5 проценттік ипотеканы алу үшін не істеу керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы берілетін 5 проценттік ипотеканың шарттарын түсіндірді. Бүгінде банк холдингтің еншілес компаниясы болып табылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында беріледі. Бағдарлама шарттарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар арзан тұрғын үйлерді мердігерлердің көмегімен салады. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі пәтерлерді жеңілдетілген шарттармен салымшылар арасында таратады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлер 50/50 принципі бойынша беріледі. Яғни, пәтердің кемінде 50 пайызы әкімдік кезегінде тұрғандарға берілсе, ал қалған 50 пайызы аталған кезекте тұрмаған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқа салымшылары арасында бөлінеді. Әкімдіктің үй кезегінде тұрғандар да мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін банк салымшысы болуы тиіс, яғни Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот ашып, қаражат жинаулары керек», - делінген холдингтің ресми жауабында.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдетілген ипотека алатындарға нақты шарттар да қойылады. Біріншіден, ҚР азаматтығы немесе оралман статусы болуы қажет. Екіншіден, республика бойынша соңғы 5 жыл ішінде өз меншігінде тұрғын үйдің болмауы шарт. Ондай талап үміткермен бірге онымен тұратын отбасы мүшелеріне де қатысты. Үшіншіден, соңғы екі жылдың тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы. Төртіншіден, төлем қабілетін растау қажет.

«Мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар пәтерлерді жылдық 5 пайыз жеңілдетілген мөлшерлемемен алу үшін олардың шотында тұрғын үй бағасының 20 пайызын құрайтын мөлшерде қаражат сомасы болуы керек. Алғашқы жарнаны салымшы банктегі шотында біртіндеп жинауына немесе қажетті қаражатты бірден салуына болады. Зайем 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі (сондықтан бағдарламаны «5-20-25» деп те атайды). Мәселен, ауданы 60 шаршы метрді құрайтын 8,4 млн.теңгелік екі бөлмелі пәтер бойынша ай сайын орта есеппен 60 мың теңгеден төлеп тұру қажет», - дейді холдинг мамандары.

Ресми мәліметке сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысушыларды қолдау үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына 5 жылдың ішінде (2017- 2021 жж.) 120 млрд. теңгені бөлу қарастырылған. Аталған қаражат бірнеше транш бойынша жыл сайын бөлініп келеді. 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңның аясында 2019 жылы 28 млрд. теңгені бөлінеді. Бұл бюджеттік несие. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жылдық 0,15 пайызбен 20 жылға беріледі. Бөлінген қаражат 3 111 салымшыға өз баспана жағдайын жақсарту үшін қолжетімді заемдар алуға мүмкіндік береді. Жақында Үкімет аталған қажыны бөлу туралы қаулыны қабылдаған болатын. https://kaz.inform.kz/news/turgyn-uy-zhinak-banki-5-20-25-shartymen-ipoteka-beredi_a3499659 Сондай-ақ, ол қаржы қалған 15 жыл ішінде 3 рет айналымға түсіп, тағы 6 мың салымшыға заем беруді қамтамасыз етеді.

Бағдарлама іске қосылғаннан бері (2016 жылдың соңы) Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бүгінде 69 млрд. теңге көлемінде алынған қаражаттың есебінен (2016 ж. - 22 млрд.теңге, 2017 ж. - 8 млрд.теңге, 2018 ж. - 39 млрд теңге) 74,5 млрд теңгеге 9 057 заем берді. Бөлінген қаражат (69 млрд.теңге) пен берілген несие сомасы (74,5 млрд теңге) арасындағы айырмашылық бөлінген ақшаның қайта айналымға түсу себебінен пайда болды.

Мемлекеттік бағдарлама басталғаннан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жалпы сомасы 107,4 млрд.теңгені құрайтын 14 378 пәтер пайдалануға берілді, соның ішінде 2018 жылда 64,9 млрд.теңгені құрайтын 8 724 пәтер тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар