5 наурыз. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 5 наурыз тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

157 жыл бұрын (1866-1937) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттық Алаш қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы, ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы БӨКЕЙХАН дүниеге келді.

Қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) туған. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед тарайды.

Әкесі Нұрмұхамед Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға беріп, кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. 16 жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне түседі, 20 жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Оқумен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан.

Әлихан жас кезінен-ақ қазақ қауымының өзекті мәселелерін жан-тәнімен түйсініп өседі. Халқына білім мен мәдениеттің ауадай қажеттігін жасынан ұғынған. Оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. «Народная свобода» партиясына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Әлихан сол кезден бастап өзін саяси тұлға ретінде қалыптастыра бастаған.

Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, сол газетке «Қыр баласы» деген атпен өзекті мақалалар жазды. «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскерін жасақтады.

Әлихан Бөкейхан миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.

67 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жоғары қолбасшылығының өкілі, генерал-майор Руслан Сәдуақасұлы ӘЛІМОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Орта мектептен кейін Благовещенск жоғары танк командалық училищесін (1977), сауытты- танк әскері Әскери академиясын (1989), РФ ҚМ Бас штаб Әскери академиясын бітірген (1998).

ҚР Қорғаныс министрлігінде кіші сержанттарды дайындайтын гвардиялың округтік оқу орталығы мотоатқыштар полкінің командирі, мотоатқыштар дивизиясы мотоатқыштар полкінің командирі (1993-95), ҚР ҚК Бас штабы жедел басқару бөлімінің аға офицері болып қызмет етті. Армия корпусы штаб бастығының орынбасары - бөлім бастығы, сақтау базасы бастығының орынбасары - штаб бастығы, ҚР ҚК Бас штабы жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары (1995-2000) болды. ҚР Президенті әкімшілігі басшысының қарамағында, ТМД қатысушы мемлекеттер Әскери ынтымақтастығын реттейтін штабының ерекше тапсырма (ҚР ҚК өкілі) жүктелетін офицері, Батыс әскери округ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, «Батыс» аймақтық қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитеті жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары, комитет төрағасының орынбасары (2000-2010), ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшының бірінші орынбасары - Бас қолбасшы Басқармасы бас штабының бастығы (2010 ж. маусымынан). Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары (2009-2013), Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары (2013-2017) қызметін атқарды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Қарулы Күштеріне 20 жыл», «Мінсіз қызметі үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталды.

62 жыл бұрын (1961) мемлекет қайраткері Дания Мәдиқызы ЕСПАЕВА дүниеге келген.

Ақтөбе облысында туған. Алматы есеп-несие техникумын (1982); Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1993) бітірген, экономист.

Еңбек жолы: КСРО Мемлекеттік банкінде Ақтөбе облыстық басқармасы несие бөлімінің экономисі (1982-1986); аға экономисі (1986-1987); Өнеркәсіп-құрылыс банкі облыстық басқармасы ақша айналымы бөлімінің аға экономисі (1988-1991); «Тұран» СО Ақтөбе филиалының бас есепшісі (1992); «Тұран» СО Ақтөбе филиалы директорының орынбасары (1992-1995); Қазақстан Әлем Банкі Ақтөбе облыстық басқармасының бас маманы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығының міндетін атқарушы (1995-1997); «Тұран Әлем Банкі» АҚ директорының корпоративтік бизнес жөніндегі орынбасары (1998-2005); «Тұран Әлем Банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры (2006-2014); «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры (2014-2016). ) ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі (2016-2021). Парламент Мәжілісінің VIІ шақырылым депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы (2021-2023).

«Құрмет» (2011) орденімен; «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», «Үздік қаржыгер» медальдарымен марапатталған.

57 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жоғары қолбасшылығының өкілі, генерал-лейтенант Талғат Сәбитұлы МҰХТАРОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы Теміртау қаласында туған.

Еңбек өтілі: ҚР Бас прокуратурасы әскери прокуратура органдарында қызмет еткен (1992-1994); ҚР ҰҚК органдарында - аса маңызды істер бойынша аға тергеуші, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Департамент бастығының орынбасары (1997-2011); ҚР Қорғаныс министрлігі кадр департаментінің бастығы (2011-2014). Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары (2014-2016); Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Этика жөніндегі уәкілі (2016-2019); Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс басқармасының бастығы (2019-2020); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары (2020-2021).

II дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, 15 ведомстволық, мерейтойлық медальмен марапатталған.

46 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының орынбасары Әсет Қазақбайұлы ШЫНДАЛИЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген, заңгер (1998).

Еңбек жолы: Ақмола көлік прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі (1998-1999); бөлімнің аға прокуроры, прокурордың ұйымдастыру-бақылау жұмысы жөніндегі аға көмекшісі (1999-2002); ұйымдастыру-бақылау басқармасының аға прокуроры, Хатшылық бөлімінің бастығы, ҚР Бас прокуратурасы аппараты басқармасының бастығы (2002-2008); басшының м. а. ҚР Бас Прокуроры аппаратының басшысы (2008-2009); аппарат басшысы ҚР Бас прокурорының орынбасары (03.2009-04.2009); ҚР Бас Прокуроры аппараты басшысының орынбасары (04.2009-05.2009); Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары (2009-2010); ҚР Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің инспекторы (2010-2021).

Қазіргі қызметін 2021 жылғы сәуірден бастап атқарып келеді.


Соңғы жаңалықтар