4 жасар Миланың химиотерапия дозасы шатастырылған жоқ - Риза Боранбаева

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық ғылыми орталығына Министрліктен бағытталған комиссия өз қорытындысын шығарды.

1 аптаға жалғасқан тексеру жұмыстарының нәтижесінде Медициналық және фармацевтикалық қызметтің сапасын қадағалау комитетінің мамандары науқасқа химиотерапия дозасының арттырыламағанын анықтады.

«Біз ішкі тергеу жүргіздік. Болған жайтты толығымен тізіп қарап шықтық. Бала біріншіден 4 қараша күні әлгі дәріні қабылдады. Кейін олар үйіне кетті де, ешқандай хабар болған жоқ. 9-ы күні әкесі келіп, әлгі дәріден соң баласының ауырып жатқанын айтып, салынған дәрінің мөлшерін сұрайды. Сөйтсе, медбике 2 мл деп жауап берген. Осыны естіп әкесі шу көтерген. Шын мәнінде, винкристин препараты 0,95 мг мөлшерде 1,05 физиологиялық ерітіндіде ерітілген. Оны дәл сол уақытта медбике сасқалақтап, 2 мл деп айтқан. Негізі ампулада қалған препаратты баланың анасына көрсеткен. Бірақ, ол енді оны алмаймыз, маған неге әкелдің деп дүрсе қоя берген», - деді мекеме директоры Риза Боранбаева.

Оның айтуынша, бала ауруханаға түскенде де, дәрігерлер үйіне барып қарағанда да сал болып қалу сияқты симптомдар байқалмаған.

Бұл оқиғаны зерттеуге тартылған тәуелсіз сарапшы Берлиндегі Шарите университеттік медицина кешенінің профессоры Гюнтер Хенце цитостатикалық препараттардың адам ағзасында өте күрделі нейропатиялық көрініс туғызатынын айтты.

«Қалыпты мөлшерді де кей балалар өте қиын қабылдайды. Бұл жерде науқасқа емес, дәрігерге, дәрігердің абыройына нұқсан келіп тұр», - деді сарапшы.

«Ата-анасы қызды Кореяға кетті. Ол жақта да естуімше, балаға қатты әсер етіп, көз қабығы салбырап қалған. Сондықтан, тек мұнда осындай жағдай болды деп айту артық», - деді Р.Боранбаева.

Директордың айтуынша, қазір емдеуші дәрігер де, медбике де жұмысқа кірісті.

Айта кету керек, оқиға 4 қарашада болған. Онконауқас 4 жасар Мила Зайнидинованың әкесі Эльдар Зайнидинов Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық орталығында медбике бүлдіршіннің химиялық терапиясын екі есеге дейін арттырып жібергенін айтып әлеуметтік желіден дабыл қаққан.

Аталған оқиғаны министрлік өз бақылауына алып, арнайы комиссия бағыттаған болатын.

Соңғы жаңалықтар