысы Наурызым аудандық жергілікті радиоұйымдастырушысы.
1987-1992 жылдары - Қостанай облысы Наурызым аудандық атқару комитеті мәдениет комитетінің төрайымы.
1992-1992 жылы - Қостанай облысы Наурызым аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1992-1995 жылдары - Қостанай облысы Наурызым ауданы әкімінің орынбасары. 1995-1998 жылдары - Қостанай өңірлік күнкөрісі төмен азаматтарды қолдау қорының атқарушы бастығы. 1998-2007 жылдары - «Нұр Отан» ХДП-ның Қостанай облыстық филиалының бірінші орынбасары.

2012 жылғы қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001ж.), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006ж.), «Қазақстан Республикасының тәулсіздігіне 20 жыл» (2011ж.) медальдарымен,  ҚР Президенті құрмет грамотасымен (2007ж.)марапатталған.

54 жыл бұрын (1959) ҚР Жоғары сотының судьясы СМОЛИН Анатолий Сергеевич дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Свердлов заң институтын бітірген. 1986 жылы - Көкшетау облыстық сотында тәлімгер. 1987-1996 жылдары - Көкшетау облысы Красноармейск аудандық сотының судьясы, төрағасы. 1996-1998 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша аудандық сотының төрағасы. 1998-2002 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. 2002-2007 жылдары - Жоғарғы соттың судьясы. 2007 жылдан - ҚР Жоғарғы сотының қадағалау алқасының төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2010 жылғы ақпаннан бері.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен; ҚР Соттар одағының «Үш би» құрмет белгісімен марапатталған.

83 жыл бұрын (1930) словак саясаткері, Словакияның 1993-1998 жылдардағы тұңғыш президенті Михал КОВАЧ дүниеге келді.

Бөлісіңіз:
MURAǴAT