4 жылда зиянкес шегірткелердің таралу аумағы 2 есеге жуық азайған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кейінгі 4 жылда Қазақстан аумағындағы зиянкес шегірткелердің таралу аумағы 2 есеге жуық азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай дерек айтты.

«Фитосанитариялық шаралардың нетижесінде шегірткелердің таралу алаңын 2018 жылғы 1,7 млн гектардан 2022 жылы 970 мың гектарға дейін қысқарды. Биыл 8,7 млн гектар алаңда зиянды арамшөптерге тексеру жүргізілген. Арамшөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 14 млн гектар алаңда жүргізу жоспарланып отыр. Биыл гербицидтерге субсидия ретінде бөлінген 40 млрд тенге 24,7 млн гектар жерді дәрілеуге мүмкіндік береді», - деді министрлік өкілі.

Маманның айтуына қарағанда. Жалпы, 2022 жылы аса қауіпті зиянды организмдердің таралу көлемі 2,1 млн гектарға жетеді деген болжам бар.

«Оның ішінде дәнді дақыл аурулары 1,7 млн гектар, астықтың сұр көбелегі 221,9 мың гектар, гессен шыбыны 7 мың гектар, зиянды бақашық 19,7 мың гектар, астық қоңыздары 5 мың гектар, мақта көбелегі 29,7 мың гектар, өрмекші, кене 24,2 мың гектар, колорадо қоңызы 305 гектар, саршұнақ пен тышқан тәрізді кеміргіштер 30 гектар алқапта тіршілік етуі мүмкін. Пестицидтердің құнын 50% субсидиялау үшін 2,048 млрд теңге бөлінді», - деді Алмабек Марс.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, СҚО-да пестицид сақтау талабын бұзғандарға 7,5 млн теңге айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар