5 мыңға жуық елордалық жұмыссыз жүр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 5 мыңға жуық азамат жұмыссыз. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты жұмыспен қамту орталығында 4873 жұмыссыз азамат тіркелген. Оның 1249-ы жастар. Олар негізінен жастар практикасында, қоғамдық жұмыстарда қызмет істейді. Статистика бойынша, астанада NEET санатындағы 6 мыңнан астам жастар тіркелген. Яғни, олар оқымайды не жұмыс істемейді. Жалпы айтқанда, ешқандай іспен айналыспайды. Сондықтан біз жастар саясаты жөніндегі басқармамен бірлесе отырып оларды анықтап, ресми түрде жұмысқа орналастыруды ұсынамыз. Сондай-ақ, біз колледждер мен жоғары оқу орындары түлектерін диплом алғанын күтпей-ақ қызметке орналастыру бойынша жұмыс жүргіземіз», - деп атап өтті халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.

Орталық ақпаратына қарағанда, бас шаһардағы жұмыссыздық деңгейі - 4,6 пайызды құрайды. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,3 пайызға төмен.

Бұдан бөлек, брифинг барысында Азамат Байтасов жыл соңына дейін астанада 28 мың жұмыс орны ашылатынын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар