5 қаңтар. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 5 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

106 жыл бұрын (1916-2001) ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханұлы МҰХАМЕДХАНОВ дүниеге келген.

Семей қаласында туған. Семей педагогика институтының филология факультетін 1941 жылы бітірген. Содан көп жыл әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарған, «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған (1951). Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашқыда өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығармалар жазды, тәржіме жасаумен де көбірек шұғылдан ды. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты. Абай төңірегіндегі атақты әншілер: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды. Қайым Мұхамедханов ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург. Шәкәрімтанудың негізін қалаушы.

Қазақ КСР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік силығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей қаласының, Аягөз, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы; жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрастырды. «Абай» журналының қайта жарық көруіне көп еңбек сіңірді. «Толқын», «Майданнан майданға», «Ер Білісбай» пьесаларының авторы. Әзербайжан драматургі У.Гаджибековтың «Аршин мол алан», татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» пьесаларын қазақшалаған. Шығармалары: Абай шығармашылықтың текстологиясы. А., «Қазақстан», 1959; Комиссар Ғаббасов. Пьесалар. А., «Өнер», 1984.

1996 жылы «Абай» энциклопедиясын шығарудағы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі. Семей қаласының құрметті азаматы. Абайдың дүниежүзілік академиясының алтын медалімен марапатталған.

87 жыл бұрын (1935-2011) қазақтың тамаша ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Республикалық «Тарлан», Халықаралық «Азияс» (монғолшадан аударғанда «талант») сыйлықтарының иегері Қадыр Ғинаятұлы МЫРЗА ӘЛІ дүниеге келді.

Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. 1962-1965 жж. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жж. «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.1993 жылдан «Балауса» баспасының директоры болды.

Тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде 40-тан астам жыр жинақтары мен әдеби-сын, ән өлеңдері мен прозалық кітаптары: «Көктем» (1959), «Данышпан» (1961), «Сабақ», «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Бұлбұл бағы» (1967), «Ақ отау» (1968), «Күміс қоңырау», (1970), «Домбыра» (екі кітап, 1971 және 1974), «Кеш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Алақан» (1981), «Саз сиқыры» (1982), «Күндер-ай» (1984), сондай-ақ тоқсаныншы жылдары таңдамалы шығармаларының бес томдығы, ал 2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан 15 томдығы шыққан. Бірнеше пьесасы сахнада қойылған. Екі жүзге жуық ән мәтіндерін жазып, «Күндер-ай» (1984) деген атпен жеке жинақ болып шықты. Көптеген өлеңдері оқулықтарға енген. Балаларға арналған өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, мысалдармен қазақ балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Олар: «Жаңғалақтар» (1960), «Данышпан» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964).

Өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин т.б. көптеген шетел тілдеріне аударылған. Ол Овийдің, Румидің, Гейненің, Гюгоның, Лермонтовтың, Есениннің, Расул Ғамзатовтың, Межелайтистің, Петифидің т.б. жырларын қазақ тіліне аударған. «Үкілі үзінділер» (1996), «Ғибратнәмә» (2001), «Жазмыш» (2001), «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Алмас жерде қалмас» (2004), т.б. көптеген кітаптардың авторы.

Орыс тілінде «Ұйқысыз түндер», «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары», «Сабақ», «Алақан», «Домбыра», өзбек тілінде «Алақан», әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы», монғол тілінде «Шымыр жаңғақ» сияқты кітаптары басылды.

1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Әнұраны жаңа мәтіні авторларының бірі. 2001 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды. «Парасат» орденінің иегері (2005).

78 жыл бұрын (1944-1993) жазушы Жақсылық ТҮМЕНБАЕВ дүниеге келген.

Қызылорда облысының Арал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1968-1975 жылдары Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің қызметкері болған. 1975 жылдан Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы ҚАЗТАГ ақпарат агенттігінде бас редактордың орынбасары, республикалық «Денсаулық» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.

Алғашқы шығармалары 1968 жылдан республикалық, облыстық баспасөзде, «Жалын» альманахында жариялана бастады. Оның «Қардағы іздер», «Қимас қазына», «Мен сүйген қыз», «Тас бөгет», «Махаббат қорығы», «Ақырғы демім біткенше» атты повестері мен әңгімелері жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Лихановтың «Шырғалаң» романын, басқа да авторлардың повесть, әңгімелерін тәржімалаған. Туған жерінде мектепке, көшеге Түменбаевтың есімі берілген.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

74 жыл бұрын (1948-2018) Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының, Баубек Бұл­қышев атындағы сыйлық­тың лауреаты Ержұман Өтешұлы СМАЙЫЛ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі болып бастаған. 1979-1987 жылдары - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редактордың орынбасары. 1987-2003 жылдары - «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орын­басары, бас редакторының бірінші орынбасары, бас редак­торы. 2003-2010 жылдары «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» ашық акционерлік қоғамының пре­зиденті, вице-президенті қызметін атқарған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

64 жыл бұрын (1958) Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Мұхтарұлы БЕКШИН дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. 1982 жылы Свердлов мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Білімі бойынша - дәрігер-гигиенашы, эпидемиолог. Медицина ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1975 жылы бастаған. Мемлекеттік органдарда түрлі қызметтерде, оның ішінде 2009 жылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет еткен.

