4000-дай саяси құрбан жерленген моланы зиярат етіп, құран бағыштады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы жұртшылығы 4000-нан аса адам жерленген Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды.

Митингке қаза болғандардың ұрпақтары, саяси-қоғамдық ұйым өкілдері, Алматы және Талғар қалаларының әкімшілік өкілдері қатысты.

«Халқымыздың басынан небір ауыр зұлмат жылдар өткенін өздеріңіз білесіздер. 1931-32 жылдардағы ашаршылық, 1937-39 жылдардағы күштеп ұжымдастыру салдарынан болған аштық пен саяси қуғын-сүргін салдарынан 100 мыңнан астам адам қырылған. Олардың 25 мыңы жазықсыз атылып кете барды. Халқымыздың аяулы перзенттері: Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлиндердің өмірі осы үрейлі жылдары қиылды. Қазіргі таңда аталған азаматтарымыз саяси тұрғыдан ақталып, олардың есімі тарихта алтын әріппен жазылды. Ер есімі - ел есінде деген осы», - деді қала әкімінң орынбасары Зәуреш Аманжолова.

Алматы облысы, Талғар ауданы Жаңалық ауылында орналасқан зират басында бүгінде саяси репрессия құрбандарына арнап ескерткіш орнатылған.

Тарихқа үңілсек, мұнда НКВД күніне 40-50 адамның мүрдесін әкеп төгіп отырған.

Дерек бойынша, бұл жерде 4219 азаматтың денесі көмілген. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері мұнда жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, құран бағыштап, рухына тағзым етіліп келеді.

«1921 жылы Орынбор қаласынан шыққан орыстың ғалымы Шулочников дегеннің еңбегі бар екен. 1911 жылы қазақтардың саны 8 млн 260 мың болды деп көрсеткен. Ол кезде қазақтардың санын дұрыс көрсетпеген деп ойлаймын. Бетпақтағы, тау-тастағы қазақты кім санады ғой дейсіз? Сол кезде қазақтардан 2 млн 400 мыңы ғана тірі қалған. Бұл 70 пайыздан астам қазақ қырылды деген сөз», - деді Халықаралық «Абай» қорының директоры Жұмабек Әшуұлы.

Соңғы жаңалықтар