4 проценттік автонесиенің артық төлемі қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл бюджеттен қосымша қаражат бөлінсе, банктер 4 проценттік автонесиелерді беруді жалғастырады.

Аталған бағдарлама аясында несие тек өз елімізде құрастырылған көліктерге ғана рәсімделеді. Банк қызметкерлері ҚазАқпарат тілшісіне орташа соманың автонесиесін есептеп берді.

Бүгінде автосалондарда тұрған отандық көліктердің орташа бағасы - 5 миллион теңге. Банк алдымен өтініш берген адамның төлем қабілеттігін тексереді. Ол үшін тиісті құжаттарды тапсыру қажет. Барлығы дұрыс болса, кем дегенде, 10 проценттің көлемінде алғашқы жарнаны салу керек. Осы бағдарлама аясында кейбір банктер алғашқы жарнаға шектеу қояды. Мәселен, аталған сома көлік бағасының 20 процентінен аспауы шарт. Дегенмен, 5 миллион теңгенің 500 мыңын алғашқы жарна ретінде құйып, қалғанын үш жылда бөліп төлеуге болады. Ондай несиенің ай сайынғы төлемі - 132 858 теңге. Сонда үш жылдың ішінде банкке артық төленген ақшаның көлемі 282 888 теңгені құрайды. Оған «КАСКО» атты автосақтандыруды да қосу қажет. Себебі көлікті сатып алған адам оны өз қалтасынан төлейді. Ол, шамамен, 172 500 теңге.

Автонесиенің мерзімін ұзартса, ай сайынғы төлем төмен болады. Бірақ банкке артық ақшаны көптеп беруге тура келеді. Сосын сақтандырудың бағасы да жоғары. Мәселен, 4 проценттік автонесиенің мерзімі бес жыл болса, ай сайын 82 875 теңге төлеу керек. Бірақ бес жылдың ішінде банкке 472 500 теңге артық ақша төленеді. «КАСКО»-ның бағасы - 287 500 теңге. Ал автонесие жеті жылға алынса, ай сайын 61 510 теңгеден шығады. Алайда артық төлем 666 840 теңгеге дейін барады. «КАСКО»-ның бағасы да қымбат - 402 500 теңгеге шығады.

Қазақстандық банктер класикалық автонесиелерді де береді. Ондай несиелерге шетелдік көліктерді алуға болады. Бірақ жылдық мөлшерлемесі 22 процентке дейін барады. Ал артық төлемнің көлемі несиенің мерзіміне қарай 1,6-4,4 миллион теңгені құрайды.

Айта кетейік, 2015 жылдан бері елімізде 4 проценттік автонесие бағдарламасы атқарылып келеді. Алайда жыл сайын екінші деңгейлі банктер бюджеттен қосымша қаржы күтіп отырады. Соның есебінен автонесиелер жеңілдікпен беріледі. Банктер биыл 4 проценттік автонесиелерді беруді әлі бастаған жоқ.

Ал ҚР Ұлттық банкі «7-20-25» бағдарламасымен автонесие беруді ұсынып отыр. Мемлекет басшысы аталған бастаманы қолдады. Үкіметтің соңғы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев жаңа бағдарламаның қашан іске қосылатынын айтты. «7-20-25» бағдарламасы сияқты біз халықтың отандық автомобильді сатып алуына кредит беру бағдарламасын әзірлеуге дайынбыз. Бұл үшін жұмысты мемлекеттік органдар және банктермен бірінші жартыжылдықта пысықтаймыз. Бағдарламаны екінші жартыжылдықта іске қосуға дайынбыз», - деп атап көрсетті Данияр Ақышев.

Соңғы жаңалықтар