42 500 теңге: Ереже өзгере ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жалдамалы жұмысшылардың 42 500 теңгеге өтінімін жұмыс беруші ғана бере алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік төлем төлеуге қатысты ережелерді алдағы 1-2 күнде пысықтап, аяқтаймыз. Бейсенбі күні мүмкін болса, алдарыңызға тағы келіп, сол пысықталған тетіктер туралы толық ақпарат бергім келеді. Ал қазір қандай өзгерістер мүмкін екендігін сіздерге жеткізсем. Біріншіден, жалдамалы жұмысшыларға, қызметкерлерге қатысты болмақ. Біз бүгінгі жағдайларды ескеруге мәжбүрміз. Ең алдымен төтенше жағдай режиміне қарағанда бүгінгі шектеулер кезінде біраз мекеме жұмысын жасап жатыр. Құрылыс, өндіріс, тіпті қызмет көрсету, сауда саласында да кейбір шектеулермен жұмыс жүргізілуде»,- деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, екіншіден, әр өңірдің бас санитар дәрігері сол облысқа ғана қатысты ерекше шектеулер орнатып жатыр.

«Үшіншіден, 1 сәуірден бастап біраз мекеме, біраз сала жұмысшылар үшін міндетті зейнетақы жарналарын немесе әлеуметтік жарналарды төлеуден босатылды. Сондықтан бүгін аталған жарналар арқылы қадағалау мүмкіндігіміз шектелген. Осыған байланысты жалдамалы жұмысшыларға қатысты осы жолы зейнетақы жарнамасы, әлеуметтік жарнасы төленгені туралы талап қоймаймыз. Өткен жолы 12 айда кемінде бір төлем болуы керек деген талап болған. Бұл жолы оның еш мәні жоқ»,- деді ол.

Министрдің айтуынша, бұған дейінгі 42 500 теңге төлеу тәжірибесімен жалдамалы жұмысшылар үшін өтінішті тек оның жұмыс берушісі ғана беретін болады.

«Жұмыс беруші қызметкерін ақысыз демалысқа жібергенін растап, өзінің жұмысшыларының атынан тапсырыс береді. Ол үшін алдағы 1-2 күнде порталымызда жұмыс берушілерге қызметкерлерінің тізімін, оған қатысты мәліметтерді енгізуі үшін өте ыңғайлы сервис жасаймыз. Өз кезегінде жұмысшылар жұмыс берушісінің өтініш бермегенін, өтінішінің қанағаттандырылғанын анықтауға арналған сервис қызметіне жүгіне алады», - деді Біржан Нұрымбетов.


Соңғы жаңалықтар