4 пайыздық эко-несиелер кімге беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Даму бағдарламасының биоалуандылықты сақтау бастамасы аясында экологиялық жобаларға қаржылай қолдау жасалады. Ол үшін «Эко-Даму» шағын несиелер бағдарламасы да қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық қорықтардың маңайында тұратын елді мекендер үшін арнайы несиелер қарастырылған. Ауыл тұрғындары ағаш кесіп, балық ауламас үшін біз оларға шағын қонақ үй ашу, тоған шаруашылығын дамыту, орман алқаптарын өсіру, я болмаса, ара шаруашылығын жүргізу сияқты кәсіп түрлерін ашуға демеу жасаймыз. Қаржылай қолдау да бар. Адамдар несиені 4 пайызбен ала алады», - деді БҰҰ Даму бағдарламасының биоалуандылықты сақтау жөніндегі жобалардың менеджері Талғат Кертешев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, халық арасында «Эко-Даму» шағын несиелер бағдарламасына сұраныс жоғары. Себебі пайыздық мөлшерлемесі төмен. «Мәселен, біз 1,5 млн долларды Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы Барсакелмес, Үстірт, Алтынемел және Іле-Балқаш резерваты төңірегінде тұратын елде мекендерге таратып бердік. Оны жарты жылдың ішінде талап әкетті. 83 жобаның аясында  200-ден астам жұмыс орны ашылды. Енді, келесі жылда несие қайтарылады. 2019 жылы бастап бағдарламаның екінші кезеңі басталады. Онымен төрт қорық емес, 26 қорықты қамту жоспарланған. Сондықтан осы жұмысқа ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да ақша бөлінуі керек. Өйткені 1,5 млн доллар аз болады», - деп атап көрсетті Кертешев.

«Эко-Даму» бағдарламасының бірінші кезеңіне іліккендердің ішінде Құралай Шамұратова да бар. Осыдан екі жыл бұрын ол 2 млн теңге көлемінде эко-несиені алып, өз кәсібін дөңгелетіп алып кетті. Өзі ауылда бастауыш сыныптарға сабақ береді. Онымен бірге көрпе, жастық, қазақы киімдерді тігу сияқты кәсіпті ашып алды.

Бүгін Құралай Шамұратова өзі жасаған бір бұйымды БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Алтангерел Мунхтуя ханымға табыстады.  

null 

«Бұл - нотбукке арналған қолдорба. Оның іші киізбен, сырты масатымен қапталған. Ондай қолдорбамен ноутбукты қыста ұстаған ыңғайлы. Суық өтпейді. Бір жерге кіргеннен кейін ноутбуктың жылығанын күтпей-ақ бірден жұмыс істеуге болады. Ал жасыл түспен жасағаным - Қазақстанның табиғаты гүлдеп, көгере берсін дегенім. Негізі, маған қандай адам келсе, бетін қайтармаймын. Сұраған нәрсесін істеп беруге тырысамын. Ауылдың өмірін білесіз ғой, түске дейін үйдің жұмысы, бала-шаға дегендей, түстен кейін мектепте сабақ беремін. Ал үйге келген соң, түніменен отырсам да, тапсырыстарды орындаймын», - дейді Құралай Шамұратова.

Соңғы жаңалықтар