4 өңірге арналған қоймадағы дәрі тапшылығы: «СҚ-Фармация» жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысындағы «СҚ-Фармация» қоймасында бірқатар бұзушылықтың орын алуына, яғни дәрі-дәрмек қорының жетіспеуіне қатысты аталған ұйым ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта (22 қазан) Ақтөбе қаласындағы «СҚ-Фармация» филиалының қоймасына Алматы мен Шымкент қаласынан дәрі-дәрмек жеткізілді. Санмен айтқанда, 186,4 млн теңгені құрайтын 53 атаулы дәрі-дәрмек. Одан әрі дәрі-дәрмектер Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының медициналық ұйымдарына жеткізіледі. Яғни Ақтөбе хабындағы дәрі-дәрмектер қоймада тұрмайды, қажетті өңірлерге бірден жөнелтіледі. Ақтөбеге дәрі-дәрмекті жеткізу апта сайын жүзеге асырылуда. Жалпы, өңірлерге дәрі-дәрмек қоры Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент секілді ірі қалалардан жеткізіледі«, - деді «СҚ-Фармация» ЖШС-ның баспасөз хатшысы Айсұлу Мұстафаева тілшілерге берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысындағы «СҚ-Фармация» қоймасында бірқатар бұзушылықты анықтағанын хабарлаған болатынбыз.

Атап айтқанда, тексеру кезінде «СҚ-Фармация» вирусқа қарсы«Авифавир» препаратының сатып алынуына қатысты нақты мәлімет бере алмады. Онымен қоса, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің филиал өкілі Нұрлан Жұбанышев көптеген дәрі-дәрмек ауруханаларға жеткізіліп қойғанын айтқанымен, соңғы партиялар қайда және қандай мөлшерде жеткізілгені туралы сұраққа жауап беруден қиналған.

Осыдан кейін батыстың 4 өңірі – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарына қажетті екі айлық дәрі қорының жасақталғанынан қатысты күмән туындаған.

Бұдан бөлек, мониторингілік топ барған Ақтөбедегі 4 медициналық ұйымның қоймаларында тиісті дәрі-дәрмектердің барлық түрі болмай шыққан.




Соңғы жаңалықтар