5 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
2018 жылғы 5 маусым 06:50

5 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 5 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

5 маусым, СЕЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1972 жылы бекітілген. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасын басшылыққа ала отырып өткізіледі.

Қазақстанда эколог күні

Бұл кәсіби мереке «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңында белгіленген. Мұндағы кәсіби мерекелер тізімі 2011 жылы жаңартылған болатын. Эколог күні елде демалыс күні болып саналмайды.

Дания Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Конституция күні

Дания - Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан ең кішкентай мемлекет. Ютланд түбегінің біраз бөлігін, Зеландия, Фюн, Лолланн, Фальстер, Мен, Борнхльм, т.б. аралдарды алып жатыр. Бұған қоса елдің құрамына кіретін Гренландия мен Фарер аралдарының дербес автономиялық құқықтары бар. Оңтүстігінде Германиямен шектеседі. Шығысында Балтық, батысы мен солтүстігі Солтүстік теңізімен шайылады. Әкімшілік жағынан 14 облысқа бөлінеді. Астанасы - Копенгаген. Мемлекеттік тілі - дат тілі. Ақша бірлігі - дат кронасы. Данияның басқару формасы - Конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Королева. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Фолькетинг.

Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 6 мамырда орнатылды.

Сейшель аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы - Азаттық күні (1977)

Сейшель аралдары мемлекеті Мадагаскар аралының солтүстік-шығысында, Үнді мұхитындағы аралдарда орналасқан. Әкімшілік-аумақтық жағынан 23 округке бөлінеді. Астанасы - Виктория қаласы. Ресми тілі - креол, ағылшын және француз тілдері. Ұлттық ақша бірлігі - сейшель рупийі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1938 жылы Әулиеата қаласына ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Жамбыл - Қазақстандағы көне қалалардың бірі. Ол әр жылдары Талас, Тараз, Әулиеата, Мирзоян деп аталған болатын. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға оның көне атауы (Тараз) қайта берілді.

1952 жылы КСРО министрлер кеңесінің жарлығына сәйкес, Өскемен педагогикалық институты ашылды. Институтта үш факультет (орыс тілі мен әдебиеті, физика-математика және жаратылыстану) болды. 1953 жылы оның алғашқы түлектері қанат қақты.

1980 жылы Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұловның музейі ашылды. Музейге қойылған іс-қағаздар, газеттер, фотосуреттер мен өнер туындылары қазақ халқының даңқты қызы, Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың (1924-1944) өмірін суреттейді.

1991 жылы КСР Қазақ министрлер кеңесінің «Міржақып Дулатовтың есімін Торғай облысы «Бидайық» кеңшарына және Қанапия Қайдосовтың есімін «Речной» кеңшарына беру туралы» қаулысы қабылданды.

1992 жылы Талдықорған облысы Қапал ауданының Қарашоқы мекенінде ақын Сара Тастанбекқызына ескерткіш ашылды.

1992 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Заң қабылданды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1993 жылы Республикалық көркемөнер колледжі мен Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының осы саладағы факультеттері базасында Қазақ мемлекеттік көркемөнер академиясы және Т.Қ.Жүргенов атындағы театр және кино институты құрылды. Жеті жылдан кейін жоғарыдағы екі институт қосылып, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясы болды. 2001 жылғы шілденің 5-де Президент Жарлығымен академияға «ұлттық» мәртебесі берілді.

1998 жылы Астанада Қажымұқан атындағы Орталық стадионның ашылу рәсімі болды.

1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек баба мен Домалақ ана, қасиетті Бес ана кесенесінің ашылу рәсімі өтті.

2000 жылы Алматыда жазушы Тахауи Ахтанов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

2006 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» және «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын құру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.

2006 жылы «Атамұра» баспасынан белгілі тарихшы-ғалым және қоғам қайраткері, академик Манаш Қозыбаевтың (1931-2002) «Таңдаулы еңбектері» жарық көрді. Жинаққа ғалымның қазақ мемлекеттілігі тарихындағы өзекті мәселелер мен ұлт-азаттық қозғалыстарға, Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіруі мен қазіргі замандағы тарихына қатысты тәуелсіздік жылдары жазған еңбектері кірді.

2007 жылы «Ертіс жағалауы» өлкетану қоғамының мүшелері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында тас дәуіріндегі адамдардың бірнеше қоныс орындарын тапты.

Археологтар бұл табылған заттарды энеолит кезеңіне жатқызды. Бұл жерде табылған жебелер, қырғыштар, жоңқалардың ұштары ғалымдардың жорамалдарын растайды. Ғалымдар олардың жақсы ұста болғандарын атап өтті. Мысалы, тас жоңқаларымен немесе қырғыштармен малдарды мүшелеген.

2009 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтында «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» жаңа оқулығы мен хрестоматиясының тұсаукесер рәсімі өтті. «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» хрестоматиясы қазақ және орыс тілінде дайындалған.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихы» хрестоматиясы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне арналған.

2010 жылы ОҚО Созақ ауданында қазақстандық-канадалық бірлескен «Инкай» кәсіпорнының басты өндірістік кешені іске қосылды.

2011 жылы Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы классикалық музыкаға арналған «Classic» радиостансасы пайда болды.

2012 жылы Мұқағали Мақатаевтың шығармалары цифрлық форматқа көшірілді.

2012 жылы Шанхай қаласында «Transport Logistic China 2012» атты халықаралық көрме өтті. Оған «Қазақстан темір жолы Ұлттық компаниясы» АҚ-ның өкілдері қатысты. Көрмеде Қазақстанның ұлттық павильоны ұсынылды.

2013 жылы елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорт биінен шеберлік-сабағы өтті. Мұндай шара арбаға таңылған мүгедектер арасында бірінші рет өткізілген болатын.

2013 жылы Қазақстанда үш өлшемді виртуалды телевидение жасалды.

2014 жылы Қазақстан Президенті Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Кездесу барысында мемлекет басшылары қазақ-түрік стратегиялық әріптестігін нығайтудың негізгі бағыттарын талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл «Жаңа синергия» бірлескен ортақ экономикалық бағдарламасы аясындағы бірқатар бағыттар бойынша өзара іс-қимылды арттыру мәселелерін қарастырды.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты өзінің (www.sud.kz) ресми сайтында «Сот кабинеті» электрондық жобасын іске қосты. «Сот кабинеті» сот ісін жүргізуді жеңілдетуге арналған жоба.

2014 жылы Қазақстанда жаңа Қылмыстық-атқару кодексі қабылданды.

2014 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Кәсіпкерлер қауымдастығы құрылды.

2015 жылы «МУЗ-ТВ» сыйлығын табыстау рәсімінде марқұм Батырхан Шүкеновке арнайы нөмір бағышталды. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдiң музыка индустриясына қосқан үлесi үшiн арнайы сыйлығы оның ағасы Бауыржан Шүкеновке табысталды.

2016 жылы Алматыда алматылық жеке инвесторлардың қаражатына салынған жаңа спорт саябағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тұрғындарға арналып салынған жаңа кешен Сейфуллин даңғылы бойындағы «MEGA Park» сауда ойын-сауық орталығының аумағында орналасқан.

2016 жылы Қазақстан Кариб мемлекеттер қауымдастығының бақылаушысы ресми мәртебесін алды.

2017 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты кітабы қазақ тіліне аударылды. Кітапта Си Цзиньпиннің 2012 жылдың 15 қарашасынан 2014 жылдың 13 маусымына дейін көпшілік алдында сөйлеген 79 сөзі, сұхбаты, баяндамасы, оқыған дәрістері мен құттықтау хаттары енген. Бұл кітаптың қазақ тіліне аударылуы Мемлекет басшысының үздік заманауи әдебиеттерді қазақ тіліне аудару бойынша қойған тапсырмаларына жауап беріп, мемлекеттік тілдегі әдебиет қорын толықтырады.

2017 жылы Астанада баламалы энергияның жаңа көзі пайда болды. Smartflower жүйесі күн шуағын электр қуатына айналдыруға мүмкіндік береді.

1940 жылы АҚШ-та синтетикалық резинадан жасалған алғашқы шиналар таныстырылды.

1953 жылы АҚШ сенаты Қытайдың БҰҰ-ға мүшелігін мойындамады.

1967 жылы Таяу Шығыста Израильге қарсы Мысыр, Сирия, Алжир және Ирак арасында алты күндік соғыс басталды. Бұл соғыста Израиль жеңіске жетіп, өз аумағынан 3,5 есеге артық территорияны бақылауына алды.

1975 жылы 8 жылға жабылған Суэц каналы пайдалану үшін қайта ашылды. Канал 1967 жылы алты күндік соғыстан кейін жабылған болатын.

1981 жылы америкалық ауруларды бақылау орталығы жаңа ЖИТС (СПИД) дертін тіркеді.

1991 жылы Грузияның азаматтықты беру туралы заңы қабылданды. Оған сәйкес, грузин тілін білетін адамдар ғана ел азаматы бола алады.

2006 жылы Сербия тәуелсіздігін жариялады. Сербия мен Черногория мемлекеттік бірлігі жойылды.

ЕСІМДЕР

null 63 жыл
бұрын (1955) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік және Еуропалық урологтар қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас урологы АЛШЫНБАЕВ Мырзакәрім Кәрімұлы дүниеге келді.

Өзбекстан Республикасында туған. Алматы мемлекеттік медициналық институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) бітірген.

Алматы облыстық ауруханасының, 4-Бас басқарма орталық ауруханасының дәрігер-урологы, 1986-1996 жылдары - Алматы қаласындағы клиникалардың аға ғылыми қызметкері, бас дәрігердің орынбасары, 1-қалалық аурухананың бас дәрігері қызметтерін атқарған. 1996 жылдан О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының директоры.

Негізгі ғылыми жұмыстары урологиялық ауруларды емдеу мәселелеріне арналған. Жедел пиелонефрит ауруының емдеу әдісін жетілдірді. Оның басшылығымен қуық түбі безінің қатерлі ісігінің алдын алу және оны ерте анықтау бағдарламасы жасалған. 700-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 24 монографияның, 61 өнертабыстың авторы. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.


null 58 жыл бұрын (1960) ТМД-ның Құрметті энергетигі, ҚР Энергетика министрінің орынбасары ЖАҚСАЛИЕВ Бақытжан Мұхамбетқалиұлы дүниеге келді.

Алматыда туған. 1982 жылы Алматы энергетика институтын «Жылу электр станциялары» мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын 1982 жылы Казэнергоналадкада инженер-технолог болып бастады. 1984 жылдан бастап - Екібастұз ГРЭС-1-де энергоблок машинисі, ауысым бастығы. 1990 жылдан - «Алма-АтаЭнерго» жылу желілері кәсіпорнының пайдалану ауданының бас инженері. 1993 жылдан бастап - ҚР Энергетика және отын ресурстары министрлігінің электр энергетикасы, көмір және атом өнеркәсібі бөлімінің бас маманы, бастығы. 1994 жылдан бастап - ҚР Энергетика және көмір өнеркәсібі министрлігінің экономика басқармасы бастығының орынбасары. 1997 жылы - ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі инвестициялық қызмет басқармасының бастығы. 1997 жылдан бастап - ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасының бастығы. 1998 жылдан бастап - ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігі Экономикалық саясат және арнайы бағдарламалар департаментінің директоры. 2000 жылдан бастап - «ҚазТрансГаз» ЖАҚ Энергетикалық жобалар департаментінің директоры. 2001 жылдан бастап - «KEGOC» ААҚ коммерциялық директорының орынбасары. 2003 жылдан бастап - "КОРЭМ" ЖАҚ президенті. 2004 жылдан бастап - "Пауэр Инжиниринг" директорының орынбасары. 2005 жылдан бастап - "ҚазТрансГаз" АҚ Энергетикалық жобалар департаментінің директоры. 2006 жылдан бастап - "ИнтерГаз ЦА" АҚ бас директорының кеңесшісі. 2008 жылдан бастап - "Самұрық-Қазына" АҚ Электр энергетикалық активтерді басқару жөніндегі директоры, атқарушы директоры. 2011-2014 жж ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі қызметін атқарды.

2014 жылдың тамыз айынан бері қазіргі қызметінде.

ТМД Құрметті энергетигі. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

null 49 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі - АРЫН Берік Сақбайұлы дүниеге келді.

1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Филология» мамандығын, 2007 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінің «Құқықтану» мамандығын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Орта, Таяу Шығыс және Африка басқармасының референті лауазымынан бастады.

1994-1995 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Орта, Таяу Шығыс және Африка басқармасының атташесі лауазымын атқарды.

1996-2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, екінші хатшысы, бірінші хатшысы лауазымдарында жұмыс атқарды.

2001-2002 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы.

2002 жылдың наурызынан қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бөлім бастығы.

2002 - 2006 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі.

2006 - 2007 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы.

2007 - 2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі.

2009 - 2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Аппараты басшысының орынбасары. Осы қызметте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ұйымдастырушылық сұрақтарына жауапты болды.

2011 жылғы желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2012 жылғы ақпаннан Араб Мемлекеттері Лигасы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілі, 2012 жылғы мамырдан Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі, 2015 жылғы сәуірден Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы, Тунис Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарды.

2015 жылғы маусым айында ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі берілген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 қазандағы №618 Қаулысымен Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі болып тағайындалды.

Араб және ағылшын тілдерін меңгерген.
ТМД ПАА Құрмет Грамотасымен, бір медальмен марапатталған.

null 46 жыл бұрын (1972) грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемионы МЕЛЬНИЧЕНКО Юрий Васильевич дүниеге келді.

Қырғызстанның Жалалабад қаласында туған. Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген, жаттықтырушы-оқытушы.

2004 жылдан осы кезге дейін ҚР Күрес федерациясы мен қауымдастығының вице-президенті.

57 келіге дейінгі салмақтағы XXVI Олимпиадалық ойындардың чемпионы (Атланта, 1996); әлем чемионы (1994, 1997); Азияның 3 дүркін чемпионы (1995, 1996, 1997); Азия ойындарының чемпионы (Хиросима, 1994); Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Прага, 1995; Афины, 1999); жастар арасындағы әлем чемпионы (1990, 1991); Қазақстанның 7 дүркін чемпионы; ІІ Шығысазиялық ойындар чемпионы (1991); ІІ Орталықазиялық ойындар чемпионы (1997).

Грек-рим күресі бойынша ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері болған. XXVIII Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері Георгий Цурцумияны жаттықтырды.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденімен марапатталған.

null 38 жыл бұрын (1980) Дзюдодан спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы ҚАЛИЕВА Шолпан Сейдоллақызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

1998-2003 жылдары Қазақстан Республикасының чемпионы болған. 1998 жылы Тбилиси мен Бішкек қалаларында өткен Халықаралық турнирлердің қола жүлдесіне ие болып, 2002 жылы Оңтүстік Кореядағы Пусан қаласындағы Азия ойындарының қола жүлдегері атанған. 2004 жылы Афинадағы және 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына қатысқан.


300 жыл
бұрын (1718-1779) ағылшын жиһаз өнерінің шебері Томас ЧИППЕНДЕЙЛ дүниеге келді.

null 294 жыл бұрын (1723-1790) британ экономисі, философ СМИТ Адам дүниеге келді.

Шотландияда туған. «Адамгершілік сезімдер теориясы» және «Халық байланысының табиғаты мен себептері туралы зерттеу» атты күрделі кітаптар жазған. Соңғы кітабы 18 ғасырда жарық көрген ең елеулі туындылардың бірі болып саналады. Смит өзінен бұрын өмір сүрген ғалымдардың идеяларын қорытындылап, экономика ғылымының категориялары, әдістері мен ұстанымдары жүйесін жасаған. Аталмыш кітап Ұлыбритания мен басқа да Еуропа елдерінде капитализмнің дамуына шешуші ықпал еткен. Смиттің кейбір қағидалары күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Смит еңбек құны (құндылық) теориясының қарапайым қағидаларын мойындаған, бірақ ол тек қарабайыр күйінде ғана, өндіріс құрал-жабдығы ретінде түсінілетін капиталдың еңбек үдерісінде болмашы рөл атқаратын кезінде ғана тауар айырбасын реттейді деп есептеген. Смит салық салудың, банк жүйесінің, сыртқы сауда саясатының ұтымды қағидаларын әзірлеуге де елеулі еңбек сіңірген.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT