48 мың елордалық тұрғын үй кезегінде тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен жылы аз қамтылған отбасыларға 2900 пәтер берілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада 48 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, жалғыз басты аналар және т.б. бар. Одан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде қазір 214 мың салымшы өзінің есепшотын ашқан. Өткен жылы ғана 59 мың адам есепшот ашты. Өткен жылы аз қамтылған отбасыларға 2900 пәтер бердік. Соның ішінде Президенттің тапсырмасы бойынша жұмыс істеуші жастарға 1050 пәтер бердік. Биыл бұл көрсеткішті үш есе көбейтеміз. Биыл 10 000 пәтердің құрылысын бастаймыз, соның 8 мыңын жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз», - дейді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ, ол қаладағы апаттық жағдайдағы үйлерге тоқталып өтті.

«Жеті жыл бұрын апаттық жағдайдағы үйлерді мәселесін реттеу бағдарламасы қолға алынған. Осы уақыт аралығында бар болғаны 200-ден астам үйдің мәселесі шешілді. Ол үйлердің тұрғындары жаңа пәтерлерге көшірілді. Енді шамамен 135 апатты жағдайдағы үймен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ 1 жыл ішінде бәрін көшіру мүмкін емес. Биыл әзірге 2 жатақхана мен бірнеше үйге сүру жұмыстары жүргізіледі, қалғанын жоспар бойынша кезек-кезегімен істейміз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар