+7 (701) 759 90 19
USD 427.91 EUR 506.9
RUB 5.6 CNY 64.17
Jańalyqtar

5 наурыз. Туған күн иелері

2020 жылғы 5 наурыз 08:08
Бөлісіңіз:
5 наурыз. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 5 наурыз тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

154 жыл бұрын (1866-1937) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттық Алаш қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы, ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы БӨКЕЙХАН дүниеге келді.


Қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) туған. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед тарайды.

Әкесі Нұрмұхамед Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға беріп, кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. 16 жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне түседі, 20 жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Оқумен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан.

Әлихан жас кезінен-ақ қазақ қауымының өзекті мәселелерін жан-тәнімен түйсініп өседі. Халқына білім мен мәдениеттің ауадай қажеттігін жасынан ұғынған. Оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. «Народная свобода» партиясына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Әлихан сол кезден бастап өзін саяси тұлға ретінде қалыптастыра бастаған.
Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, сол газетке «Қыр баласы» деген атпен өзекті мақалалар жазды. «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскері жасақталды. Әлихан Бөкейхан миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.
1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.

64 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жоғары қолбасшылығының өкілі Руслан Сәдуақасұлы ӘЛІМОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған, орта мектептен кейін Благовещенск жоғары танк командалық училищесін (1977), сауытты- танк әскері Әскери академиясын (1989), РФ ҚМ Бас штаб Әскери академиясын бітірген (1998).

ҚР Қорғаныс министрлігінде кіші сержанттарды дайындайтын гвардиялың округтік оқу орталығы мотоатқыштар полкінің командирі, мотоатқыштар дивизиясы мотоатқыштар полкінің командирі (1993-95), ҚР ҚК Бас штабы жедел басқару бөлімінің аға офицері болып қызмет етті. Армия корпусы штаб бастығының орынбасары - бөлім бастығы, сақтау базасы бастығының орынбасары - штаб бастығы, ҚР ҚК Бас штабы жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары (1995-2000) болды. ҚР Президенті әкімшілігі басшысының қарамағында, ТМД қатысушы мемлекеттер Әскери ынтымақтастығын реттейтін штабының ерекше тапсырма (ҚР ҚК өкілі) жүктелетін офицері, Батыс әскери округ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, «Батыс» аймақтық қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитеті жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары, комитет төрағасының орынбасары (2000-2010), ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшының бірінші орынбасары - Бас қолбасшы Басқармасы бас штабының бастығы (2010 ж. маусымынан). Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары (2009-2013), Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары (2013-2017) қызметін атқарды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Қарулы Күштеріне 20 жыл», «Мінсіз қызметі үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталды.

61 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Жамбыл облысынан сайланған депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Әбдәлі Тоқбергенұлы НҰРАЛИЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. 1981 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: Торғай облысындағы Жақсын элеваторында шебер, механик (1981-1983); Торғай облысындағы Челгашинский элеваторының бас инженері (1987-1988); Торғай облысындағы Челгашинский элеваторының директоры (1988); Целиноград облысындағы Краснознаменский элеваторының бас инженері (1988-1989); Жуалы ауданы Бурный астық қабылдау пунктінің директоры (1989-1996); «Алтын дән» Акционерлік қоғамының президенті (1996-2001); Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімінің орынбасары (2001-2003); Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімі (2003-2007); Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының әкімі (2007-2012); Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы (2012-2015); Жамбыл облысы әкімінің орынбасары (2015-2017).

Қазіргі лауазымын 2017 жылғы маусымнан бері атқарып келеді.

59 жыл бұрын (1961) ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дания Мәдиқызы ЕСПАЕВА дүниеге келген.

Ақтөбе облысында туған. Алматы есеп-несие техникумын (1982); Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1993) бітірген, экономист.

Еңбек жолы: КСРО Мемлекеттік банкінде Ақтөбе облыстық басқармасы несие бөлімінің экономисі (1982-1986); аға экономисі (1986-1987); Өнеркәсіп-құрылыс банкі облыстық басқармасы ақша айналымы бөлімінің аға экономисі (1988-1991); «Тұран» СО Ақтөбе филиалының бас есепшісі (1992); «Тұран» СО Ақтөбе филиалы директорының орынбасары (1992-1995); Қазақстан Әлем Банкі Ақтөбе облыстық басқармасының бас маманы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығының міндетін атқарушы (1995-1997); «Тұран Әлем Банкі» АҚ директорының корпоративтік бизнес жөніндегі орынбасары (1998-2005); «Тұран Әлем Банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры (2006-2014); «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры (2014-2016).

Қазіргі қызметінде 2016 жылғы наурыздан бері.

«Құрмет» (2011) орденімен; «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», «Үздік қаржыгер» медальдарымен марапатталған.

54 жыл бұрын (1966) ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Сәбитұлы МҰХТАРОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы Теміртау қаласында туған.

Еңбек өтілі: ҚР Бас прокуратурасы әскери прокуратура органдарында қызмет еткен (1992-1994); ҚР ҰҚК органдарында - аса маңызды істер бойынша аға тергеуші, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Департамент бастығының орынбасары (1997-2011); ҚР Қорғаныс министрлігі кадр департаментінің бастығы (2011-2014).

Қазіргі қызметінде - 2014 жылғы сәуірден бері.

II дәрежелі «Даңқ» орденімен; «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен; 15 ведомстволық, мерейтойлық медальмен марапатталған.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Зарина Туғанбаева

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT