4 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 4 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық гепард күні

Жыл сайын аталып өтеді. Бұл күн гепардтарды қорғаудың маңызы туралы ақпаратты тарату мақсатында бекітілген. Гепард құрлықты мекендейтін сүтқоректілердің ең жылдам өкілі ретінде танымал. Мысық тұқымдасына жататын жануардың жылдамдығы 110 км/сағатқа дейін жетеді. Бірақ, олардың табиғаттағы саны тым азайып кеткендіктен, қажетті шаралар қолға алынбаса, жойылып кету қаупі бар.

Қырғызстанда «Манас» эпосының күні

Бұл күн ел Парламентінің кеңесімен, Қырғызстан мәдениет, ақпарат және туризм министрлігінің бастамасымен Республика Үкіметінің 2015 жылдың 27 сәуіріндегі №259 қаулысымен бекітілген. Атаулы күнді белгілеудегі мақсат – қырғыздың «Манас» эпосын сақтап, танымалдығын арттыру, республикада манастанушыларды дамыту, сондай-ақ осы эпосты жеткізуші – манасшыларға мемлекеттік қолдау көрсету.

Халықаралық банктер күні

2019 жылдың желтоқсанында БҰҰ халықаралық күндер тізімінде пайда болды. БҰҰ Бас Ассамблеясы оны банктердің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесін атап өту үшін бекітті. Даму банктері орнықты дамуды қаржыландыруда және кедейлікпен күресте маңызды рөл атқаратындықтан, Бас Ассамблея олардың орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесін арнайы халықаралық күн ретінде атап өту қажет деп санады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1919 жылы Семей губерниясы партия комитеті «Семей таңы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Содан кейін аптасына 3 рет шығатын болды. Еңбекшілерді революцияны қорғауға шақырды. 1923 жылы «Еңбекші жас» атты айдарын комсомол жастарына арнап шығарды. «Семей таңы» редакциясында Ж. Аймауытов, Ш. Тоқжігітов, С. Дөнентаев, М. Тұрғанбаев, Ш. Құдайбердіұлы, М. Әуезов жұмыс істеді.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанынан ҚР Тұрақты өкілдігі ашылды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігі ашылды.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазтеңізкөлікфлот» ұлттық теңіз кеме компаниясы» АҚ құрылды.

2005 жылы Қазақстан Республикасы президентінің сайлауы өтті. Оған 5 кандидат қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев 91,15% дауыс жинап, 7 жылдық мерзімге қайта сайланды. Дауыс беруге сайлаушылардың 77%-ы қатысты. Сайлау электронды дауыс беру және дәстүрлі бюллетеньдер көмегімен өтті.

2012 жылы Астанада жаңа электровоз құрастыру зауыты ашылды.

2012 жылы Астанадағы «Алау» мұзайдыны әлемдегі ең жылдам мұзайдындарының ТОП-10 қатарына енді. 26 жеке, 4 ұлттық рекорд және үш трек рекорды – «Алау» мұз сарайында аяқталған Әлем Кубогінің III кезеңінің нәтижесі.

2014 жылыҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасының аясында қазақ айтысының жеті томдық жинағы таныстырылды.

2018 жылы әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер, халықаралық шебер, қыздар арасында Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін және абсолютті чемпионы, шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Динара Сәдуақасованың шахмат туралы алғашқы «Шахмат ойнап үйренейік» кітабы шықты.

2018 жылы Илон Масктың «SpaceX» компаниясы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жасап шығарған «Аl-Farabi-2» қазақстандық наноспутнигін іске қосты. Ол Астана уақытымен 00:32-де Калифорния штатындағы (АҚШ) Вандеберг әскери-әуе базасынан сәтті ұшырылды.

2018 жылы Павлодар облысында ауыл азаматтары хан Абылайдың ерлік жорығын дәріптейтін ескерткіш белгі орнатты. «Абылай, найза мекені» немесе «Шабанбай жайылымы» деп аталатын тарихи жер Баскөл ауылының іргесінде жатыр. Жаугершілік заманда Жоңғар шапқыншылары Қалмаққырылған тауының етегінде үлкен тойтарысқа ұшырайды. Дәл сол жолы жауға қарсы атой салған қалың әскер Шабанбай деген дәулетті адамның жайылымына келіп үш күн аялдапты. Жаужүрек батырлардың жолсоқты кейпін көрген жомарт жан хан Абылайдың қарамағындағы жасаққа 500 сәйгүлік мінгізіп, киім-кешек пен ас-суларын әзірлеп берген деседі.

2021 жылы Солт-Лейк-Ситиде конькимен жүгіру спортынан Әлем Кубогі кезеңінде Надежда Морозова Қазақстан рекордын (бұрын Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Людмила Прокашеваға тиесілі болған) жаңартты (4:05,01). 3000 метрлік әйелдер арасындағы жарыста (А дивизионы) ол 3:59,647 нәтиже көрсетті.


Соңғы жаңалықтар