5 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2017 жылғы 5 қаңтар 06:10

5 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 5 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады. 5 қаңтар. БЕЙСЕНБІ.

Беларусь әлеуметтiк қорғау қызметкерлерiнiң күні

1998 жылдың 26 наурызында Беларус Республикасы Президентiнiң Жарлығымен бекітілген. Жыл сайын аталып өтедi.

АҚШ-та ұлттық құстар күні

Құстар күніне арналған іс-шараға көптеген америкалық экологиялық ұйымдар мен қозғалыстар қатысады. Олардың басты мақсаты - жоғалып бара жатқан құстарды сақтау мәселесіне билік пен жұртшылықтың назарын аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

24 жыл бұрын (1993) «Ұлттық тест орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. ҰТО-ның басты қызметі Қазақстанның білім беру жүйесіне мониторинг жасау және барлық түрдегі сыртқы емтихандарды ұйымдастыру және өткізу, тест тапсырмаларының базасын құрастыру болып табылады.

11 жыл бұрын (2006) даңқты қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлының мерейтойы құрметіне, батырдың туған жері - Жамбыл облысында «Баукең туралы толғаныстар» деп аталатын публицистикалық очерктер мен әңгімелер жинағы жарық көрді. Бұл жинаққа Қасым Қайсенов, Шерхан Мұртаза, Әзілхан Нұршайықов сынды танымал жазушылар мен әр жылдары атақты жерлестерімен кездескен жамбылдық авторлар - Елен Әлімжанов, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет және тағы басқалардың туындылары жинақталған.

11 жыл бұрын (2006) Интернетте Қарағанды облысы әкімдігінің өз ақпараттық порталы ашылды. Әкімдіктің www.karaganda-region.kz сайтында аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы толыққанды ақпарат орналастырылған. Аймақтың туристік әлеуеті жеке берілген. «Жаңалықтар» айдары соңғы қызықты оқиғаларға арналса, «сұрақ-жауап» айдары облыс әкімімен және басқа да шенеуніктермен тікелей байланысқа арналған.

11 жыл бұрын (2006) Алматыдағы «Өнер» баспасы көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің (1931-1998) «Қазақ киімі» атты кітабын басып шығарды.

8 жыл бұрын (2009) Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Кеден қызметіндегi ынтымастық және өзара көмек көрсету туралы Шанхай ұйымына мүше-мемлекеттер үкiметтері арасындағы Келiсiмдi ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

8 жыл бұрын (2009) республикамызда биометриялық төлқұжаттардың беруi басталды.

Жаңа төлқұжаттың соңғы бетінде келесі мәліметтерді қамтитын көзге көрінбейтін электронды чип орнатылған: фамилия, аты, әкесiнiң аты, жынысы, туған жері мен туған күні, азаматтығы, төлқұжаттың нөмiрi, құжаттың берілген күні және пайдалану мерзiмi, жеке идентификациялық нөмiрi, сандық фотосуреті және иесінің қолы.

Жаңа төлқұжаттардың енгізілуі бұрын берілген төлқұжаттардың күшін жоғалтпайды, олар берілген мерзім ішінде пайдаланылады. Төлқұжат халыққа қызмет көрсету орталықтарында беріледі.

Электронды биометриялық төлқұжат әлемнің он жеті елінде пайдаланылады.

Баспа директоры Әшірбек Көпішевтің айтуынша, автор бұл қолжазбасын көзі тірі кезінде 1984-1985 жылдары тапсырған. Алайда ол 1996 жылы ғана жарым-жартылай басылып шыққан. Енді осы еңбек толық көлемінде қайта жарық көрді. Мемлекеттік тапсырыспен дайындалған туындының көлемі 160 бет, таралымы 2 мың дана.

7 жыл бұрын (2010) Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашед Әл Мақтұм әлемдегі ең биік ғимаратты салтанатты жағдайда ашты.

Бүкіл әлемге «Дубай мұнарасы» ретінде танылып келген нысан ресми ашылғаннан кейін Біріккен Араб Әмірлігінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның құрметіне «Бурдж Халифа» деп аталатын болды.

Биіктігі 825 метрге жететін бұл мұнара әлемдегі ең биік және ең көпқабатты құрылыс, ең биік тұрғын үй ғимараты және әлемдегі ең биік тамашалау алаңы бар нысан (мұнараның 124-ші және 160-шы қабаттарда тамашалау алаңдары орналасқан) санаттары бойынша бірінші жүлде алып отыр.

7 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қызметін насихаттауды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген ресми веб-сайттың (www.osce2010.kz) таныстырылымы болды.

Сайтта барынша кең сілтемелері бар бүгінгі күннің навигациясы және толықмәтінді іздеу жүйесі, сондай-ақ сайттың картасы орналастырылған. Бұған қоса сайтта медиа кітапхана мен дыбыс-бейне электронды құжаттармен жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған.

84 жыл бұрын (1933) Сан-Францискода әлемге әйгілі Алтын қақпалар бұғазындағы көпірдің құрылысы басталды. Құрылыс 1937 жылы аяқталды.

41 жыл бұрын (1976) Француз премьер-министрі Жискар д'Эстен француз тілін жалғыз тіл деп, Франциядағы жарнамаларға қолдануға рұқсат етілген заңды жария етті.

18 жыл бұрын (1998) Түрікменстанның астанасында ТМД-ға кіретін ортаазиялық бес мемлекеттің - Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан басшылары кездесті.

ЕСІМДЕР

null 132 жыл бұрын (1885-1948) қазақстандық ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Николай Николаевич ПОПОВ дүниеге келді.

Ресейдің Тамбов қаласында туған. Мәскеу университетінің медицина факультетін бітірген. Қазақстанға 1929 жылы келіп, еңбек жолын Қазақстан Денсаулық сақтау халкоматында басқарма бастығы болудан бастады. 1929 жылы Жаркентте обаны, 1932-1933 жылдары Алматыда бөртпе сүзекті жою жұмысына қатысты. Қазақстан Денсаулық сақтау халкоматы Әлеуметтік денсаулық сақтау институты директорының орынбасары әрі сектор меңгерушісі болды. 1932-1948 жылдары Қазақ медицина институтында эксперименттік гигиена кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы болды.

Негізгі ғылыми еңбектері гигиена мәселелеріне арналған. Қазақстан қалалары мен өнеркәсіп орталықтарын салу, оларды қайта құру, су құбырлары мен кәріз салу жобаларын жасап, сынақтан өткізді.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

114 жыл
бұрын (1903-1967) театр суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Анатолий Иванович НЕНАШЕВ дүниеге келді.

Ресейде туған. Тамбов көркемсурет училищесін бітірген. 1930 жылдан Алматыда тұрып шығармашылық қызметпен айналысқан қылқалам шебері Қазақстан облыстарының театрларында, Қазақ опера және балет театрында қойылған спектакльдерге декорациялар жасаған. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында қойылған М.Әуезовтың «Тас түлек», «Айман - Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», Ш.Айтматовтың «Ана - Жер-ана», т.б. спектакльдерін көркемдеген.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

103 жыл бұрын (1914-1986) әнші, Қазақстанның халық әртісі Рәбиға ЕСІМЖАНОВА дүниеге келді.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Өнер жолын Семей облыстық музыка драма театрынан бастады. Қарағанды, Алматы театрлары труппасында қызмет етіп, Еңлік (М.Әуезов «Еңлік - Кебек»), Жібек (Е. Брусиловский «Қыз Жібек» операсы), т.б. сахналық бейнелер жасады. 1946-1960 жылдары Қазақ радиосының, 1960 жылдан «Қазақконцерттің» әншісі болды. Ол негізінен, қазақтың халық әндерін («Әупілдек», «Гауһартас», «Әпиток», «Ләйлім», «Жалғыз арша», «Құдаша», т.б.), халық композиторларының, сондай-ақ, С.Кәрімбаев, Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындап насихаттады.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

82 жыл бұрын (1935-2011) қазақтың тамаша ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Республикалық «Тарлан», Халықаралық «Азияс» (монғолшадан аударғанда «талант») сыйлықтарының иегері Қадыр Ғинаятұлы МЫРЗА ӘЛІ дүниеге келді.

Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. 1962-1965 жж. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жж. «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.1993 жылдан «Балауса» баспасының директоры болды.
Тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде 40-тан астам жыр жинақтары мен әдеби-сын, ән өлеңдері мен прозалық кітаптары: «Көктем» (1959), «Данышпан» (1961), «Сабақ», «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Бұлбұл бағы» (1967), «Ақ отау» (1968), «Күміс қоңырау», (1970), «Домбыра» (екі кітап, 1971 және 1974), «Кеш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Алақан» (1981), «Саз сиқыры» (1982), «Күндер-ай» (1984), сондай-ақ тоқсаныншы жылдары таңдамалы шығармаларының бес томдығы, ал 2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан 15 томдығы шыққан. Бірнеше пьесасы сахнада қойылған. Екі жүзге жуық ән мәтіндерін жазып, «Күндер-ай» (1984) деген атпен жеке жинақ болып шықты. Көптеген өлеңдері оқулықтарға енген. Балаларға арналған өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, мысалдармен қазақ балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Олар: «Жаңғалақтар» (1960), «Данышпан» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964).
Өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин т.б. көптеген шетел тілдеріне аударылған. Ол Овийдің, Румидің, Гейненің, Гюгоның, Лермонтовтың, Есениннің, Расул Ғамзатовтың, Межелайтистің, Петифидің т.б. жырларын қазақ тіліне аударған.
«Үкілі үзінділер» (1996), «Ғибратнәмә» (2001), «Жазмыш» (2001), «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Алмас жерде қалмас» (2004), т.б. көптеген кітаптардың авторы.
Орыс тілінде «Ұйқысыз түндер», «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары», «Сабақ», «Алақан», «Домбыра», өзбек тілінде «Алақан», әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы», монғол тілінде «Шымыр жаңғақ» сияқты кітаптары басылды.
1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Әнұраны жаңа мәтіні авторларының бірі. 2001 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды. «Парасат» орденінің иегері (2005).

73 жыл бұрын (1944-1993) жазушы Жақсылық ТҮМЕНБАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысының Арал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1968-1975 жылдары Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің қызметкері болған. 1975 жылдан Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы ақпарат агенттігінде бас редактордың орынбасары, республикалық «Денсаулық» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Алғашқы шығармалары 1968 жылдан республикалық, облыстық баспасөзде, «Жалын» альманахында жариялана бастады. Оның «Қардағы іздер», «Қимас қазына», «Мен сүйген қыз», «Тас бөгет», «Махаббат қорығы», «Ақырғы демім біткенше» атты повестері мен әңгімелері жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Лихановтың «Шырғалаң» романын, басқа да авторлардың повесть, әңгімелерін тәржімалаған. Туған жерінде мектепке, көшеге Түменбаевтың есімі берілген.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.



68 жыл
бұрын (1948) Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының, Баубек Бұл­қышев атындағы сыйлық­тың лауреаты Ержұман Өтешұлы СМАЙЫЛ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі болып бастаған. 1979-1987 жылдары - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редактордың орынбасары. 1987-2003 жылдары - «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орын­басары, бас редакторының бірінші орынбасары, бас редак­торы. 2003-2010 жылдары «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» ашық акционерлік қоғамының пре­зиденті, вице-президенті қызметін атқарған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

68 жыл бұрын (1948) Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Қашықтан оқыту институтының директоры, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі Жангелді ОТАРБАЕВ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Сейсмология институтының аспирантурасын бітірген. Қазақстан Ғылым академиясы Сейсмология институтында, Математика және механика институтында қызмет істеген. 1987-2001 жылдары Алматы сәулет-құрылыс институтының аға оқытушысы, деканның орынбасары, доценті, кафедра меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі проректоры болған. 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

68 жыл бұрын (1948) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Қаппарұлы ӘЛИЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген. Алматы көркемсурет училищесінде, Республикалық көркемсурет колледжінде ұстаздық еткен. Суретші туындыларында адам, оның өмірі мен тағдыры, тіршілік-тынысы басты тақырып болды. Осы тақырыпта салынған әр алуан мазмұнға құрылған картиналары қатарында «Отырардың күйреуі», «Қысқы кеш», «Ана мен бала», «Отандастар», «Достар», т.б. туындыларын атауға болады.

61 жыл бұрын (1956) техника ғылымдарының кандидаты, 2-ші санатты Төтенше және Өкілетті Елші, Қазақстан Республикасының Армениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Айымдос Ерсайынұлы БОЗЖІГІТОВ дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау облысы Володар ауданында (қазіргі Ақмола облысы) туған. Қарағанды политехника институтын бітірген.

