5,5 мың шетелдік көлік заңдастырылып, қазақстандық нөмір берілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде шетелден әкелінген көліктерді тіркеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізге өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру жалғасып жатыр. Бүгінде 28 мың қазақстандықтың өтініші мақұлданды. 5,5 мың автокөлік иесі заңдастыру процесінен өтіп, мемлекеттік нөмір алды. Шетелдік көлік иелері ХҚО, электронды үкімет порталы және Halyk Homebank қосымшасы арқылы заңдастыру өтінімін бере алады», – деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствода өткен онлайн брифингіде.

Айта кетейік, шетелдік автокөліктерді заңдастыру биыл 1 шілдеге дейін жалғасады.

Автокөлікті заңдастыру төлеміне келсек, 200 мың теңге мемлекеттік алым, 4 313 теңге паспорт бажы және мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге төлеу қажет.

Сонымен қатар шетелдік көлік иелері утиль алымнан босатылады.

Сондай-ақ, шетелдік көліктерді заңдастыруға көмек көрсететін сall-орталықтар іске қосылды. Барлық өңір бойынша телефонды осы жерден алуға болады.

Call-орталықтан бөлек, шетелдік көлікті заңдастыру бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында мамандар кеңесі ұсынылады.

Шетелден әкелінген қандай көлік түрі заңдастыруға жатпайтынын толық ақпараттан оқуға болады.

Сонымен қатар, шетелдік көлікті заңдастырмаған жағдайда қандай жаза қолданылатыны түсіндірілді.


Соңғы жаңалықтар