5 облыс инвестиция тарту жұмысын жандандыруы тиіс – Әсет Ерғалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жеке инвестиция тартуда еліміздің 12 өңірінде оң өсім байқалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығында 3,1 пайыз деңгейінде тұрақты өсім байқалды. 13 өңірде оң серпін көрініп отыр. Мал мен құс еті, сиыр сүтін өндірудің артуы есебінен Ақмола облысы ең жоғарғы өсуді көрсетті. Бұл ретте, тауық жұмыртқасы өндірісінің төмендеуіне байланысты Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында төмендеу тіркелді», - деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайында баяндаған министр.

Сонымен қатар ол 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлік бөліністегі жалпы жағдайға тоқталды.

«6 көрсеткіш бойынша Алматы облысы және 5 көрсеткіш бойынша – 6 өңір оң өсім көрсетті. Олар Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы. 8 өңірде 4 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді. Бұл орташа деңгей. 2 өңірде 2-3 көрсеткіш бойынша оң өсім байқалады. Бұл ретте, сауда бойынша оң аймаққа Алматы облысы, көлік бойынша Атырау облысы енді», - деді Әсет Ерғалиев.

Министр жеке инвестицияларды тарту бойынша 12 өңірде оң өсім байқалатындығын, оның ішінде 6 өңірде өсім 20 пайызға жоғары екендігін айтты.

«Сонымен қатар, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қызылорда және Маңғыстау облыстарына инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жандандыру қажет. Аталған өңірлерде жеке инвестиция төмендеуі байқалуда», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар