5 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі
2019 жылғы 5 қараша 07:00

5 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2019 жылғы 5 қарашаға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Цунами мәселесі туралы ақпарат таратудың дүниежүзілік күні

2015 жылдың желтоқсанында Жапония өкілдерінің бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының (A / RES / 70/203) резолюциясымен бекітілді. Бұл дата жапон делегациясының бастамасымен таңдап алынды. Бұл таңдау 1854 жылдың 5 қарашасында өз ауылының тұрғындарын құтқару үшін меншігін құрбан еткен шаруа туралы «Инамура-ну-хи» әңгімесімен байланысты. Ол ауыл тұрғындарына қауіп туралы ескерту үшін өз егісін жаққан. Соның арқасында тұрғындар аман қалған. Ол цунамиден кейін ауылды қалпына келтіруге белсенді қатысты.

Менеджер волонтерлардың халықаралық күні

Бұл мереке америкалық Нану Хаутроунның арқасында пайда болған. Ол ұзақ уақыт бойы кәсіби деңгейде еріктілер менеджментімен айналысқан. Алғаш рет мереке 1999 жылы 5 желтоқсанда аталып өтті. Бірақ, уақыт өте келе бұл мереке кеңінен таралып, дата 5 қарашаға ауыстырылды. Қазіргі таңда оны әлемнің 18 мемлекеті атап өтеді.

Қазақстанда Сыртқы барлау күні

1993 жылғы 15 қазанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен Қорғаныс министрлігінің барлау бөлімшелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы барлау органдарының тарихы осы күннен басталады. Дегенмен, Қазақстанның қазіргі сыртқы барлау қызметі 5 қарашадан басталады. Өйткені 1997 жылғы 5 қарашада шыққан Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығына сәйкес, «Барлау» қызметі құрылды. Бүгінгі таңда ол – Қазақстан Республикасының «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1948 жылы Қазақстанның солтүстігінде машина жасау кәсіпорнының құрылысы туралы шешім қабылданды. 1960 жылдың қыркүйегінде алғашқы өндірістік корпус пайдалануға берілді. Онда АПП-125 астық тиегіштерінің алғашқы зауыттық өнімі дайындалды. Астық тиегіштер 1961 жылдың 30 наурызында дайындалды. Петропавл күрделі машина жасау зауытының қызметі басталды.

1993 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шет елдерде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясын белгілеу туралы» № 1394 қаулысы шықты.

1999 жылы Көкшетау қаласында Абылай хан ескерткіші орнатылды.

2004 жылы Қызылордадағы көшенің біріне Сағымбай Рысбаевтың есімі берілді. Ол өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары қала басшысының қызметін атқарған. Маңайдағы ауылдардың біріндегі қоймада сақталған 5-6 тонна тарыны аштықтан қиналғандарға бөліп бергені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған. Сағымбай Рысбаев Сәкен Сейфуллинмен және Бейімбет Майлинмен тығыз достық қарым-қатынаста болған.

2009 жылы Қазақстанда биометриялық төлқұжаттар беріле бастады. Жаңа төлқұжаттың соңғы парақшасында электронды чип бар. Онда тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні мен жері, азаматтығы, төлқұжат нөмірі, құжаттың берілген күні және жарамдылық уақыты, жеке идентификациялық нөмір, фото мен құжат иесінің қолтаңбасы бар. Электрондық биометриялық құжат Қазақстаннан өзге әлемнің 17 елінде бар.

2013 жылы ҚР Ұлттық банкі «Қазақстанның қалалары» сериясының «Қостанай», «Талдықорған», «Тараз» ескерткіш монеталарын айналымға шығарды. Номиналы – 50 теңге. Монеталар нейзильбер қоспасынан соғылған, диаметрі – 23 мм, массасы – 4,71 грамм, әр монетаның таралымы – 50 мың дана.

2014 жылы Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, 40-тан астам кітаптың авторы, қазақ әдебиетінің классигі Әзілхан Нұршайықовтың Құрманғазы көшесіндегі 27 жыл тұрған үйіне жазушының ескерткіш тақтасы орнатылды.

2018 жылы Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі іске қосылды. Ол Қазақстан Республикасының технологиялық даму тарихының жаңа беті болды.

2018 жылы Канаданың Калгари қаласында шорт-тректен Әлем кубогының бірінші кезеңі аяқталды. Онда қазақстандық Абзал Әжіғалиев күміс медаль еншіледі. Әжіғалиевтің 40.136 секундтық нәтижесі Қазақстанның жаңа рекорды болды.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT