5 баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды - Қасымов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өрт салдарынан 5 баланың қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз орын алға оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғадық. Сараптама жүргізу қажет. Өрттің шығуына жылыту пеші себеп болған», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, бұл өрт шығуының алдын ала себебі ғана. Ал нақты себеп арнайы жүргізіліп жатқан сараптамалардың қорытындысынан кейін белгілі болады.
Осы ретте БАҚ өкілдері министрден «ата-аналық міндетін дұрыс атқармаған деген желеумен балалардың әкесі мен шешесіне қылмыстық іс қозғалуы мүмкін бе?» деп сұраған еді.
«Бұл ретте ата-ананың қандай міндеттемесі болуы мүмкін? Меніңше, бұл ондай жағдай емес. Біз қылмыстық істі факті бойынша қозғадық. Өйткені, сараптама жүргізу қажет. Өрттің шығу себебін анықтағымыз келеді», - деді Қ.Қасымов.
Бүгінгі Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына көңіл айтқан болатын.
Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанада өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылғы 5 қыз баланың денесі табылды.
Олардың кішісі небәрі 11 айлық сәби еді. Өрт кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.

Соңғы жаңалықтар