1983-1992 жылдары - Алматы сәулет-құрылыс институтының, Қазақ политехника институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі. 1992-1993 жылдары - «Қазпромэкспорт» республикалық сыртқы сауда бірлестігі бас директорының орынбасары. 1993-1995 жылдары - Түркиядағы Қазақстан Республикасының Сауда үйінің бас директоры. 1996-1998 жылдары - «Nakosta» компаниясының бас басқарушысы. 1998-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің Дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі департаменті директорының орынбасары, директоры, Дипломатиялық корпустарға қызмет көрсету жөніндегі басқармасының директоры. В 2002-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің Алматыдағы Өкілдігінің басшысы, арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, 2006 жылдың қазан айынан Қазақстан Республикасының Армениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін қоса атқарған.

2010 жылдың наурыз айынан бастап - қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

61 жыл бұрын (1956) Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі Мұрат Наурызғалиұлы СЫДЫҚОВ дүниеге келді.

Орал қаласында туған. Орал педагогика институтын (қазіргі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) бітірген. 1988-1995 жылдары - Орал педагогика институтының аға оқытушысы, доценті, жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих факультетінің деканы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан тарихы және этнология институтының аға ғылыми қызметкері. 1996-1999 жылдары - Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, проректоры. 2000-2002 жылдары - Еңбек және әлеуметтік қарым-қатынастар академиясының Орал филиалының қызметкері және «Ақ жол» ғылым мен білімді қолдау және дамыту жөніндегі қоғамдық қордың президенті. 2002-2003 жылдары - Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры.

Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап қызмет атқарады. «Население Западного Казахстана (1898-1989)», «Формирование населения Западного Казахстана в 18-19 веках». «Сокровища скифов Западного Казахстана» (бірлесіп шығарған), «Скифы Западного Казахстана», «Сырым баба ізімен», «Құлпытастар» (бірлесіп шығарған), «Ақжайық өңірінің музыкалық фольклоры» (бірлесіп шығарған), «История населения Западного Казахстана», «Историография исторической демографии Западного Казахстана», «Степная пирамида» атты монографиялары мен кітаптары, сонымен қатар 50-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрген.

52 жыл бұрын (1965) Қостанай қаласының әкімі Базыл Шамұқанұлы ЖАҚЫПОВ дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. 1991 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірген, 2006 жылы Алматы экономика және статистика институтын қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Қостанай облысының әртүрлі мемлекеттік органдарында басшылық қызметтер атқарды.
2009 жылдың ақпан айынан Меңдіқара ауданының әкімі болып істеді. 2012 жылғы 13 ақпаннан бастап облыс әкімінің орынбасары болды.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Ауыл шаруашылығы санағы» (2007) медальдарымен марапатталған..

42 жыл бұрын (1975) Асқар Сағидоллаұлы СМАҒҰЛОВ - «Altyn Bank» АҚ басқарма төрағасы дүниеге келді.

Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1998 жылы Родчестера университетінің (АҚШ) магистр дәрежесін алған. Өз еңбек қызметін 1998 жылы Қазақстан АБН АМРО Банкте Қазынашылық дилері лауазымынан бастаған. 1998-2005 жж. Қазынашылықтың аға дилері, бас дилер, Қазынашылықтың сауда-саттық бөлімшесінің басшысы, Қаржылық тәуекелдер және операциялық бизнесті дамыту департаментінің бас дилері, Қазақстан АБН АМРО Банк Қазынашылығының қазынашысы лауазымдарын атқарған. 2005 бастап 2007 жж. "Қазақстан Халық Банк" АҚ Қазынашылығының директоры лауазымында болды. 2007 жылғы 9 қыркүйектен бастап "Қазақстан Халық Банк" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалып, ОПЕРБ, Қазынашылық бөлімшелеріне, ақпаратты қорғау ресурстарына, АТ блогы бөлімшелерінің қызметіне жетекшілік етті. 2014 жылғы 28 қарашадан бастап "Altyn Bank" АҚ Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды.

97 жыл бұрын (1919-2006) армян және кеңес ақыны, жазушы және көсемсөзші, академик Сильва Барунаковна КАПУТИКЯН дүниеге келді.









84 жыл бұрын (1932-1999) кеңестік және ресейлік қоғам қайраткері, М.С.Горбачевтің зайыбы Раиса Максимовна ГОРБАЧЕВА дүниеге келді.










78 жыл бұрын (1938) Испания Королі, испан мемлекеттің басшысы және елдің қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Хуан КАРЛОС I дүниеге келді.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT