5 мың алматылық әлемнің беделді ЖОО-ларында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтарға біліктілігін арттыру үшін Coursera.org сайтынан 5 мың тегін лицензия беріледі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифингте Алматы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде оқу орнында білім алу үшін дәрістер мен практикалық сабақтарға күнделікті бару қажет емес. Елде індет тарап жатқан тұста онлайн форматтың өзектілігіне тағы бір көз жеткіздік.

Үйден шықпай-ақ оқып, білім алуға болатын көптеген веб-сайттар мен қызметтер бар. Бұл қызметтердің ішіндегі ең үлкені және беделдісі - Coursera сайты болып табылады.

«Алматының Цифрландыру басқармасы мен жұмыспен қамту орталығы Coursera компаниясымен әлемнің жетекші университеттеріне 5 мың студентті ақысыз қабылдау туралы келісімге қол жеткізді. Келісімге сәйкес 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін алматылықтар тегін білім ала алады. Бұл мүмкіндік тіркеу процесін 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін аяқтаған пайдаланушыларға ғана беріледі», - деді Баян Қоңырбаев.

Coursera - бұл әлемнің үздік университеттерінің онлайн курстарын ұсынатын онлайн білім беру платформасы. Қазіргі уақытта оның 48 елде 200-ден астам серіктесі бар. Бұл серіктестер - Стэнфорд, Пенсильвания, Принстон, Мичиган, Бейжің университеттері. Сонымен қатар Coursera IBM, Google және PwC сияқты компаниялармен серіктестік орнатты. Бұл компаниялар да Coursera бойынша курстар жүргізіп жатыр.

Coursera қалай жұмыс істейді?

Курсқа тапсырмалар, апта сайынғы тесттер және қорытынды емтихан кіреді және курс соңында сертификат беріледі. Әр курс ұзақтығы - таңдаған бағдарламаға байланысты 6-10 апта аралығын қамтиды.

Онлайн-платформада барлық материалдар бір жерде болады. Өйткені жүйеге сөздік, жаттығу жиынтықтары біріктірілген. Мұның бәрі қажетті бағдарламаны оңай іздеп, табуға көметеседі. Курстар жаңадан бастаушыларға да, білім деңгейлерін жетілдіргісі келетіндерге де арналады.

Қалай өтініш беруге болады?

Әлемдегі ең жақсы білім беретін сайттардың курстарына қатысу үшін, аты-жөні, қызмет түрі және электронды поштасы көрсетілген өтінішті [email protected] электронды мекенжайына жіберу керек. Содан кейін электронды поштаға шақыру жіберіледі. Тіркелгеннен кейін сайтта ұсынылған кез-келген курсты, мысалы IT, қолданбалы және гуманитарлық ғылымдар, экономика, медицина, менеджмент және маркетинг және т.б. курстарын таңдай алады.

Өтінім бергеннен кейін 5 күн ішінде жауап келеді. Егер жеке кабинет екі аптадан артық қолданылмаса, бірден жойылады.


Соңғы жаңалықтар