4 пайыздық автонесиеге өтінім қабылдау 14:00-де басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 4 пайыздық автонесиеге өтінім қабылдау бүгін сағат 14:00-де басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында аталған мәселеге арналған брифинг барысында белгілі болды. БАҚ өкілдері елдегі автосалондарда 4 пайыздық несие алу үшін келген адамдардың ұзынсонар кезегі қалыптасқанын айтып, неге өтінімдер қабылданбай жатқанын сұрады.

«Өтінімдерді қабылдау бүгін сағат 14:00-де басталады. Бірінші болып «Центр Кредит» банкі қабылдап бастайды. Қазіргі таңда 4 банк мақұлдаудан өткенін айттық. Қазір корпоративтік процедуралар өтіп жатыр. Келісімшарттардың мақұлдаудан өткеніне қарай біз несиенің ақшасын банктерге береміз. Басқа бірнеше банктің өтініші қаралып жатыр. Қосымша банктер қосылып жатса, хабарлаймыз, ақпаратын сайтқа жариялаймыз. Яғни бағдарлама бастау алды, күндізгі сағат 14.00-де «Центр Кредит» банкі өтінім қабылдап бастайды», - деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акицонерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров.

Ал «Центр Кредит» банкінің өкілі Гүлжаһан Хамитованың айтуынша, қазірге банк бөлімшелерінің есігін күзетудің қажеті жоқ.

«Бүгін сағат 14.00-де тек автосалондарға жүгінулеріңізді сұраймын. Ол автосалондарда банк қызметшілері бар. Өтінімді солар қабылдайды. Банк бөлімшелерінде өтінім қабылданбайды», - деді банк өкілі.

Ал «Форте банктің» 4 пайыздық автонесие бойынша өтінім қашан қабылдай бастайтыны әзірге белгісіз.

«Жуық арада қабылдай бастаймыз деп үміттенемін. Ресми мәлімет банк сайтында жарияланады. Біз өтінімдерді банк бөлімшелерінде қабылдаймыз», - деді банк өкілі.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру басталды .


Соңғы жаңалықтар