2014-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары – ҚР бас санитариялық дәрігері қызметін атқарған. 2017-2019 жылдары ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы болды. ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігер қызметін атқарды (2019-2020). ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары - ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары (03.2020-04.2020).

Қазіргі қызметінде 2020 жылдың cәуір айынан бастап.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 5 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «5 жыл Астана», «10 жыл Астана» медальдарімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Нұрғазы Әбенұлы ӘБДІҚАНОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. 1988 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірді, заң ғылымдарының докторы.

1982-1990 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің органдарында әр түрлі лауазымдар атқарды. 1990-1996 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік тергеу комитетінің Алматы жоғары мектебінде оқытушы, аға оқытушы болып қызмет атқарды.

1997-2002 жылдары – Алматы қалалық сотының судьясы.

2002-2005 жылдары – Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы.

2005-2009 жылдары – Жоғарғы Соттың судьясы.

2009-2017 жылдары – Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстық соттарының төрағасы.

Алматы қалалық сотының төрағасы (2017-2020).

«Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

59 жыл бұрын (1963) Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры – басқарма төрағасы Асқар Мырзахметұлы НӘМЕТОВ дүниеге келді.

К.И.Скрябин атындағы Мәскеу ветеринарлық академиясын бітірген. Алматы зооветеринарлық институтының анатомия кафедрасының ассистенті, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің факультет деканының орынбасары, оқу-ғылыми-өндірістік кешеннің оқу-әдістемелік комиссиясының төрағасы, оқу бөлімінің бастығы және оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры қызметтерін атқарған. Бұған дейін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес АҚ басшысы қызметін атқарды.

Қазіргі қызметін 2017 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.

Мемлекеттік наградалармен марапатталған.

ҚР АШМ Ветеринария департаментімен бекітілген әдістемелік ұсыныстар мен 120-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. Өндіріс пен ғылыми зертханаларда қолданылып жүрген 10 өнертабыстың патент иесі.

57 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Базыл Шамұқанұлы ЖАҚЫПОВ дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. 1991 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірген, 2006 жылы Алматы экономика және статистика институтын қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Қостанай облысының әртүрлі мемлекеттік органдарында басшылық қызметтер атқарды. 2009-2012 жылдары Меңдіқара ауданының әкімі болып істеді. 2012-2015 жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары болды. 2015-2019 жылдары Қостанай қаласының әкімі. 2019-2021 жылдары Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Ауыл шаруашылығы санағы» (2007) медальдарымен марапатталған.

42 жыл бұрын (1980) Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар Әділұлы ТОҒАЙ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (құқықтанушы – заңгер) бітіріп, Л.Н.Гумилев атындығы Еуразия ұлттық университетінің (заң ғылымдарының магистрі) магистратурасын және University of Sheffiеld университетін «Болашақ» бағдарламасы – мемлекеттік басқару ісінің магистрі мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2000 жылы Алматы қаласы Түрксіб ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Алматы қаласы Бас әскери прокуратурасының әскери органдардың қызметі заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры (Алматы қаласы) (02.2002-06.2002), Қазақстан Республикасы шекара қызметі прокурорының орынбасары (Алматы қаласы) (2002-2004), Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі аппаратының заңнама бөлімінің бас кеңесшісі (Астана қаласы) (2004-2006), Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі хатшылығының бас сарапшысы (Астана қаласы) (2006-2008). Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде түрлі лауазымда қызметтер атқарған. 2017-2018 жылдары Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары болған.

2018 жылдан бері - Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі.

35 жыл бұрын (1987) Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Қуанышбек Жанболатұлы МҰХАНҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

Еңбек жолы: 2003-2005 жылдары Орал қаласында Ғ.Құрманғалев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі. 2003-2013 жылдары Алматы қаласында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің жетекші әртісі. 2011-2013 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы дәстүрлі ән кафедрасының оқытушысы. 2013-2014 жылдары Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің инспекторы. 2014-2016 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері жөніндегі комитеті кинематорграфия және театр басқармасының бас сарапшысы. 2016-2017 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері жөніндегі департаментінің мұражай және кітапхана басқармасы басшысының міндетін атқарушы, музыка өнері басқармасының бас сарапшысы. 2017-2019 жылдары Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың шілде айынан бастап.




Соңғы жаңалықтар