4 мыңнан астам өзбек азаматы аптап ыстық салдарынан ауруханаға жатқызылды

Фото: None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Үш күн ішінде Өзбекстанда аптап ыстық салдарынан 4 мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі елдің Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, 17-20 шілде аралығында ыстық ауа райына байланысты республикалық жедел медициналық жәрдем қызметіне 130 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

«Дәрігерлер көмегіне жоғары қан қысымымен, тыныс алу жеткіліксіздігінен, демікпе ұстамалары және басқа да созылмалы аурулары бар 23 421 адам жүгінген. Оның ішінде 4215 адам ауруханаға жатқызылды», - деп мәлімдеді Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы диспетчерлік қызметінің басшысы Давлатбек Юлдашев.

Ведомствода атап өткендей, ауа райының ыстық болуына байланысты 10 емхана, 923 отбасылық дәрігер пунктінде патронаждық қызметтер күшейтіліп, созылмалы аурулары бар науқастарға қажетті медициналық көмек уақытылы көрсетілуде. Сондай-ақ, бүкіл ел бойынша 2 762 жедел жәрдем бригадасы алдағы уақытта тұрғындардан түсетін қоңырауларға әрдайым дайын.

Бұған дейін хабарланғандай, 17-22 шілдеде Өзбекстан аумағында ауа температурасы 47 градусқа дейін көтеріледі деп болжанған еді.


Соңғы жаңалықтар