4D технологиясының көмегімен жаңа жобалар жасағым келеді - Евгений Демиденко

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық оқушы Евгений Демиденко алдағы уақытта еліміздің жастары жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылуы қажет деп санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Евгений Демиденко Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектебінде білім алады. Ол халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары орындардан көрініп келеді. Жас өрен Қызылордада өткен «HACK DAY-2017» идеялар фестивалінде өз жобаларын ұсынып, мамандар тарапынан жоғары бағасын алды. Жаңа технология саласын меңгеруге жаны жақын Евгений келешекте осы бағытта мамандық алуды жоспарлап отыр. Қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтін жас өрен қоғамдық шараларға да белсене қатысады.

«Мемлекет басшысы жастармен жүздесу барысында көптеген идеялар айтылды. Елбасы Жастар жылының ашылуына байланысты салтанатты шарада.

қазіргі экономикадағы бәсекелестік жаңа технлогияны ойлап тауып, оның тәжірибеде кеңінен қолданылуына байланысты екеніне тоқталды. Бүгінгі күннің бет-бейнесін бақылап көрсеңіз, әлемде технология саласы қарыштап дамып келеді. Ақыл-ойдың жемісін көріп жүрген қаншама мемлекет бар. Біздің еліміздің жастары да осындай жаңашыл жоба, игі бастама мен соны серпіліске назар аударуымыз тиіс. Бүгінде бұл бағытта елімізде оң бетбұрыс жасалып келеді. Жастар арасында жаңа технология саласында өз өрнегін қалыптастырып үлгерген өрендер баршылық. Әлемде жаңа жобалары арқылы атын шығарып, сол арқылы толағай табыстарға кенелген тұғырлы тұлғалар бар. Олардың қатарында Марк Цукерберг, Билл Гейтс, Стив Джобс сынды жаңа көзқарастағы азаматтар саналады. Қазір әлемнің дамыған елдерінде осы мақсатта тәжірибелі қаншама маман уақытпен санаспай еңбек етіп келеді. Біздің өмірімізге еніп жатқан әрбір жаңалық - осындай ақыл-ойдың жемісі. Келешекте мұндай ұлы көшке біздің еліміздің де ұландары қосылады деген сенімдемін», - деді Евгений Демиденко ҚазАқпарат тілшісіне.

Евгений сегізінші сыныптан бастап анимация саласына қызығушылық білдіріп келеді. Алғашқыда қарапайым анимация түрінен бастаған ол қазір осы бағытта көптеген жоба жасайды.

«Мектепте информатика, биология және география пәндерінен өткен шараларға белсенді қатысамын. Бос уақытымда 4D бағдарламасын меңгеруге арнадым. Осы орайда маған қолдау білдірген ата-анама, ғылыми жетекшіме, ұстаздарыма алғыс білдіргім келеді. Мен келешекте «Дисней» секілді ірі компания құрып, 3D-4D анимациялық технологиялар көмегімен жаңа идеяларды жүзеге асыруды мақсат тұтамын», - деді Евгений Демиденко.

Соңғы жаңалықтар