5-6 жыл бұрын салынған мектептердің өзі апатты жағдайда тұр – Асхат Аймағамбетов

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кейбір облыстарда 5-6 жыл бұрын салынған мектептердің өзі апатты жағдайда тұрғанына көзім жетті. Бүгін аппарат жиналысын өткізген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мектеп ғимараттарының қауіпсіздік жағдайын тексеру қажет. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мектеп ғимаратының қауіпсіздігіне байланысты келеңсіз жағдайлар орын алуда. Бұл өте қауіпті. Амандық болып, барлық жағдайларда балаларымыз зардап шеккен жоқ. Осындай жағдайлардың жиілеп кетуіне байланысты Үкімет отырысында облыс әкімдеріне мектептердің техникалық жағдайын тексеру бойынша ұсыныс айттым. Әрине, оған қосымша қаражат керек. Осы жуырда ғана бірнеше облыста болдым. Онда 5-6 жыл бұрын салынған мектептердің өзі апатты жағдайда тұрғанына көзім жетті. Сондықтан оған тиісті тексеру жүргізу керек. Бұл тапсырманы білім басқармалары мен бөлімдеріне жүктеймін. Барлық мектептің ғимараты балалар үшін қауіпсіз болуы қажет. Мен мұны бұрын да ұсынғанмын. Бірақ әлі күнге дейін өңірлерде бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр деп айта алмаймын», - деді министр.

Еске салайық, бүгін Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында мектеп іші түтіндеп, 500-ге жуық оқушы эвакуацияланғанды. Анықталғандай, 2-қабатта орналасқан ас үй бөлмесіндегі пеш үстінде май қалып қойып, содан түтін шыққан. Оқиға кезінде зардап шеккендер жоқ.


Соңғы жаңалықтар