5 мыңнан астам қарағандылық латын қарпімен диктант жазды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында латын қарпіндегі жалпыхалықтық диктантқа 5 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ әкімдігіне сілтеме жасап.

Еске салсақ, бүгін елімізде латын графикасы негізінде жалпықазақстандық ашық диктант өтті. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жобасы Жастар жылына арналып, диктанттың тақырыбы «2019 jyl – Jastar jyly» аталды.

Диктант ел аймақтарында бірмезгілде, сағат 11.00-де басталды.

Қарағанды облысында жалпы республикалық акцияға 5 мыңнан астам адам – студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қолдау көрсетті. Қатысушылар Қарағанды қаласының Достық үйінде, оқу орындарында, аймақтық кітапханаларда жиналды.
«Диктант жазу қиын емес. Достық үйінің лингафондық кабинетінде қазақ тілін оқимын. Бұл жобаға екінші рет қатысып отырмын. Ақпараттық технологиялар ғасырында уақыт өте келе алға жылжуымыз керек. Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы. Бұл қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруына, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге және оның болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті облыстық украиналық Т. Шевченко атындағы «Рідне слово» орталығының төрайымы Зеновия Красивская.
Жобаның мақсаты – жалпыұлттық бірлік пен келісімді нығайту, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға жәрдемдесу, халық пен қоғамды біріктіретін фактор ретінде мемлекеттік тілді үйренуге ынтаны арттыру.

Айта кетейік, диктантты мамандар тексереді. Үздік қатысушылар ҚХА-ның алғыс хаттарына ие болады.


Соңғы жаңалықтар