40 мыңнан астам ақмолалық ЭКСПО-ны тамашалады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының делегациясы Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, делегация құрамында облыс əкімінің орынбасарлары, аудан əкімдері мен энергетика мəселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлар мен мемлекеттік қызметшілер бар. Ақмолалықтар алдымен «Нұр Əлем» көрме кешенін тамашалады. Содан соң Ресей, Германия, Франция жəне бірқатар өзге елдердің осы саланың жарқын жетістіктері сипатталатын көрмелерді аралап, энергия қуатының айтулы жаңалықтары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы, сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу техникалары тəрізді күнделікті өмірде аса қажетті дүниелердің əлемдегі мойны озық үлгілерімен танысты.

«Көрмені аралап көру барысында көп нəрсені көңілге түйдік. Делегация мүшелері тиімді жобалардан толайым ой түйіп, тəнті болды. Əсіресе, бізді энергия қуатының көздері қызықтырды. Қоршаған ортаны ластамай, таза сақтау  үшін өндірістік жəне тұрмыстық қалдықтарды өңдеу тəрізді жаңа технологиялар аз емес. Мұның барлығы біз үшін өте қажетті. Сондықтан алдағы уақытта өз өңірімізде қолдану үшін тереңірек зерттеп білуге тиістіміз», - деді Степногорск қаласының əкімі Əнуар Күмпекеев.

Уақыт бір орнында тұрмайды. Алға жылжыған сайын кешегі жаңалық көнеріп, ескіруі мүмкін. Сондықтан, жүйрік уақыттың жалына жармасып, алға ұмтылған лəзім.

«Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің пайдасы өте көп. Мен ең алдымен Қазақстанның осындай ауқымды шараны мінсіз ұйымдастырғанын мақтаныш етемін. Болашақтың энергиясы дегеніміздің өзі барша əлемнің алға қарыштап басар қадамының қарымын нықтайтын серпіліс. Ақмолалықтар көрмеге айырықша қызығушылық танытып отыр. Соңғы мәліметтерге бойынша, біздің өңірден 40 мыңнан астам адам көрмеге барып, көзайым болды», - дейді облыс əкімі аппаратының жетекшісі Қанат Шөкенов.

Соңғы жаңалықтар