4 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі
2018 жылғы 4 тамыз 07:00

4 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 4 тамызға арналған күнтізбені ұсынады.

4 тамыз, СЕНБІ

АҚШ жағалау күзетінің күні

Бұл күн 1790 жылы Американың Министрлер кеңесінде арнайы бекітілген. Себебі, дәл сол жылдың 4 тамызында АҚШ Конгресінің Қаржы министрі А.Гамильтонның жетекшілігімен флот құрылысы басталған болатын.

Жағалау күзеті - АҚШ Қарулы күштерінің маңызды бөлігі. Оның құзырына халықаралық сулар, Американың жағалау желісі, порттар мен ішкі суларын қосқанда, АҚШ-тың кез келген теңіз аймағындағы тұрғындарды, қоршаған ортаны қорғау және экономика мен қауіпсіздікті сақтау кіреді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1976 жылы Қазақ КСР-нің «Жер туралы» Кодексі қабылданды.

2003 жылы Астанадағы Республикалық клиникалық ауруханада әлемде тұңғыш рет жұлынның жүйке клеткаларын трансплантациялау бойынша операция өткізілді.

Операция сирингомиелия ауруына шалдыққан ауруға (жұлынның атрофиясы) ойдағыдай жасалды. Пациент екі жыл бойы аяғын сезбеген болатын. Операциядан кейін екінші күні оның аяқтарына жан кірді. Операцияны сол кездегі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі, профессор Жақсылық Досқалиев өткізді.

2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасы құрамындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы құрылды.

2005 жылы тамыздың 4-6 аралығында Оралда «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде, облыстың жас натуралистерінің слеті болып өтті.
Слетке Батыс Қазақстан облысының Сырым, Ақжайық, Бөрлі және Тасқала аудандарының жас натуралистері қатысты.

«Экология және қоғам», «Ғылымдағы алғашқы қадамдар» және «Жас биолог» деген атаумен үш секция жұмыс істеді. Оқушылар пікірталас өткізіп, ойларымен бөлісті және баяндамалар оқыды. Табиғатта тәжірибелік жұмыспен шұғылданды. Балалар даладағы шатыр қалашығына орналасып, сол жердің флорасы мен фаунасын зерттеді.

2009 жылы Астанада тірек-қимыл аппаратының аурулары бар тұрғындарды емдейтін орталық ашылды.

Орталықта «кинезис-терапия» әдісі бойынша емдік жаттығулар өткізіледі.
2010 жылы Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтар құқығын қорғау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

2010 жылы Алматыда қазастандық режиссер Талғат Теменовтің «Менің күнәлі періштем» романтикалық кинолентасының түсірілімі басталды.

2013 жылы Тегеранда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан сайланған Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханидің инаугурациясы рәсіміне қатысты.

2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Х.Руханиді сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады және жоғары қызметінде табыстар тіледі.

2016 жылы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының астанасы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында Қазақстанның туы көтерілді. Риода 104 спортшы Қазақстанның намысын қорғады.

Олимпиадада медальдардың рекордтық жиынтығы (306) ойнатылды. Ойындарға 207 ел қатысты, оның ішінде Косово мен Оңтүстік Судан алғаш рет жарыс жолына шықты.

1777 жылы Лондонда әлемдегі алғашқы цирк ашылды. 1770 жылы әскери қызметінен оралған аға сержант Филипп Эстли Лондонда шабандоздардың мектебін қалыптастырды. Көп ұзамай аттың құлағында ойнаған спорттық-акробаттық көрсетілімдер үшін арнайы ғимарат салынды.
Филипп Эстли алғашқы цирк әулетінің негізін салушы болды. Ол осыған ұқсас кәсіпорындарды өзге де қалаларда ашып, ұйымдастырды. 1782 жылы оның филиалы Парижде ашылған.

1914 жылы Ұлыбритания Германияға соғыс жариялады.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT