5 мамыр. Тұлғалар туған күн

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 5 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандар назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

127 жыл бұрын (1896-1979) актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Серәлі (Серке) ҚОЖАМҚҰЛОВ дүниеге келді.

Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Троицкідегі Уазифа мектебінде, Орынбор қаласындағы Татар халық ағарту институтында оқыған.

Осы жылдары «Мұсылмандар клубында» Б.Майлиннің «Қаламқас», «Бетім-ау, құдағи ғой», «Қасқырбай», «Неке қияр» т.б. шағын пьесаларда рөлдерді ойнаған. 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ драма театрына И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, Ж.Шаниндермен бірге Қожамқұловтың шақырылуы оның актерлік өміріне даңғыл жол салған елеулі оқиға болды.

Осы тұста сахна өмірінен тәжірибесі мол Қожамқұлов театрдың алғашқы режиссері ретінде қызмет етті. Театр 1926 жылы қаңтардың 13-де ресми түрде ашылып, бірнеше спектакльді сахнаға шығарды.

Ол 30-шы жылдардан бастап «Райхан», «Амангелді», «Ана туралы аңыз», «Тыныштық», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», т.б. фильмдерге түсіп, Қазақстанның кино өнерінің дамуына өз үлесін қосты.

Қожамқұлов туралы режиссер Қ.Әбусейітов «Сераға» атты деректі фильм түсірсе, композитор Ә.Бейсеуов «Сераға туралы әнін» шығарған. Жезқазған қаласындағы музыкалық драма театры мен Алматыдағы бір көшеге есімі берілген.

Үш мәрте Ленин орденімен, Қазан революциясы, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

6 1 жыл бұрын (1962) Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, басқарма төрағасы Нұрлан Орынбасарұлы ДУЛАТБЕКОВ дүниеге келді.

1984 жылы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды аяқтап, 1992 жылы ҚР ҒА философия және құқық институтының аспирантурасын тәмамдады.

1984 жылдан 1996 жылға дейін Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де қылмыстық құқық және криминология кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент және кафедра меңгерушісі болды.

1996 жылдан бастап 2013 жылға дейін Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры, «Карлаг – болашақ үшін есте сақтау» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.

2013 жылдың маусым айынан бастап 2016 жылдың наурызына дейін Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің (VI шақырылым) депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі (2016-2020).

Қазіргі қызметінде 2020 жылдың тамыз айынан бері.

Заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі. 150-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. «Достық» (II дәрежелі) орденінің иегері.

6 1 жыл бұрын (1962) әнші, сазгер, заманауи хит-әндердің авторы, Британдық композиторлар мен ән авторлары академиясының (B.A.C.S.) «Best European Entry» арнайы марапатының, «Тарлан» сыйлығының иегері Еркеш ШӘКЕЕВ дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау облысында Рузаевка ауылында туған. Музыкамен кәсіби деңгейде 1987 жылы республикалық «Жастар дауысы» жас дарындар байқауындағы жеңісінен (1-орын және көрермендер көзайымы жүлдесі) кейін айналыса бастады.

Осы жеңістен кейін ол Тасқын Оқапов жетекшілік еткен «Арай» ансамбліне орындаушы-автор ретінде жұмысқа шақырылды.

Кейін ол тек жеке әншілікпен ғана айналысып қоймай, қазақстандық және ресейлік жұлдыздарға арнап көптеген әндер жазды.

5 5 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасының мемлекеттік және саяси қайраткері Сапархан Кесікбайұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданының Отрабат станциясында туған. 1995 жылы Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын экономика және әлеуметтік жоспарлау мамандығы бойынша бітірді.

2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1985 жылы Түркістан құрылыс және жол машиналарын жөндеу зауытында жұмысшы болып бастады. 1986-1988 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын атқарды.

1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясында маман, бөлім бастығы болып жұмыс істеді. 1996-2001 жылдары «Азық түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-да бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, департамент директоры.

2006 жылғы қаңтарда «Азық түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның вице-президенті болып тағайындалды. 2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламентінің Шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары.

2008-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2011-2014 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі. 2014-2016 жылдары – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

2016-2019 жылдары – ҚР Парламенті Мәжілісінің (VI шақырылым) «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы.

2019-2021 жылдары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.

«Тыңға 50 жыл» (2004), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

50 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасының Норвегия корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Әділ Қапанұлы ТҰРСЫНОВ дүниеге келді. Алматы қаласында туған. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2001 жылы ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 1994-1996 жылдары – ҚР СІМ халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының референті, атташесі.

1996-1999 жылдары – Қазақстан Республикасының Үндістандағы елшілігінде атташе, үшінші хатшы, Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы елшілігінде екінші хатшы. 1999-2001 жылдары - ҚР СІМ Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы. 2001-2004 жылдары - ҚР СІМ-де түрлі басшылық лауазымдар атқарды.

2004-2008 жылдары – Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы уақытша сенімді өкілі (кеңесші-уәкіл). 2008-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары.

2009-2012 жылдары – ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры. 2012-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Грузиядағы уақытша сенімді өкілі, Қазақстан Республикасының Грузиядағы елшілігінің кеңесші-уәкілі.

2015-2016 жылдары – ҚР СІМ ТМД департаментінің директоры. 2016-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2019 жылғы наурыздан бері.

2019-2022 жылдары – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кеңесшісі, Елбасы Кеңсесінің Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

Қазіргі қызметінде 2023 жылдың қаңтар айынан бастап.

46 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Руслан Бүркітбайұлы ӘЛКЕНЕВ дүниеге келді.

Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын құқықтану мамандығы бойынша; Павлодар агроөнеркәсіптік техникумы, шаруашылық қызметті есепке алу және талдау бойынша экономист мамандығы бітірген.

Еңбек жолы: Павлодар облысы, Качир ауданы, «Коммунар» колхозының агроном-есепшісі (1996); Павлодар қаласы Индустриалды аудандық сотының сот отырысының хатшысы (1997-1998); Павлодар қаласы Индустриалды аудандық сотының сот приставы (1998-1999); Павлодар қаласы Индустриалды аудандық сотының аға сот приставы (1999); Павлодар облысы бойынша Соттар әкімшісінің ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімінің бас маманы (1999-2001); Павлодар облысы бойынша Соттар әкімшісінің талдау жұмысының атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы (2001-2002); Павлодар облысы Соттар әкімшісінің аға сот приставы (2002); Екібастұз қаласы прокуратурасы бөлімі прокурорының міндетін атқарушы (2002); Екібастұз қаласы прокуратурасының, Павлодар облысы прокуратурасының азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот шешімдерінің және атқарушылық өндірістің заңдылығын қадағалау бөлімінің тағылымдамашы-прокуроры (2002-2003); Павлодар облысы Екібастұз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры (2003); Павлодар облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорының көмекшісі (2003-2004); Павлодар облысы прокуратурасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы полициясы және кеден комитеті органдарында тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау департаментінің аға прокуроры (2004-2007); Павлодар облысы прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры (2007); Павлодар облысы прокуратурасының мемлекеттік органдарының қызметіндегі заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры (2007-2008); Павлодар облысы прокуратурасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы полициясы және кеден комитеті органдарындағы тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы (2008); Павлодар облысы прокурорының Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі көмекшісі (2008-2009); Павлодар облысы прокуратурасының ішкі істер органдарында тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы (2009-2010); Павлодар облысы прокуратурасының қылмыстық процестің заңдылығын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары (2010); Павлодар облысы прокуратурасының ішкі істер органдарында тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы (2010-2012); Павлодар облысы прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы (2012); облыс прокурорының қарауында (2012); Павлодар облысы Павлодар қаласы прокурорының орынбасары (2012-2013); Қазақстан Республикасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Талдау жұмысы және құқықтық реттеу басқармасының басшысы (2013-2015); ҚР ПМ Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Құқықтық статистиканы қалыптастыру департаментінің басшысы (2015-2017); ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы (2017-04.2018)

2018 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.


Соңғы жаңалықтар