48 дөңгелекті машина: ШҚО ғалымдары егін өнімділігін 30% арттыратын техника жасауда

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарын азықтандыру қондырғысын жасап шығармақ. 12 инжекторы, 48 дөңгелегі бар машина топыраққа 7-8 сантиметр тереңдікте еніп, тыңайтқышты енгізеді. Сол арқылы азық-түлік өнімділігі 30%-ға артады. Жуықта ҚазАқпарат тілшісі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техниклық университетінің «Smart engineering» құзірет орталығының басшысы Бағдат Азаматовпен жолығып, осы маңызы зор жоба жайлы тереңірек біліп қайтты.

Грант ұтып алған

Азық-түлік бағасы өспесін, тапшылық болмасын десек ауыл шаруашылығы саласына тың өзгерістер, жаңа жобалар қажет-ақ. Осы ретте, шығысқазақстандық ғалымдар қолға алып отырған жобаның берері көп.

Ғалым, «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша PhD докторы Бағдат Азаматовтан ең әуелі бұл іске не себепші болғанын сұрадық.

«Бірде «Smart engineering» құзірет орталығына өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы компания өкілдері келді. Олар бізді өз шаруа қожалықтарына алып барып, заманауи техникаларымен таныстырды. Бірақ сол техникалардың кемшін тұстары бар екен. Мәселен, топыраққа тыңайтқышты енгізетін машинаның инжекторлары тез тозады. Соның салдарынан қосалқы бөлшектер алуға және шассиді жөндеуге айтарлықтай мол шығын жұмсауға мәжбүр. Олар «осындай машиналарды басқа елден сатып алып отырмай, өзіміз жасай аламыз ба?» деп сұрады. Қондырғыны зерттеп болған соң, жасауға болатындығын, тіпті жақсарта түсуге мүмкіндік барын айттық», - дейді ол.

Бірінші Қостанай агромеханикалық зауытымен келіссөз жүргізілген.

Зауыт басшылығы жақтау, шасси сынды бірнеше жабдықты сол жерде шығара алатындығын жеткізді.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті дөңгелектерді өздері шығаруға бел байлады.

«Бұл қондырғы 12 инжекторы, 48 дөңгелегі бар машинадан тұрады. Ол топыраққа 7-8 сантиметр тереңдікте еніп, тыңайтқышты енгізеді. Сол арқылы азық түлік өнімділігі 30%-ға артады. Білім ордасының Smart Engineering құзыреттілік орталығының ұжымы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолға алдық. Орталығымыз 3D металл принтермен, техникалық сканермен, токарлық және фрезерлік станоктармен, дәнекерлеудің барлық түрлерімен жабдықталған. Жоба аясында техниканы сапаны бақылауға арналған құрылғымен жабдықтау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ координаттарды өлшейтін тағы бір құрылғы өлшемдерді дәлме-дәл жасауға мүмкіндік береді», - дейді Бағдат Азаматов.

Оның айтуынша, жоба толықтай әзірленген соң ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің байқауына ұсынылған.

«Екі іріктеу кезеңінен өткен соң халықаралық қаржы институтының өкілдері мен жетекші ұлттық компаниялардың сарапшылары алдында жобамызды қорғап шықтық. Нәтижесінде, қазылар алқасы жобамызды үздік деп танып, 403 миллион теңге көлемінде грант ұттық. Жобаның іске асырылу мерзімі – 18 ай деп белгіленді. Осы уақыт ішінде нәтиже шығарып, 45 млн теңге сомасында кіріс көрсетуіміз керек», - дейді «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша PhD докторы.

Шаруагерлер шығыны азаяды

Ғалымдар ауылшаруашығы саласындағы бұл машинаның дөңгелегін бүге-шігесіне дейін зерттеп шыққан. Нақты айтқанда, әрбір бөлшекті мұқият өлшеп, сызбалар жасап, 3D модельдерін әзірледі. Әрбір элементті қайталап, прототипін құрастырып шығарды.

Бағдат Азаматовтың айтуынша, таяуда прототип сынақтан өткізіледі. Тіпті 3D моделін жасау сатысында оны іске қосып көріп, машинаның қалай жұмыс істейтінін көруге болады екен.

«Бұл үшін орталықта арнайы компьютерлік бағдарлама бар. Барлық сынақтардың нәтижелері бойынша машинаға тағы да бірқатар өзгеріс енгізу жоспарлануда. Соның арқасында осынау заманауи техниканың жұмысы айтарлықтай жақсара түседі. Алдын ала болжамға сәйкес, отандық өнімнің құны импорттық аналогтан біршама арзан болады. Яғни, агроөнеркәсіптік кешен саласында еңбек етіп жүрген жандар қаржысын үнемдеп, жетілдіріле түскен жаңа машиналарға ие болмақ», - дейді орталық басшысы.

Қазірдің өзінде тек Шығыс Қазақстандағы емес, Қостанай облысындағы шаруагерлер бұл техникаларды сатып алуға тапсырыс беріп жатыр.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы импорттық техникаға тәуелділік азая түседі деуге әбден негіз бар.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін, қалтаны қаққан қымбатшылықты еске алсақ, осындай жобаның маңыздылығы одан сайын арта түсетіндігі анық.


Соңғы жаңалықтар